Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік салада бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуы және жекелеген жағдайларда тікелей жымқыру фактілері туралы баяндады, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, мемлекет өзіне алған барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындап келеді. Алайда әлеуметтік төлемдердің көптігі, олардың бытыраңқылығы және бақылаудың жеткіліксіздігі шығындардың негізсіз өсуіне жағдай жасаған.
Бұл жағдай бюджет қаражатының шашыраңқы жұмсалуына, тиімсіз пайдаланылуына және кейбір жағдайларда тікелей жымқыруға әкеп соққан. Соңғы екі жылда ғана 288 млрд теңге көлемінде тиімсіз шығындардың алдын алу мүмкін болған.
Премьер-министр Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбатында және Ұлттық құрылтайдың V отырысында әлеуметтік саланы түбегейлі реформалау қажеттігі атап өтілгенін еске салды.
Осыған байланысты Үкімет бірқатар шаралар қабылдап жатыр. Атап айтқанда, әлеуметтік көмектің бытыраңқы түрлері біріктіріліп, біріздендірілуде.
Сонымен қатар білім беру қызметтерін көрсету процестері цифрландырылуда. Бұл білім беру нысандарын салудан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыруға дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметі Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау арқылы қайта форматталуда.
Сондай-ақ көші-қон заңнамасындағы олқылықтар мен жекелеген санаттағы иммигранттарды қолдау тетіктері иждивеншілік көзқарастардың қалыптасуына ықпал еткені атап өтілді. 2025 жылдан бастап мемлекеттік қолдау тек еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аударатын азаматтарға селективті түрде көрсетіледі.









