Рубрика: Зерттеу

  • OrdaMed компаниясының басшысына іздеу жарияланды

    OrdaMed компаниясының басшысына іздеу жарияланды

    Бұған дейін КНБ тексерісі кезінде көптеген заңбұзушылықтар мен ірі көлемдегі залал анықталған, деп хабарлайды Sona.kz.

    OrdaMed компаниясының басшысы іздеуге жарияланды. Бұл бастама Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапынан көтерілді.

    Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті компания қызметіне тексеру жүргізген. Ведомство мәліметінше, тексеру барысында бірқатар заңбұзушылықтар анықталып, көп миллиондық залал келтірілген.

    Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қосымша ақпарат ресми дереккөздерден күтіледі.

  • Жетісу облысында аудан әкімінің орынбасары 189 млн теңге жымқырғаны үшін 5 жылға сотталды

    Жетісу облысында аудан әкімінің орынбасары 189 млн теңге жымқырғаны үшін 5 жылға сотталды

    Жетісу облысында Алаколь ауданы әкімінің орынбасары лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдаланды деп сотталды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Тергеу және сот анықтағандай, Арқарлы ауылында электр желілерін салу және қайта жаңарту кезінде шенеунік орындалмаған жұмыстар бойынша актілерге қол қойған. Нәтижесінде бюджеттен мердігерлерге заңсыз түрде 189 миллион теңгеден астам қаржы аударылған.

    Құқық қорғау органдары сотта оның кінәсін ҚР ҚК 361-бабы, 4-бөлімі, 3-тармағы — «Лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдалану, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған» деп толық дәлелдеді.

    Сот орынбасарға мүлікті тәркілеусіз 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ оған мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдарда және жартылай мемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет етуге өмір бойына тыйым салынды.

    Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

  • Тараздағы қамқоршы Зульфия Туленова уақытша ұстау изоляторына қамалды

    Тараздағы қамқоршы Зульфия Туленова уақытша ұстау изоляторына қамалды

    Жамбыл облысының полиция департаменті Тараз қаласындағы балалар мен мүгедек әйелдерді қамқорлығына алған Зульфия Туленоваға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Sona.kz Криминальный Казахстан-ға сілтеме жасап.

    «Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабының 2-бөлігі (азаптау) және 140-бабының 3-бөлігі (екі және одан да көп тұлғаларға қатысты тәрбиелеу міндеттерін орындамау) бойынша досудебтік тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», — делінген полицияның жауап хатында.

    Полиция мәліметінше, балалар медициналық тексерістен өткізілген соң арнайы балалар мекемесіне орналастырылған. Екі ересек тәлімгерлікке алынған азамат арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жіберілген.

    «Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты, толық және объективті зерттеліп жатыр. Нәтижесінде заң талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады», — деді құқық қорғау органдары.

    Әлеуметтік желілерде жарияланған видеоларда, авторлардың мәлімдеуінше, Туленова балаларға қатысты физикалық күш қолданғаны көрсетілген.

    Қылмыстық баптар бойынша Туленоваға 4-тен 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

  • Маңғыстау облысында 13 жастағы қызға қатысты зорлық туралы арыз күдіктінің қаза болуынан кейін түскен

    Маңғыстау облысында 13 жастағы қызға қатысты зорлық туралы арыз күдіктінің қаза болуынан кейін түскен

    Маңғыстау облысында 13 жастағы қыз балаға қатысты зорлық-зомбылық дерегі бойынша қылмыстық іс күдікті тұлғаның қаза болуынан кейін тіркелді, деп хабарлайды Sona.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

    Полицияның мәліметінше, 2026 жылғы 20 қаңтарда Шетпе ауылында 42 жастағы, жұмыссыз ер адам қайтыс болған күйінде табылған. Оның өліміне байланысты мән-жайлар тексеру барысында анықталған.

    24 қаңтар күні «102» нөміріне 13 жастағы қызға қатысты зорлық туралы хабарлама келіп түскен. Тексеру нәтижесінде арызда аталған тұлға баланың өгей әкесі екені, ал оның сол уақытқа дейін қайтыс болғаны белгілі болды.

    Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция өкілдері баланың құқықтары мемлекет қорғауында екенін атап өтті.

    Тергеу мүддесі мен кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өзге мәліметтер жария етілмейді.

