Рубрика: Спорт

  • 16 жастағы қазақстандық спортшы 13 дүркін әлем чемпионын жеңді

    16 жастағы қазақстандық спортшы 13 дүркін әлем чемпионын жеңді

    Шардаралық 16 жастағы Улболсын Елмурат ересектер арасындағы армрестлингтен әлем чемпионы атанды. Болгарияда өткен жарыстың финалында ол 13 дүркін әлем чемпионы, словак спортшысы Люсия Дебранованы сенімді түрде ұтты, деп хабарлайды Sona.kz @shardara.armsport-қа сілтеме жасап.

    Кездесу басталған сәтте-ақ қарсыласының қолын үстелге басып, жеңісті уысынан шығармады. Ал алтын медальді алып, Қазақстан гимнін тыңдаған сәтте жас спортшы көзіне жас алды.

    Бұл жеңіс – Қазақстан құрамасының тарихи жетістігінің бір бөлігі. Алғаш рет бір әулеттің үш ұлы — 14 жастағы Бекнур, 15 жастағы Азамат және 18 жастағы Әділет Ибрагимдер бір әлем чемпионатында топ жарды. Сондай-ақ 16 жастағы Нұрсұлтан Алдан әлем чемпионы атанды.

    Турнирдің тағы бір сенсациясын 18 жастағы Ырысты Оразхан жасады. Ол финалда Швециядан келген 11 дүркін әлем чемпионы Фия Рейсекті жеңіп, қазақстандық спорт тарихында алтын әріппен жазылатын жетістікке қол жеткізді.

  • УЕФА 18 жастағы қазақстандық қақпашыны үздік сейвтер қатарына қосты

    УЕФА 18 жастағы қазақстандық қақпашыны үздік сейвтер қатарына қосты

    Еуропа футбол қауымдастықтарының одағы (УЕФА) алматылық “Қайраттың” 18 жастағы қақпашысы Шерхан Қалмұрзаны Чемпиондар лигасының ойын күніндегі үздік сейвтердің қатарына енгізді, деп хабарлайды Sona.kz Tengri Sport-қа сілтеме жасап.

    УЕФА баспасөз қызметі жанкүйерлерге арналған сауалнама жариялап, ұсынылған сейвтердің ішінен үздігін таңдауды сұрады. Сол тізімге қазақстандық футболшының сәтті ойыны да енді.

    Қалмұрза “Спортингке” қарсы ойынның 5-минутында қауіпті сәттен қақпаны құтқарып, командасына үлкен қолдау көрсетті. Бұл тарихи матчтағы маңызды эпизодтардың бірі болды.

  • Сумо аңызы Хакухо Сё Астанаға келеді

    Сумо аңызы Хакухо Сё Астанаға келеді

    23 қыркүйек күні Астанаға сумо аңызы Хакухо Сё келеді. Ол қазақстандық спортшылармен кездесіп, шеберлік сабағын өткізеді, деп хабарлайды Sona.kz ZTB-ға сілтеме жасап.

    Іс-шара сағат 13:00-де Radisson Astana қонақүйінде («Сарыарқа» залы, 3-қабат) өтеді. Кіру тегін.

    Шын аты — Мунхбатын Давааджаргал. Ол Моңғолияда дүниеге келген. Әкесі — 1968 жылғы Олимпиада ойындарының еркін күрестен күміс жүлдегері. Хакухо спорттық мансабында рекордтық 45 Император кубогын иеленіп, тарихтағы ең ұлы сумо балуаны атанды.

  • «18 жастағы Шерхан Қалмұрза Анарбеков пен Заруцкийдің орнын басуы мүмкін»

    «18 жастағы Шерхан Қалмұрза Анарбеков пен Заруцкийдің орнын басуы мүмкін»

    Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі «Спортингке» қарсы матч қарсаңында екі негізгі қақпашысынан айырылды, деп хабарлайды Sona.kz клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Клуб мәліметінше, негізгі қақпашы Темірлан Анарбеков «Ақтөбеге» қарсы ойында төменгі жақ сүйегін сындырып, белгісіз мерзімге алаңға шыға алмайды. Сондай-ақ Дмитрий Заруцкий де жарақат алған. Осылайша команда тәжірибелі қақпашыларсыз қалды.

