Қырғызстанда NAVAI лақап атымен танымал ресейлік әнші Наваи Бакировтың мемлекеттік шекарадан қалай өткені тексеріліп жатыр. Әнші көрші елден шыққаннан кейін Қазақстан аумағында оның көлігінен есірткі заты табылған.
Бұл туралы ZTB хабарлады.
Қырғызстанның Шекара қызметі әнші Қазақстанға өткен «Ақ-Жол» бақылау-өткізу бекетіндегі қызметкерлердің әрекетін тексеруге кірісті.
Тексеру барысында көлік пен жолаушыларды шекаралық бақылаудан өткізу кезінде заң талаптары сақталған-сақталмағаны анықталмақ.
Ведомство заң бұзушылықтар анықталған жағдайда кінәлі лауазымды тұлғаларға тиісті шара қолданылатынын мәлімдеді.
Әзірге нақты заң бұзушылықтар немесе шекарашылардың жауапқа тартылғаны туралы ақпарат жарияланған жоқ.
Әнші Қазақстанда қалай ұсталды?
Еске салайық, 13 қазанда NAVAI Жамбыл облысындағы «Қордай» шекара бекетінде ұсталды.
Қазақстан полициясының мәліметінше, әнші мінген автокөлікті тексеру кезінде есірткі заты табылып, тәркіленген.
Бұған дейін орындаушының Mercedes-Benz көлігін өзі жүргізгені, жанында тағы екі адамның болғаны хабарланған еді.
NAVAI қамауда отыр
Жамбыл облыстық полиция департаменті әншіге қатысты соттың қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдағанын ресми түрде растады.
Құқық қорғау органдарындағы ақпарат көздерінің мәліметінше, қамау мерзімі екі айды құрайды. Алайда полицияның ресми хабарламасында бұл мерзім нақтыланбаған.
Қазақстанда есірткі контрабандасы және есірткіні заңсыз сақтау деректері бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Осылайша оқиғаның мән-жайын екі елдің құзырлы органдары анықтауда. Қазақстанда қылмыстық тергеу жалғасса, Қырғызстанда шекара қызметкерлерінің әрекетіне тексеру жүргізіліп жатыр.
Әншінің кінәсі сотта дәлелденген жоқ.




