Қонаев қаласында Республика күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиында қала әкімі Асхат Бердіханов шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық өміріне және ел игілігі жолындағы еңбекке үлес қосып жүрген бірқатар азаматты марапаттады.
Қала әкімі құттықтау сөзінде Республика күнінің егемендік пен елдікті айқындайтын маңызды мереке екенін атап өтті.
«Ел бірлігі мен қоғамдық келісім – тәуелсіздіктің берік тірегі, еліміздің тұрақты дамуының негізі. Бүгінде Қонаев қаласы да жаңарып, өркендеп келеді. Қаламыздың дамуы мен көркеюі – ортақ еңбегіміздің нәтижесі. Біздің басты байлығымыз – Тәуелсіздігіміз, береке-бірлігіміз. Оны сақтау, нығайту және келер ұрпаққа аманат ету – бәріміздің ортақ міндетіміз. Осы жолда еліміздің бірлігі бекем, тәуелсіздігі тұғырлы болсын!» – деді Асхат Бердіханов.
Салтанатты жиында Қонаев қаласы әкімінің «Құрмет» төсбелгісімен «АМФ 1 Имсталькон» ЖШС директорының орынбасары Сергей Горяной және «Әділет» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Серік Нұрқадыров марапатталды.
Ал Қонаев қаласы әкімінің «Ел мерейі» төсбелгісі «Память» жерлеу қызметтерін көрсететін компанияның басшысы Роман Кимге және жобалау мен құрылыс жөніндегі техникалық директор Тимур Кодировке табысталды.
Зейнеткерлікке шығуына байланысты Қонаев қаласы әкімі аппаратының өтініштер, азаматтарды қабылдау және құжаттамамен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Роза Үсембаева «Адал қызмет» төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен қатар бүгін Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әріновтің Құрмет грамотасымен, Қонаев қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен бірқатар азамат марапатталды.
Мерекелік іс-шараның құрметті қонағы, кино және театр актері, Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Қонаев қаласының Құрметті азаматы Болат Әбділманов та жиналған қауымды Республика күнімен құттықтады.
Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасты.




