ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев су шаруашылығындағы кемшіліктерді тізіп, Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдады.
«2017 жылы «Ақтөбе, Жамбыл және Түркістан облыстарының су шаруашылығы және гидромелиоративтік жүйелерін реконструкциялау» жобасын іске асыруға мемлекеттің кепілдігімен 173,8 млн АҚШ доллар немесе 53,9млрд. теңге Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі тарапынан алынған болатын.
Қарыз қаражатының қолжетімділік мерзімінің аяқталуына, оның толық игерілмеуіне және құжаттарды рәсімдеу уақыты созылуына байланысты Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі 664,9 млн. теңге қосымша комиссия есептеген.
Аталған жобалар бойынша жұмыстар 2021 жылы аяқталуы керек еді. Алайда, жобалау-сметалық құжаттаманың сапасыз әзірленуіне, мердігерлердің жауапсыз жұмысына байланысты Үйлестіру кеңесінің шешімімен 2023 жылға, одан кейін 2025 жылға ауыстырылды.
Бүгінде осы жобалардың орындалу барысыда мәз емес. Бұған кім жауап береді? Артық кеткен шығындардың сұрауы барма?», — деді депутат, «Ауыл» партиясы Фракциясының мүшесі Жигули Дайрабаев.
Халық қалаулысы жаз айында өңірлерді аралау барысында Жамбыл облысының сайлаушылары осы мәселені көтергенін жеткізді.
«Бүгінгі күнге жоспарланған 315 каналдың тек 137 каналы жөндеуден өткен.Жұмыстың баяу жүруі жыл сайынғы вегетациялық кезеңнің өткеру сапасын төмендетуге әкеледі, берілетін судың шығыны 20-30 пайыздан асады», — деді депутат.
Жигули Дайрабаевтың мәліметінше, Ақтөбе қаласы бойынша инфрақұрылымның жетіспеушілігі салдарынан бөлінген 5,6 млрд теңгенің 1,3 млрд теңгесі игерілмеген. Ал Түркістан облысы бойынша бөлінген 18,5 млрд. теңгенің тек 2,2 млрд. игерілген.
«Бұдан басқа, «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» (ПУИД-2) жобасы бойыншада шешілмеген сұрақтар көп.Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында бұл жоба аясында жыл басынан тек 3,35 млрд. теңге Үкімет Резервінен бөлінген.Сондай-ақ, өткен жылдан бері Дүниежүзілік Банк тарапынан төленетін 1,1 млрд. теңге қарыз әліде болса төленбеген, ал жобаны орындау мерзіміне аз уақыт қалды.Бюджетті нақтылау кезінде қаржы бөлінеді деген уәделестікте жоқ.Қажетті 28 млрд. теңгені сонда Үкімет қашан бөлмекші? Шешуге тиісті мәселені одан әрі ушықтырмай нақты жұмыс ұйымдастыру керек емес пе?»,— деп толықтырды Жигули Дайрабаев.
Депутат, елімізде су тапшылығы жыл өткен сайын күрделі мәселеге айналып келе жатқанын жеткізді.
«Ал бізде суды үнемді және тиімді пайдалану тетіктері әліде болса жоқ. Сондықтан жыл сайын миллиардтаған теңгенің шығыдарын көрудеміз.Тасқын суды жинау және қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ету үшін салалық министрлік 2,6 млрд. текше метр су сақтай алатын 42 жаңа су қоймасын салуды, жалпы көлемі 3,7 млрд. текше метр болатын 37 су қоймасы мен 14,5 мың шақырым ирригациялық каналды реконструкциялауды жоспарлап отыр екен.Министрлік бұрынғы жоспарлаған міндеттерін орындамай жатып, құрылыстың басталуы 2012 жылдан бері созылып келе жатқан, жырға айналған Жамбыл облысындағы 3 су қоймаларының мәселесі әлі шешілмеуде, аталған Қалғұтты, Ырғайтты мен Ақмола су қоймаларының құрылысы 34,5 мың гектар суармалы жерді тиімді пайдалануға мүмкіндік берер еді»,- деді Ж. Дайрабаев.
Ал, депутат су шаруашылығы бойынша жаңадан құрылған министрліктің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.
«Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында су ресурстарының маңыздылығын атап, оны тиімді пайдалануды тапсырып, жаңа ведомства құрып еді. Дегенмен, қазіргі жүргізіліп жатқан жұмыстар халықтың көңілінен шықпауда, су шаруашылығы саласындағы ұйымдастыру жұмыстары сылбыр жүруде. Министрлік құрылғанына бір жыл өтседе, бүкіл Республика бойынша ревизиялық жұмыстар әлі толық біткен жоқ.
Мәселен, Шығыстағы судың 40%-на ие Семей өңірінде Облыстық деңгейде ҚазСуШар мекемесі әлі күнге дейін құрылмаған, Ұлытаудада осындай жағдай. Су шаруашылығы объектілерін ұстау, пайдалану мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететітін ұйымы болмаса, басқасы туралы не айтуға болады!
Осыған орай, сауалда көтерілген 3 мәселе бойынша қандай шаралар қабылдануда? Құрылыстардың аяқталу және күрделі жөндеу жұмыстары қай уақытта бітеді?Осы сұрақтарға жауап беруіңізді сұраймыз», -деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдаған депутаттық сауалында.