Еңбек министрлігі 2027 жылдан бастап отбасының көмекке мұқтаждығын бағалау кезінде қандай банк деректері мен мүлік ескерілетінін түсіндірді.
2027 жылдан бастап Қазақстанда әлеуметтік көмек көрсету тәртібі өзгереді. Отбасының материалдық жағдайын бағалау үшін Отбасының цифрлық картасы қолданылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, күнделікті сатып алулар, дүкен чектері, туыстар мен достар арасындағы тұрмыстық ақша аударымдары бағалау нәтижесіне әсер етпейді, деп хабарлайды SONA.KZ.
Банктер қандай мәлімет береді?
Банктер шифрланған жиынтық көрсеткіштерді мәндер аралығы түрінде береді. Мысалы, жүйеге шоттар мен салымдардағы орташа күндік қалдықтың қай аралыққа жататыны көрсетіледі. Есептеу кезінде сол аралықтың төменгі шегі алынады. Жүйе жеке банк көшірмелерін және нақты операцияларды көрмейді.
Министрліктің мәліметінше, ағымдағы шоттар мен карталардағы шағын қалдықтар және Отбасы банкіндегі тұрғын үй жинақтары бағалауға әсер етпейді. Материалдық жағдай әр адамға жеке есептелмей, отбасы мүшелерінің деректері негізінде тұтас отбасы бойынша бағаланады.
Баспана, көлік және отбасы шығындары қалай ескеріледі?
Жалғыз баспана немесе күнделікті қажетке пайдаланатын көлік әлеуметтік көмекті тоқтатуға өздігінен негіз болмайды. Шыққанына 20 жылдан асқан автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасы, сондай-ақ тозығы жеткен баспана есепке алынбайды. Банкте кепілде тұрған жалғыз баспанаға төмендету коэффициенті қолданылады.
Бағалауға бірнеше жылжымайтын мүлік нысаны, қымбат көлік, коммерциялық үй-жай, жұмыс істеп тұрған бизнес және бес гектардан асатын жер учаскелері әсер етуі мүмкін. Жүйе қолданыстағы ипотеканы, несие төлемінің ұзақ уақыт кешіктірілуін, сондай-ақ балаларды, қарттарды, мүгедектігі бар немесе ауыр созылмалы ауруы бар отбасы мүшелерін күтіп-бағуға байланысты шығындарды да ескереді.
Бағалау қалай жүргізіледі және қандай төлемдер сақталады?
Цифрлық карта отбасының мәртебесін автоматты түрде анықтап, ай сайын жаңартады. Министрліктің мәліметінше, ведомство мен әкімдік қызметкерлері бағалау нәтижесін қолмен өзгерте алмайды.
Жаңа бағалау тәртібі мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақыларға қолданылмайды. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмысынан айырылу, жүктілік пен босану және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оны күту бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдер отбасының материалдық жағдайына қарамастан тағайындала береді.




