Рубрика: Зерттеу

  • ІІМ тексерісінен кейін Атырауда бірқатар полиция басшылары шеттетілді

    ІІМ тексерісінен кейін Атырауда бірқатар полиция басшылары шеттетілді

    Ведомство мәліметінше, тексеру барысында қызметтік тәртіптің өрескел бұзылуы, сондай-ақ бақылаудың әлсіздігі мен жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктер анықталған, деп хабарлайды Sona.kz ZTB.NEWS-ке сілтеме жасап.

    Ішкі істер министрінің бұйрығымен Атырау қалалық полиция басқармасының бастығы уақытша қызметінен шеттетілді. Сонымен қатар облыстық департаменттің өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен есірткі құқық бұзушылықтарына қарсы іс-қимыл басқармасының жетекшілеріне қатысты да осындай шара қолданылды.

    ІІМ бұл шешім тексеру шаралары толық аяқталғанға дейін және аталған бөлімшелердің қызметіне баға берілгенге дейін қабылданғанын нақтылады.

    Бұған дейін жергілікті БАҚ-та Астанадан басталған ауқымды тексеру туралы ақпарат тараған болатын. Оның себебі ретінде өңірлік полиция жұмысының ұйымдастырылуына қатысты мәселелер аталған.

    Министрлікте мұндай қызметтік тексерулер барлық аумақтық бөлімшелерде тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті.

    Тексеру қорытындысы бойынша қосымша тәртіптік шаралар қолдану мәселесі әзірге нақтыланбады.

  • Шымкентте заңсыз көші-қон арнасы жойылды

    Шымкентте заңсыз көші-қон арнасы жойылды

    ҚР Ішкі істер министрлігі шетелдік азаматтардың ел аумағына заңсыз кіруін және оларды заңдастыруды ұйымдастырумен айналысқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты. Арнайы операция барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері Шымкент қаласында 28 тінту жұмыстарын жүргізді.

    Жедел іс-шаралар нәтижесінде ондаған шетелдік паспорттар, компьютерлік техника, байланыс құралдары, жалған еңбек шарттары мен бланкілер тәркіленді. Сондай-ақ ірі көлемдегі ақшалай қаражат пен тіркелмеген атыс қаруы табылды. Топ ұйымдастырушысы уақытша ұстау изоляторына қамалды, қалған 13 күдікті тергеу амалдарын жүргізу үшін полиция басқармасына жеткізілді. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 394-бабы («Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

  • Алматыда «Boxy Wealth» қаржы пирамидасын басқару дерегі бойынша тергеу аяқталды

    Алматыда «Boxy Wealth» қаржы пирамидасын басқару дерегі бойынша тергеу аяқталды

    Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті «Boxy Wealth» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырушыға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Тергеу барысында жобаның арнайы интернет-ресурс және мессенджерлер арқылы жұмыс істегені анықталды. Азаматтарға жарнамалық материалдарды көргені үшін күніне 5%-дан 10%-ға дейін табыс уәде етілген.

    Пирамида қызметі аясында жаңа қатысушыларды тартқаны үшін бонустар беретін рефералды жүйе қолданылған. Қаражат жеке тұлғалардың (дроперлердің) шоттары арқылы қабылданып, кейіннен P2P-операциялары арқылы криптовалютаға айналдырылып отырған. Қызметке заңды сипат беру үшін кеңсе ашылып, жарнама науқаны жүргізілген. Құқыққа қайшы әрекеттердің нәтижесінде 78 салымшыға 110 млн теңгеден астам шығын келтірілді. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды, оның мүлкіне (жер учаскесіне) сот шешімімен тыйым салынды. Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.

  • Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы қызметінен уақытша шеттетілді

    Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы қызметінен уақытша шеттетілді

    ҚР Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірхан қызметтік міндеттерін атқарудан уақытша шеттетілді. Бұл ақпаратты Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі ресми сауалға берген жауабында растады. Шешім лауазымды тұлғаға қатысты қызметтік тексеру жүргізу кезеңіне қабылданған.

