Молдова Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, ел президентін сайлаудың екінші кезеңінде сайлау учаскелерінен алынған хаттамалардың 98,9 пайызы өңделгеннен кейін қазіргі президент Майя Санду озып шықты. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 55 пайызы Сандуды қолдаған. Елдің бұрынғы бас прокуроры Александр Стояногло 45 пайыз дауыс жинады.
«Молдова, бүгін сен жеңдің. Біз бірлігіміздің, демократиямыздың және лайықты болашаққа деген адалдығымыздың күшін бірге көрсеттік», – деп жазды Санду Х-тегі постында. Ол ел ішіндегі және шетелдегі отандастарына алғыс білдірді.
Санду шетелдегі учаскелер есебінен жеңіске жетті: диаспора оны қолдап жаппай дауыс берген. Ел ішінде 51,2 пайыз нәтижемен Стояногло алға шыққан. Дауыс санау басталғаннан кейін ол бәрін «сандарға қарамастан сабырлы болуға» шақырды және Молдовада «осы сәттен бастап жеккөрушілік пен бөліну аяқталады» деді.