Астанада Telegram желісіндегі интернет-дүкен арқылы есірткі сатқан ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесіне сот үкімі шықты. Топты ұйымдастырушы 17 жылға, қалған төрт адам 16 жылдан бас бостандығынан айырылды.
Полиция мәліметінше, қылмыстық топ мүшелері есірткі жасыратын екі мыңға жуық орын дайындаған. Заңсыз айналым көлемі 90 миллион теңгеден асқан.
Тергеу барысында топ мүшелерінің міндеттері алдын ала бөлінгені анықталды.
Олардың бірі қылмыстық топты басқарса, екіншісі Telegram-дүкеннің жұмысын ұйымдастырып, оны жарнамалаумен айналысқан.
Тағы екі адам есірткіні мөлшерлеп қаптап, жасырын орындарға қалдырып отырған. Бесінші қатысушы есірткі сатып, жаңа курьерлерді тартқан.
Ұстау кезінде күдіктілерден 165 грамнан астам марихуана мен каннабис шайыры тәркіленді.
Сондай-ақ электронды таразылар, қаптама материалдары, банк карталары мен ақша табылған.
Сот шешімімен қылмыстық топтың ұйымдастырушысына 17 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қалған төрт қатысушы 16 жылдан сотталды.
Үкімнің заңды күшіне енгені туралы ақпарат берілген жоқ.