    Данияр Мейірхан аталған комитетті 2025 жылдың қыркүйегінен бастап басқарып келді. Ведомство тексерудің себептері мен оның аяқталу мерзімі туралы мәлімет берген жоқ. Төраға қызметінен шеттетілген уақытта бөлімшені басқару функцияларын орын басудың белгіленген тәртібіне сәйкес тиісті лауазымды тұлғалар атқаратын болады.

  • ҚМА деректерді ұрлау үшін SMS-бластерлерді пайдаланған қылмыстық топтың жолын кесті

    ҚМА деректерді ұрлау үшін SMS-бластерлерді пайдаланған қылмыстық топтың жолын кесті

    ТМД аумағында алғаш рет байланыс станцияларының жұмысына имитация жасайтын «SMS-бластер» құрылғысын пайдалану схемасы жойылды. Бұл жабдық операторлардың қорғаныс сүзгілерін айналып өтіп, 300 метр радиуста сағатына 100 мыңға дейін хабарлама жіберуге мүмкіндік берген.

    Қылмыскерлер адамдар көп жиналатын жерлерде автокөлікпен жүріп, Beeline және Halyk Bank атынан хабарламалар таратқан. Пайдаланушыларға бонустарды айырбастау үшін сілтеме бойынша өту ұсынылып, кейін фишингтік ресурстарда жеке мәліметтер мен банк карталарының деректері сұралған. Қазіргі уақытта төрт күдікті ұсталып, қамауға алынды.

    ҚМА азаматтарды тек ресми ақпарат көздерін пайдалануға және тексерілмеген ресурстарда құпия мәліметтерді енгізбеуге шақырады.

  • Алматы полициясы қоғамдық тәртіпті бұзған шетелдік жасөспірімдерді елден шығару мәселесін қарастыруда

    Алматы полициясы қоғамдық тәртіпті бұзған шетелдік жасөспірімдерді елден шығару мәселесін қарастыруда

    Алматы қалалық Полиция департаменті қоғамдық орындарда агрессивті мінез-құлық көрсеткен кәмелетке толмағандар тобын анықтады. Тексеру барысында ұсталғандардың Тәжікстан Республикасының азаматтары екені белгілі болды. Қазіргі уақытта жасөспірімдер Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылып, олармен тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

    Оқиғаға байланысты жасөспірімдердің заңды өкілдері бала тәрбиесіндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ішкі істер органдары аталған тұлғаларды Қазақстан Республикасының аумағынан мәжбүрлі түрде шығару (выдворение) мәселесін қозғады. Материалдар Медеу аудандық Полиция басқармасының өндірісінде, барлық мән-жайлар анықталуда.

  • Гвардиялық гарнизонның рота командиріне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды

    Гвардиялық гарнизонның рота командиріне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды

    Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Гвардиялық гарнизонның әскери бөлімі рота командиріне қатысты қызметке салғырт қарау дерегі бойынша қылмыстық істі тергеудің аяқталғанын хабарлады. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, лауазымды тұлғаның жеке құрамның қызмет өткеруі мен қарумен жұмыс істеуін тиісінше бақыламауы ағымдағы жылдың қаңтар айында қатардағы жауынгер Е. Рүстемұлының қаза болуының бір себебі болған.

    Сонымен қатар, тергеу барысында командир тарапынан қаза тапқан сарбаздың қызметтестеріне қатысты билікті асыра пайдалану деректері анықталды. Қазіргі уақытта қажетті дәлелдемелер жинақталып, іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды. Бас әскери прокуратура 27 қаңтарда орын алған әскери қызметші өлімінің өзге де мән-жайларын анықтау бойынша тергеу амалдарын жалғастыруда. Тергеу барысы қадағалау органының ерекше бақылауында.

    Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге мәліметтері жария етуге жатпайды.

  • Астана полициясы Салық Зиманов көшесінде заңсыз жарыс ұйымдастырған жүргізушілерді жауапкершілікке тартты

    Астана полициясы Салық Зиманов көшесінде заңсыз жарыс ұйымдастырған жүргізушілерді жауапкершілікке тартты

    Құқық бұзушылардың арасында Skoda автокөлігін тізгіндеген 18 жастағы азамат, сондай-ақ Toyota Highlander маркалы көліктерін басқарған 33 жастағы ер адам мен кәмелетке толмаған жасөспірім болған.
    Аталған тұлғаларға қатысты апаттық жағдай туғызғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды.

    Кәмелетке толмаған жасөспірімнің заңды өкілі көлік құралын басқару құқығы жоқ тұлғаға бергені және бала тәрбиесіндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлық автокөліктер мамандандырылған коммуналдық тұраққа қойылды. Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері елордада апаттық жағдай туғызғаны үшін 1800-ге жуық, ал маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін 3 мыңға жуық жүргізуші жазаланған.

  • Ақтөбеде Harmony Rider Technology қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды

    Ақтөбеде Harmony Rider Technology қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды

    Тергеу амалдарын Ақтөбе облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті жүргізді.

    Тергеу барысында 2024 жылы бір топ тұлға шетелде электросамокаттарды жалға берумен айналысатын халықаралық компания кейпінде қаржы пирамидасының қызметін ұйымдастырғаны анықталды. Салымшылардың табысы тек жаңа қатысушылардың қаражатын тарту есебінен қалыптасқан. Салымдар көлемі 350-ден 20 000 АҚШ долларына дейін болған. Қызметке заңды сипат беру үшін Ақтөбеде кеңсе жұмыс істеп, үгіт-насихат жұмыстары әлеуметтік желілер мен офлайн-презентациялар арқылы жүргізілген.
    Қаржы пирамидасына жалпы сомасы 197 млн теңгеден астам қаражат құйған 115 салымшы тартылған. Алынған табыс криптоәмияндар арқылы шығарылып, кейіннен конвертацияланған.

    Осы қаражатқа ұйымдастырушылар үш автокөлік сатып алған, олар сот шешімімен мемлекет пайдасына тәркіленді.

    Ұйымдастырушылар 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сот үкімі заңды күшіне енді.

  • Ақтауда 146 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған бухгалтер 5 жылға бас бостандығынан айырылды

    Ақтауда 146 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған бухгалтер 5 жылға бас бостандығынан айырылды

    Ақтау қалалық соты Маңғыстау облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті тергеген аса ірі мөлшердегі алаяқтық туралы қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Тергеу барысында жергілікті бухгалтердің жүкті әйелдерді қолдауға арналған әлеуметтік төлемдерді заңсыз алудың қылмыстық схемасын ұйымдастырғаны анықталды.

    Қылмыстық жоспарды іске асыру үшін сотталушы әлеуметтік желілер арқылы жәрдемақы мөлшерін арттыру бойынша қызметтерін ұсынған. Ол туыстары мен таныстарының ЭЦП-сын пайдалана отырып, іс жүзінде шаруашылық қызметпен айналыспайтын жалған жеке кәсіпкерлерді (ЖК) тіркеген. Жалған еңбек шарттарын, жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтарды және есеп айырысу ведомостарын дайындау арқылы заңды табыс көрінісі жасалған. Осы мәліметтер негізінде мемлекет жоғары мөлшерде төлемдер тағайындаған, содан кейін зейнетақы және әлеуметтік аударымдар кері қайтарылып отырған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 146 млн теңгені құрады.

    Қылмыстық жолмен алынған табысқа сотталушы пәтер сатып алған, ол тергеу кезінде бұғатталды. Сот шешімімен әйел мүлкі тәркіленіп, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.