  • Астанада ер адам әйелді қорлағаны үшін әкімшілік қамауға алынды

    Астанада ер адам әйелді қорлағаны үшін әкімшілік қамауға алынды

    Астанада қоғамдық орында әйелге тіл тигізіп, агрессивті мінез-құлық көрсеткен ер адам әкімшілік қамауға алынды. Оқиға 2025 жылғы 30 желтоқсанда болған.

    Соттың мәліметінше, ер адам қоғамдық жерде айқайлап, балағат сөздер айтып, қызды қорлаған және өзін агрессивті ұстаған. Жәбірленуші бұл жағдайдың алғаш рет болмағанын, ер адамның оған үнемі психологиялық қысым көрсетіп, қорқытқанын айтқан.

    Айыпталушы өз кінәсін мойындамаған. Ол жәбірленушінің кейбір түсініктемелерімен ішінара келіскенімен, дәлелдердің жоқ екенін айтып, қарсы арыз беретінін мәлімдеген. Сондай-ақ істі құқық бұзушылық құрамы жоқ деп тоқтатуды сұраған.

    Сот ер адамды ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады. Шешім шығару кезінде құқық бұзушылықтың әйелге қатысты жасалғаны және жеңілдететін мән-жайлардың болмағаны ескерілді.

    Сонымен қатар сот ер адамға жәбірленушімен бір жыл бойы байланысуға тыйым салды. Іс материалдары полицияға жолданып, оның әрекеттерінде сталкинг белгілерінің бар-жоғы қосымша тексерілетін болады.

  • Батыс Қазақстан облысында жеке тұрғын үйде шыққан өрттен үш адам қаза тапты

    Батыс Қазақстан облысында жеке тұрғын үйде шыққан өрттен үш адам қаза тапты

    Батыс Қазақстан облысында жеке тұрғын үйде өрт шығып, салдарынан үш адам қаза тапты. Куәгерлердің айтуынша, өрт кенеттен басталып, қысқа уақыт ішінде бүкіл үйді шарпыған, деп хабарлайды Sona.kz NewTimeskz-ке сілтеме жасап.

    Көршілер өртті байқаған бойда құтқару қызметіне хабар беріп, өрт сөндірушілер келгенге дейін жалынды өз беттерінше, соның ішінде қармен сөндіруге тырысқан. Алайда өртті тоқтату мүмкін болмаған.

    Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері келіп, сөндіру жұмыстарына 14 құтқарушы жұмылдырылды. Өрт оқшауланғаннан кейін үй ішінен үш адамның мәйіті табылды.

    БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт 90 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып жатыр, тиісті тексеру жүргізілуде.

  • Атырауда Telegram арқылы есірткі сатқан топ әшкереленді

    Атырауда Telegram арқылы есірткі сатқан топ әшкереленді

    Атырау қаласында әлеуметтік желілер арқылы есірткі заттарын таратумен айналысқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Полицияның мәліметінше, тыйым салынған заттар Telegram мессенджеріндегі интернет-дүкен арқылы сатылған. деп хабарлайды Sona.kz police.atyrau-ға сілтеме жасап.

    Жедел іс-шаралар барысында прокуратураның қолдауымен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 1994 жылы туған күдікті ұйымдастырушыны және оның бес сыбайласын ұстады.

    Барлық күдіктілер қамауға алынды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

  • Таразда қол-аяғы байланған әйелге қатысты тексеру басталды

    Таразда қол-аяғы байланған әйелге қатысты тексеру басталды

    Әлеуметтік желіде жарияланған резонансты фотодан кейін екі апалы-сіңлілі әйел мемлекет қамқорлығына алынды, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.

    Әлеуметтік желілерде қол-аяғы скотчпен байланған әйелдің фотосы тарады. Желі қолданушылары суреттегі адамның 30 жастағы Құндыз Сұлтанбек екенін анықтаған. Ол  мемлекет қамқорлығындағы азаматша.

    Құндыз Сұлтанбек пен оның әпкесі, 35 жастағы Назгүл Әбілдаева, Тараз қаласының тұрғыны Зульфия Төленованың қамқорлығында болған. Апалы-сіңлілердің тағдыры 2023 жылы қоғам назарын аударған. Сол кезде олардың туған ағасы әйелдерді күштеп ұстап, мал бағуға мәжбүрлегені туралы ақпарат тараған болатын.

    Аталған жағдайдан кейін Зульфия Төленова апалы-сіңлілерді өз қамқорлығына алуға ниет білдірген. Мәліметтерге сәйкес, оның үйінде мүмкіндігі шектеулі балалар мен жетімдерге арналған отбасылық үлгідегі интернат болған.

