Ермек Көшербаев СІМ басшысы ретіндегі алғашқы шешімін атады

Қазақстанның жаңа сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев тағайындалғаннан кейін алғашқы қадамдары туралы айтып берді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Акорда дәлізінде журналистер министрден негізгі басымдықтары жайлы сұрады. Көшербаев Мемлекет басшысы айқындаған бағыттардың жалғастырылатынын атап өтті:

«Мен министрлік қалай жұмыс істеп келсе, солай жалғастырамын. Кадрларды өзгертудің жақтасы емеспін. Министрлік маған жақын, бәрін білемін – баспасөз хатшысы да, вице-министр де болдым. Көптеген әріптестер кәсіби тұрғыда өсті».

Министр алғашқы шешімі ретінде жұмыс кестесін қарау мен құжаттармен танысуды атады:

«Маған қалың-қалың папкалар әкелді, барлығын оқуым керек – алғашқы шешімім осы. Ұжыммен танысып, әр мәселе бойынша есеп беруді сұрадым».

Алдыңғы министр Мұрат Нұртілеудің жұмысына баға беруден бас тартты:

«Бағаны Президент береді. Ол кісі Президенттің көмекшісі қызметіне тағайындалды, демек, бағасы оң».

Көшербаев кадрлық ауыс-түйістерді табиғи процесс ретінде қабылдау қажеттігін де айтты:

«Бұл – қалыпты өзгерістер. Белгілі бір деңгейдегі міндеттер орындалады, содан кейін жаңа адамдар келеді».

? Еске сала кетейік, 26 қыркүйекте Президент Жарлығымен Ермек Көшербаев ҚР Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Бұған дейін ол Шығыс Қазақстан облысының әкімі, Қазақстанның Ресейдегі елшісі және СІМ вице-министрі қызметтерін атқарған. Ал Мұрат Нұртілеу халықаралық инвестициялық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі Президенттің көмекшісі қызметіне ауысты.