Бұған дейін Бағанашылдағы №1 балалар үйінің айналасында дау туып, мекемені Қонаев қаласына көшіру туралы мәселе көтерілген.
Алайда, сол кезде тәрбиеленушілерді алаңдатқан жайт бұл ғана емес, өз қолдарымен егіп, баптаған ағаштардың бейберекет кесілуі еді. Олар арнайы бейнежолдау жасап, өздері отырғызған ағаштарға жанашырлық танытқанда бірден қала тұрғындарының назарына ілігіп, тиісті мекемеге арыз-шағым түсе бастады.
Sona.kz редакциясы балалар алаңдаушылық білдірген ағаштардың мәселесіне қатысты Алматы қаласының экология және қоршаған ортаны қорғау департаментіне хабарласып, ресми жауап алған едік. Департамент басшысы орынбасары М.Қожекеновтің мәлімдеуінше, азаматтар шағымынан кейін мән-жайды анықтау мақсатында арнайы тексеріс жүргізілген.
Бізге берілген жауапта:
«2025 жылғы 31 қаңтарда Алматы қаласы Экология және қоршаған ортаны қорғау департаментіне «Е-лицензия» дерекқорын пайдалана отырып, Алматы облысы білім басқармасының «Арнаулы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдаудың өңірлік орталығы» КММ-нен Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Алматы қаласы, Бостандық ауданы мекенжайы бойынша ағаштарды кесуге өтінім келіп түсті» делінген.
Бұдан кейін мекеме ұсынылған құжаттар (мемлекеттік акт, орман патологиясы, отырғызу шарты, кепілдік хат, отырғызу схемасы) «Ағаштарды кесуге рұқсат беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларының талаптарына сәйкес келген соң, 2025 жылғы 11 ақпанда берілген рұқсат бойынша өтемдік отырғызу шарты бойынша 50 ағаш кесуге рұқсат береді.
«Алайда, наурыз айының басында қала тұрғындарынан ағаштарды заңсыз кесуге қатысты әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы арыз-шағымдар келіп түскен. Осыған орай, 2025 жылдың 5 наурызында табиғатты қорғау полициясы және Алматы қаласының Бас ботаникалық бағының ғалымдарымен бірлесе отырып, учаскені аралап, визуалды тексеру жүргізілді.
Тексеру нәтижелері бойынша, көрсетілген аумақта емен ағаштары анықталмаған. Бірақ басқарма рұқсат бермеген 18 ағашты заңсыз кесу және 36 ағашты егеу фактілері тіркелді. Осы жұмыс нәтижесінде басқармаға рұқсат құжаттарынсыз ағаштарды кесу және тәж отырғызу жұмыстарын жүргізген ұйымнан кепілдік хат алынды. Ұйым мынаған міндеттеледі:
- Заңсыз кесілген 18 ағаштың орнына 900 көшет отырғызу;
- Егелген 36 ағашқа күтім жасау;
- Егер қурап қалған жағдайда өтемдік қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу.
Айта кетейік, Алматы облысының білім басқармасы 1 балалар үйінің ғимараты ескіргенін және оны күрделі жөндеуден өткізудің мүмкін еместігін, өйткені ол қомақты қаржы инвестициясын қажет ететінін мәлімдеген болатын. Алайда, тәрбиеленушілер көп мүмкіндіктен қағылатынын айтып, Қонаев қаласына қоныс аударуға қарсылығын білдірді. Кейінірек балалар омбудсмені Динара Зәкиева балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан тәрбиеленушілердің сол ғимаратта қалатынын хабарлады.
Айта кету керек, қаланың элиталық аймағында орналасқан балалар үйінің жеріне бәзбіреулердің көзі ірі коммерциялық құрылыстар басталған кезде, яғни 2000 жылдардың басында түсе бастады. Жасыл алқапты кесу, үйлерді бұзу, тағы басқа жайттардың орын алғаны сондықтан. Ал аумағы бойынша Алматы облысы, Қарасай ауданына қарайтын Бағанашылдағы 1941 жылы салынған балалар үйіне тиесілі 9 гектар жер әлі кімді мазалайтыны белгісіз.