    Құндыз бен Назгүлдің өздігінен өмір сүру мүмкіндігі шектеулі, екеуінде де даму тежелуі бар. Осы себепті әлеуметтік желідегі фото қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды.

    Қамқоршының түсіндірмесі

    Зульфия Төленова Құндызды кім байлағанын білмейтінін айтып, бұл әрекетті үйде жұмыс істейтін күтуші жасауы мүмкін екенін жеткізді. Оның айтуынша, Құндыз ашулы күйде болып, әпкесіне қол көтерген.

    Сондай-ақ ол тиісті органдарға арыз жазып, қамқорлықтағы азаматтарды мемлекетке тапсыруға дайын екенін мәлімдеді.

    Тергеу және тексеру

    Қазіргі таңда Зульфия Төленоваға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Шамамен бір ай бұрын оның отбасынан 2009 және 2011 жылы туған екі кәмелетке толмаған бала алынған.

    Тараз қаласы әкімдігінің мәліметінше, балалардың бірі мұғалімдерге қамқоршы тарапынан зорлық көрсетілгенін айтқан. Қамқоршы бұл фактіні мойындаған. Қазір балалар кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында, тергеу жалғасуда.

    Апалы-сіңлілердің қазіргі жағдайы

    Құндыз Сұлтанбек пен Назгүл Әбілдаева да қамқоршыдан алынды. Олар Түркістан облысының тұрғындары болғандықтан, Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту бөлімі олардың әрі қарайғы тұратын жерін анықтау үшін тиісті жұмыстар атқарады.

    Барлық рәсімдер аяқталғанға дейін апалы-сіңлілер Жамбыл облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығында болады.

  • Астанада Бабақұмаровты өлтіру дерегі бойынша алдын ала тыңдау басталады

    Астанада Бабақұмаровты өлтіру дерегі бойынша алдын ала тыңдау басталады

    Астананың қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында дүйсенбі күні Ержан Бабақұмаровты өлтіру дерегі бойынша алдын ала тыңдау өтеді. Бұл туралы Sona.kz Syrmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды .

    Іс ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі «Өлімге әкеп соққан қасақана кісі өлтіру» бойынша тергелуде. Тыңдау сағат 15:00-де басталады. Істі бұрынғы министр Бишімбаевқа қатысты үкім шығарған судья Айжан Құлбаева қарайды.

    Еске салсақ, Бабақұмаров 2025 жылғы 30 қазанның түнінде танысымен жанжал кезінде қаза тапқан. Қақтығыстың нақты мән-жайы мен тергеу барысы мүдделеріне байланысты жарияланбайды.

    Алдын ала тыңдау барысында тараптар істің материалдарымен танысып, өтініштерін білдіріп, әрі қарайғы процессті ұйымдастыру тәртібі анықталады. Келесі отырыс күні сот тарапынан белгіленеді.

  • ҚР ҰҚК OrdaMed компаниясына тексеріс жүргізді: жалған құжаттар жасап , мемлекетке зиян келтірді

    ҚР ҰҚК OrdaMed компаниясына тексеріс жүргізді: жалған құжаттар жасап , мемлекетке зиян келтірді

    Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері OrdaMed компаниясына қатысты шаралар өткізді. Ведомствоның хабарлауынша, компания басшылығы Қазақстанда өз өндірісі бар деген жалған құжаттарды жасаған. Бұл мемлекеттік ауруханаларға медициналық жабдықты жеңілдікпен жеткізуге мүмкіндік берген, деп хабарлайды Sona.kz knbgovkz-ке сілтеме жасап.

    Жедел мәліметтерге сәйкес, 28 атаулы медициналық техника жеңілдікпен жеткізілген. Алайда нақты дайын жабдық шетелден әкелінген, ал ел ішінде өндірілмеген.

    Алдын ала есеп бойынша мемлекетке 4,5 млрд теңге көлемінде зиян келтірілген. Ведомство бұл әрекеттердің мемлекеттік сатып алу ережесін бұзып, заңсыз преференциялар алғанын атап өтті.

    OrdaMed басшылығынан инвестициялық монеталар 1 млрд теңгеден астам көлемде тәркіленді. Сонымен қатар компанияның бірнеше ұйымдағы үлестері қамауға алынды.

    OrdaMed-тың техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынды. Тексеру жалғасуда, іс бойынша мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.