Бүгін сағат 12:00-де Шерзат Полаттың өлімі туралы іс бойынша алдын ала тыңдау басталды.
Сот отырысына қатысушылардың пікірлерін ескере отырып, сот бұл іс бойынша сот талқылауын ашық режимде өткізу туралы шешім қабылдаған болатын.
Бұл оқиғаның басынан хабар таратып, Шерзат Болат отбасының жанында болдым деген қоғамдық қорғаушы Дінмұхамед Қаматай өзі салған видеоны 1,5 млн адам қарағанын, осы іс жайлы білгенін айтты.
«Шерзат Болат өлтірілгеннен кейін осы мәселені мен көтердім. Бұл отбасымен сол кезден бері хабардармын. Олардың әділеттілікке жетуіне қолымнан келгенін істеуге тырысып жүрмін», – деді пікірінде.
Қоғамдық қорғаушы «Бұған дейін Шерзат Болаттың отбасы қаншалықты дәйекті ақпарат тарата алды?» деген сауалға:
«Бейнежазбада бәрі анық тұр. Бәрі көрді. Соның өзі жеткілікті деп ойлаймын. Бәлкім, ол видео болмаса бұл іс қалай өтетінін білмейміз. Себебі, орнын босатқан қызметкерлер жайдан-жай кеткен жоқ. Менің ойымша, ескі Қазақстанның қалдығы кетіп, жаңа кәсіби адамдар тағайындалуы керек деп есептеймін», – деп жауап берді.
Ал «Сот процесі әділ өте ме?» деген сауалға ол: «Әділ өтеді. Себебі, бұл оқиғаны бүкіл қазақ халқы қадағалап отыр. Президент айтқандай, әділетті қоғам құру үшін БАҚ өкілдері, қоғам беолсенділері және азаматтар сол үшін күресу керек», – деді қоғамдық қорғаушы Дінмұхамед Қаматай.
Сондай-ақ, ол сот отырысының Талдықорғанда өтіп жатқанын былайша топшылады. «Үлкен резонанс туғызған сотқа көп адам келетін еді. Бірақ Қонаев қаласында өткізгені дұрыс болар еді. Себебі, Қаржаубай Нұрымовтың отбасы мүшелерімен жол жүріп келдік. Бәрі көпбалалы отбасы болған соң балаларын да қалдыру мәселесі бар. Яғни, әрі-бері жүру қиын», – деді ол.