Қазақстанда ауыр жүк көліктерінің қозғалысын қатаң бақылауға арналған жаңа цифрлық жүйе іске қосылды. Бұл туралы Sona.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Көлік министрлігі еліміздің жолдарын сақтау және апаттардың алдын алу мақсатында цифрлық бақылау жүйесін күшейтуді қолға алды. Себебі ел ішінде күн сайын 450 мыңнан астам жүк көлігі жүреді. Артық салмақ — жол төсемелерінің мерзімінен бұрын бүлінуіне әкелетін басты себептердің бірі.
Жүйе қалай жұмыс істейді?
2024 жылдың қыркүйегінен бастап іске қосылған автоматтандырылған бақылау жүйесі тәулік бойы жұмыс істейді және нақты уақыт режимінде заң бұзушылықтарды анықтайды. Қазірдің өзінде 3 200-ден астам ескерту жолданып үлгерген, бұл — бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда 12 есе көп.
Бақылау станциялары саны артады
Қазіргі таңда елімізде 59 бақылау бекеті жұмыс істеп тұр:
• 30-ы республикалық маңызы бар жолдарда;
• 29-ы — жергілікті трассаларда.
Тағы 95 жаңа станция орнату жоспарланған, ал 2025 жылға дейін бақылау кешендерінің жалпы саны 220-ға жетеді.
Министрлік өкілдері жаңа жүйе тек жол сапасын сақтап қана қоймай, жолдағы қауіпсіздік деңгейін де арттырады деп сендіріп отыр.