Алматы гарнизоны әскери сотының жабық сот отырысында ауыр зардаптарға әкеп соқтырған қаруды қолдана отырып, билікті асыра пайдалану айыбы тағылған Айтжан Әубәкіровке қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сот мәліметіне сәйкес, айыпталушы биліктің өкілі бола отырып, өзінің құқықтары мен өкілеттіктерінен тыс әрекеттер жасаған. Әубәкіров іс-әрекетінің нәтижесі екі жәбірленушінің өліміне алып келген.
Сот барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындамады.
– Сотталушының кінәсі сараптамалардың қорытындыларымен, куәгерлердің, сарапшылардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарап-тексеру хаттамаларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді. Сотталушы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол әскери атағынан айырылды және жәбірленушінің пайдасына 20 миллион теңге моральдық залал өндірілді, – деп хабарлады соттан.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.