Алматылық жасөспірім бірнеше жылдан бері туыс ағасынан зорлық көріп келген.
Бұл туралы адвокат Айман Омарова айтты. Оның сөзінше, 14 жастағы бала 11 жасынан бері зорлық көрген. Баланың өз әкесі қайтыс болған. Кейіннен баланы әкесінің ағасы анасы үш баланы асырай алмайды деп тартып алған. Бала 11-ге толғанда ер адам оны зорлай бастаған. Адвокаттың сөзінше, бұл үш жылға созылған.
Жасөспірім әпкесімен бірге полицияға арыз жазған, алайда бастапқыда оның арызын ешкім қабылдамапты. Артынша ақыры тергеу басталған, бірақ заң бұзушылықтар болған: баладан психолог және адвокатсыз жауап алынып, тергеушілер мен туыстары жәбірленуші бала бұл оқиғаны ойынан шығарып алған деп қысым көрсеткен.
Алматының полиция департаменті бұл ақпаратты растап, 19 ақпанда баланың әпкесі арыз жазғанын айтты. Бұл дерек бойынша тергеу басталған, күдікті ер адам ұсталды. Қажет сараптамалар тағайындалған. Тергеу жүріп жатыр.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.