Алматы облысының Шелек ауылында полиция Қазақстан аумағында тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир» діни-экстремистік ұйымының қызметіне қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінген тұрғындарға қатысты іс-шаралар жүргізді.
Полиция мәліметінше, Еңбекшіқазақ ауданындағы іс-шаралар уәкілетті органдардың үйлестіруімен өткен. Құқық қорғау органдарының дерегіне сәйкес, ықтимал ұяшықтың қызметіне 25 жергілікті тұрғын тартылған.
Күдіктілердің тұрғылықты жерлерінде санкцияланған тінту, сондай-ақ жеке тінту жүргізілген.
Нәтижесінде 11 смартфон, 93 кітап, 16 брошюра, екі дәптер және діни сипаттағы жазбалары бар блокнот тәркіленді.
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында қажетті тергеу және процестік әрекеттер жүргізіліп жатыр. Мамандар тәркіленген әдебиеттер мен электронды материалдарды зерттеуде.
Сонымен қатар әр адамның тыйым салынған ұйымның қызметіне қаншалықты қатысы бар екені анықталып жатыр.
Кінәлілік туралы түпкілікті шешімді тек сот шығарады.