    23-турдағы ойында 18 жастағы Шерхан Қалмұрза алаңға шығып, негізгі құрамдағы алғашқы ойынын өткізді. Клубтың ақпараты бойынша, дәл осы Қалмұрза алдағы Чемпиондар лигасындағы кездесуде қақпаны қорғайды.

    Қалмұрза бұған дейін «Селтикке» қарсы матчта жанкүйерлер назарын аударған болатын. Ол кезде екі қақпашы жарақат алып, оның алаңға шығу мүмкіндігі туындаған. Қалмұрзаның камераға түскен әсерлі реакциясы әлеуметтік желіде кең тараған еді.

    «Қайрат» пен «Спортинг» арасындағы матч 17 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Басталуы — астана уақытымен 21:45.

  • Қазақ боксшылары Ливерпульде өткен әлем чемпионатында тарихи жеңіске жетті

    Қазақ боксшылары Ливерпульде өткен әлем чемпионатында тарихи жеңіске жетті

    Қазақстан құрамасы алғаш рет жаңа халықаралық федерация World Boxing аясында Ливерпульде өткен әлем чемпионатында командалық есепте бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды Sona.kz.

    Ұлттық құраманың еншісінде барлығы 10 медаль бар: оның ішінде 7 алтын, 1 күміс және 2 қола. Жақын бәсекелестер қатарында Өзбекстан мен Үндістан құрамалары болды.

    Әлем чемпиондары қатарында — Санжар Тәшкенбай, Махмұд және Торехан Сабырхандар, Айбек Оралбай, Алуа Балкибекова, Аида Әбикеева және Наталья Богданова. Күмісті Назым Қызайбай жеңіп алды, ал қола жүлде Виктория Графеева мен Ельдана Тәліповаға бұйырды.

    Бұл тарихи жеңістің маңызы зор: Ливерпульдегі чемпионат — Халықаралық олимпиадалық комитеттің World Boxing ұйымын ресми мойындағаннан кейін өткен алғашқы дүбірлі дода. Бұл шешімнің арқасында бокс Олимпиада ойындары бағдарламасында сақталды.

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрамаға жеңісімен құттықтау жолдап, бұл жетістік Қазақстанның әлемдік спорттағы беделін нығайтатынын атап өтті.

  • Уэльс құрамасының жаттықтырушысы “Астана Арена” алаңын сынға алды

    Уэльс құрамасының жаттықтырушысы “Астана Арена” алаңын сынға алды

    Футболдан Уэльс құрамасының бас бапкері Крейг Беллами “Астана Арена” стадионының жасанды төсенішін сынға алды, деп хабарлайды Sona.kz Tengri Sport-қа сілтеме жасап.

    4 қыркүйекте Астанада футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан – Уэльс матчы өтеді.

    Матч қарсаңында валлийлік маман жасанды алаңға қатысты пікірін білдірді.

    “Әдетте біз мұндай төсеніштерде ойнамаймыз, өзім де ондай алаңдардың жанкүйері емеспін. Шынымды айтсам, мұндай алаңдардың қажеттілігін мүлде көріп тұрған жоқпын. Төменгі лигаларда, қаржысы жеткіліксіз командаларға жарайды, түсінемін. Бірақ жоғары деңгейде, біздің елдеріміздегідей, алаң табиғи шөппен жабылуы керек деп санаймын. Әрине, Бельгияда да бірлі-жарым жасанды алаң бар, бірақ ол басқа жағдай. Қазақстан құрамасы үшін бұл артықшылық бола ма, білмеймін. Дегенмен бастысы – ойыннан кейін аяққа түсетін салмақ”, – деді Беллами.

