Қарағандыда 16 жастағы жасөспірімге дер кезінде тиісті медициналық көмек көрсетілмей, қайтыс болды. Анасы ұлының өліміне себеп болған үш медициналық мекемені сотқа беріп, 5 миллион теңге өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды Sona.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Жоғарғы соттың дерегінше, 2023 жылдың наурыз айында бозбала он күн бойы сақталған жоғары температура мен әлсіздікке байланысты балалар ауруханасына түскен. Алайда дәрігерлер науқастың ауыр жағдайына қарамастан, оны тек күндізгі стационарға орналастырумен шектелген.
Қан талдауы жасалмастан антибиотик тағайындалған, ал медициналық жазбаларды толтыруда да көптеген заңбұзушылықтар анықталды. Кейін оның жағдайы күрт нашарлап, қатерлі ісікке күдік туындаған соң басқа ауруханаға жатқызылды.
Алайда Денсаулық сақтау басқармасы мен аурухана басшылығы науқасты республикалық орталыққа ауыстыру немесе қашықтан консультация алу мүмкіндігін дер кезінде ұйымдастырмаған.
Жалпы практика дәрігері де қан талдауы нәтижелерін дұрыс бағаламай, онкогематологиялық тексеруге жолдама бермеген. Ақырында бозбала алғашқы жүгінуден бір ай өткен соң жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Тексеру нәтижесінде медициналық көмек көрсету кезінде өрескел бұзушылықтар расталды. Бірінші сатыдағы сот анасының талабын толық қанағаттандырып, үш аурухананы 5 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді.
Апелляциялық сот шешімді өзгеріссіз қалдырды.








