Бұл туралы «24KZ» телеарнасының эфирінде ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерқанат Шынберген мәлімдеді. Оның айтуынша, өткен жылы 80 мыңға жуық азамат камералдық бақылауға іліккен. Олардың қатарында блогерлер де бар.
«Олардың саны шамамен 850 адамды құрады. Аталған азаматтардан бюджетке 500 млн теңгеге жуық салық өндірілді», – деді ол.
Спикердің сөзінше, бүгінде банктік деректер автоматты түрде талданады. Бұл жарнамадан түскен табысты жеке аударымдар немесе сыйлық ретінде жасыру мүмкіндігін барынша шектейді.
МКК өкілдері мониторинг тек ақша түсімдерімен шектелмейтінін атап өтті. Бартерлік келісімдер мен жарнама берушілер ұсынған қымбат сыйлықтар да кәсіпкерлік табыс ретінде қарастырылып, салық салуға жатады.
Еске салсақ, бұған дейін 600-ге жуық блогер 53 млрд теңгеден астам табысын төмендетіп көрсеткені хабарланған болатын. Ол кезде инфлюенсерлерге қосымша салық есептілігін тапсыруға және есептелген сомаларды ерікті түрде төлеуге немесе келіспеген жағдайда түсініктеме беруге 30 күн уақыт берілген еді.









