Шымкентте Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушы уақытша ұстау изоляторынан босатылып, үйқамаққа жіберілді. Сот күдіктіні тергеу изоляторына қамауға санкция беруден бас тартты.
Оқиға 10 қазанда қазақстандық әншінің концерті кезінде болған. Концерт өтетін орынның кіреберісінде көп адам жиналып, кептеліс пен қысым туындаған.
Полицияның алдын ала мәліметінше, ұйымдастырушылар алаң сыйымдылығынан артық билет сатқан. Адамдардың бір жерге шамадан тыс жиналуына осы жағдай себеп болуы мүмкін.
Оқиғадан кейін сегіз адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың жетеуі тексеруден соң үйлеріне жіберілген.
Ал 18 жастағы қыз ауруханаға жатқызылды. Оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр.
Бұған дейін полиция концерт ұйымдастырушысын ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған еді.
Алайда сот оны тергеу изоляторында ұстауға рұқсат бермей, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.
Қылмыстық іс қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету бабы бойынша тергеліп жатыр.
Аталған бап бойынша 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған. Бұл 2026 жылы 21 миллион 625 мың теңгеге тең.
Сондай-ақ 1200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту, бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделген.
Бұдан бөлек, сот үш жылға дейін белгілі бір лауазымды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым салуы мүмкін.
Тергеу жалғасып жатыр. Күдіктінің кінәсі сотта әлі дәлелденген жоқ.




