Алматыда қар көшкіні жүрді. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы Құтқару қызметі хабарлады. Зардап шеккендер бар.
Бүгін Шымбұлақ тау-шаңғы курортының солтүстік Талғар ауданындағы қар көшкінінен 35 жастағы әйел қаза тапты.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, үш фрирайдер қар көшкіні жүреді деген ескертуге қарамастан, тауға шыққан.
«2025 жылдың 17 наурызында солтүстік Талғар ауданында, 3160 метр биіктікте көлемі 50 текше метрге жуық қар көшкіні жүрді. Алдын ала мәлімет бойынша, қар көшкіні қаупі туралы ескертуді елемеген фрирайдерлер көшкін астында қалған. Үйіндінің астынан 1990 жылы туған әйелдің мәйіті табылды», – деп хабарлайды ТЖМ.
Оқиға орнына құтқарушылар жіберілді. «Тұйық-Су» бақылау-құтқару бекетінен бес адамнан және бір техникадан тұратын топ жолға шықты. Сонымен қатар, апат орнына «Шымбұлақ» пен РОСО құтқарушылары да бара жатыр.
15:18-де тағы бір техника мен кинологиялық топ жіберілді. Құтқару жұмыстары жалғасуда, толық мәлімет кейінірек белгілі болады.
Таулы аймақтарда қар көшкіні қаупі жоғары. Кәсіби мамандардың сүйемелдеуі мен арнайы жабдықсыз тауға шығу өмірге қауіпті болуы мүмкін. Құтқарушылар туристер мен белсенді демалыс әуесқойларын қауіпсіздік шараларын сақтауға және қар көшкіні жағдайы туралы ақпаратты алдын ала тексеруге шақырды.