  • «Қайраттың» тарихи жеңісі: Қазақстан клубы алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты

    «Қайраттың» тарихи жеңісі: Қазақстан клубы алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты

    Алматылық «Қайрат» Қазақстан футболының тарихына жаңа белес қосты. Команда тұңғыш рет УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Бұл – ел футболындағы айтулы оқиға, себебі осы уақытқа дейін мұндай жетістікке тек 2015/16 жылғы маусымда «Астана» ғана қол жеткізген еді.

    Матч плей-офф кезеңінде Шотландияның атақты «Селтигіне» қарсы өтті. Қарсылас тәжірибесі мол, бірнеше рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған клуб болғанына қарамастан, «Қайрат» жанкүйерлерін тарихи нәтижемен қуантты. Негізгі және қосымша уақыт тең аяқталды, ал шешуші сәт бәрін пенальти сериясында айқындады.

    Кездесудің басты кейіпкері – Қазақстан құрамасының қақпашысы Темірлан Анарбеков. Ол «Селтиктің» алғашқы екі пенальтисін сәтті қайтарып, командаға сенімділік сыйлады. Алматылықтардың жартылай қорғаушысы Валерий Громыко өз мүмкіндігін жіберіп алғанымен, одан кейін үш қорғаушы қатарынан дәл соққы жасады: беларусь Александр Мартынович, израильдік Офри Арад және ресейлік Егор Сорокин.

    Шешуші сәтте тағы да Анарбеков өз шеберлігін көрсетті – қарсыластың үшінші соққысын да қайтарып, «Қайратқа» тарихи жеңіс сыйлады. Нәтижесінде пенальти сериясы 3:2 есебімен аяқталды.

    Бұл жетістік – тек клуб үшін ғана емес, жалпы қазақстандық футбол үшін де маңызды қадам. «Қайрат» бұған дейін Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңдерінде бірнеше рет бақ сынағанымен, топтық кезеңге жете алмаған еді. Тек 2021/22 маусымында Конференциялар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетіп, бірақ жеңіссіз аяқтаған.

    Енді алматылық клуб Еуропаның мықтыларымен бір топта сынға түседі. Бұл Қазақстан футболының деңгейін көрсетуге, сонымен қатар жаңа тәжірибе жинауға үлкен мүмкіндік.

  • Зайнутдинов Ресейге оралды: Қазақстан құрамасының жұлдызы Мәскеудің “Динамо” клубына өтті

    Зайнутдинов Ресейге оралды: Қазақстан құрамасының жұлдызы Мәскеудің “Динамо” клубына өтті

    Бахтиер Зайнутдинов Мәскеудің “Динамо” клубымен 2029 жылға дейін келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды Sona.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

    27 жастағы жартылай қорғаушы түріктің “Бешикташ” клубынан ауысты. Енді ол жаңа командасында 19-нөмірмен өнер көрсетеді.

    Transfermarkt дерегінше, трансфер сомасы шамамен 2,8 миллион еуроны құрайды, ал футболшының нарықтық құны 3 миллион еуро.

    Зайнутдинов бұған дейін Ресей премьер-лигасында “Ростов” және ЦСКА клубтарында ойнаған. Мәскеуге оралу арқылы ол бұрынғы бапкері Валерий Карпинмен қайта табысты.

    Ол Қазақстан құрамасы сапында 15 гол соғып, ұлттық құраманың тарихтағы ең үздік сұрмергені атанып отыр.

  • Жылдам, серпінді, дәл нәтижелер: Қонаевта 3×3 баскетболдан VI Жастар ойындары аяқталды

    Жылдам, серпінді, дәл нәтижелер: Қонаевта 3×3 баскетболдан VI Жастар ойындары аяқталды

    Қонаев қаласында 3×3 баскетболдан Қазақстан Республикасының VI Жастар спорт ойындарының жеңімпаздары анықталды. 2007 жылы туған және одан кіші ұлдар мен қыздардан құралған 20-дан астам команда Астана мен Алматы қалаларынан, сондай-ақ 12 өңірден қатысты.

    Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердиханов жарыстың ашылуында бұл ойындардың жастар үшін маңызы зор екенін атап өтті:

    «Мемлекет басшысы спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Соның арқасында отандық спорт жылдан жылға нығайып, спортшыларымыз халықаралық деңгейде ел абыройын көтеруде. Жастар ойындары сияқты кешенді шаралар – жастардың өз әлеуетін танытуына, салауатты өмір салтына бейімделуіне үлкен серпін. Бұл додада тек шеберлігі мен жігері мықты спортшылар жеңіске жетеді», – деді әкім.

    VI Жастар ойындары «2023–2029 жылдарға арналған дене шынықтыру мен спортты дамыту тұжырымдамасы» аясында төрт жылда бір рет өткізіледі. Биыл 80 жылдық Жеңіс мерейтойына орай ұйымдастырылған республикалық додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 2000-нан аса жас спортшы қатысады. 24 ақпан мен 1 қазан аралығында өтетін ойындар 34 спорт түрін қамтиды және ұлттық құраманы жасақтауға, 2025 жылғы Бахрейнде өтетін Жазғы Азия жастар ойындарына дайындыққа негіз болады.

    Ал 3×3 баскетбол бәсекесінің Қонаевта өтуі кездейсоқ емес. Өйткені, бұл аймақта классикалық баскетболдан жеңісті дәстүр қалыптасқан. Алматылықтар 2005–2010 жылдары «Трансстроймост» командасының жетістіктерімен көзге түссе, 2011 жылы құрылған «Капшагай» кәсіби клубы ел біріншілігінде чемпион атанып, Қазақстан Кубогының финалисі әрі Азия клубтар біріншілігінің жүлдегері болған.

    Федерация кеңесшісі Елена Мартынованың айтуынша, 3×3 баскетбол алғаш рет Жастар ойындарына қосылып отыр. Бұл — жастарға өзін танытатын үлкен мүмкіндік.

    Ал Қазақстан құрамасының бас бапкері Иван Гайна стритбол деп те аталатын 3×3 баскетболдың Олимпиада бағдарламасына енгенін атап өтті:

    «Бұл – енді толыққанды олимпиадалық спорт. Ойын уақыты – 10 минут, 3 ойыншыдан тұрады. 2012 жылдан бері елімізде стритбол лигасы бар. Алдағы жылдары Азия және Олимпиада ойындарында осы жастардың бір бөлігі ел намысын қорғайтынына сенемін», – деді ол.

    Үш күнге созылған турнир барысында Қонаевтың орталық жағажайындағы алаңда тартысты ойындар өтті. Қыздар арасында Түркістан облысы жеңіске жетіп, финалда Астана құрамасын ұтты. Үшінші орынды Атырау облысы иеленді.

    Ұлдар арасында елордалық команда чемпион атанды. Екінші орын – Алматы облысы, ал үздік үштікті Қызылорда облысы түйіндеді.

  • «Ақтөбе» футбол клубының басшылары 250 млн теңге жымқырды

    «Ақтөбе» футбол клубының басшылары 250 млн теңге жымқырды

    Ақтөбе облыстық прокуратурасы Бас прокуратураның тапсырмасымен «Ақтөбе» футбол клубының қызметін тексеріп, бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады.

    Тексеріс нәтижесінде клуб басшылығы ойыншылардың тамағы мен ұшуына бөлінген 250 млн теңгені мақсатсыз жұмсағаны белгілі болды.

    Анықталғандай, спортшылардың тамақтануына арналған қаражат клуб қызметкерлерінің жеке қажеттіліктеріне кеткен. Сонымен қатар, ұшақ билеттеріне бөлінген қаржы да тиісті мақсатта пайдаланылмаған.

    – Тексеру қорытындысында ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы (аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті жымқыру), 361-бабының 4-бөлігінің 1) тармағы (лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану) және 190-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы (алаяқтық) бойынша үш бірдей сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды, – деп хабарлады прокуратура өкілдері.

    Аталған істер тергеу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданды. Тергеу барысы облыс прокуратурасының ерекше бақылауында болады.