Шерзат Полаттың өліміне байланысты өтіп жатқан сотта айыпталушы Дархан Әскентай жауап берді. Ол Шерзаттың қолында кастет болғанын, сол арқылы ауыр соққы алғанын мәлімдеді. Бұған дейін бұл жайлы айтпаған.
Әскентай бастапқы жауаптарына толық келіспейтінін айтып, тергеу кезінде қысым болғанын жеткізді. Оның айтуынша, оқиға болған түні дүкен алдында отырған кезде Шерзат келіп, “әкеме бірдеңе айттың ба?” деп көзінен кастетпен ұрған. Қаржаубай көзін салқын сумен жуып берген. Кейін Қаржаубай екі рет пышақпен шыққанын, ал Шерзаттың достары келген соң төбелес басталғанын айтты.
Әскентай Нұрғанаттың қолында мылтық болғанын, ататынын айтып қорқытқанын да жеткізді. Жарақат алғанына қарамастан, жедел жәрдем шақырылмағанын, ақша толық төленбеді деп жала жабылғанын айтты.
Сотта прокурор мен қорғаушы арасында дау туындады. Прокурор кастет туралы ақпарат тергеуде мүлде айтылмағанын алға тартса, қорғаушы тергеуде қысым болғанын айтты. Судья екеуіне де соңғы ескерту жасады.