Жасөспірімдер арасында fide рейтингінде екінші орын алған қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева fide әйелдер рейтингінде 11-ші орын алған Харика Дронаваллиді жеңді.
Партия 46-шы қадамда Асаубаеваның сәтті қадамынан кейін аяқталды. Бұл жеңіс Қазақстан құрамасына 1 ұпай сыйлады.
Алайда барлық кездесу қорытындысы бойынша қазақстандық құрама жеңіске жете алмады. Ксения Балабаеваның тең ойынына қарамастан, Меруерт Камалиденова мен Алуа Нурманның жеңілістері Қазақстанның бесінші раундта жеңілісіне әкелді. Оның қорытындысы бойынша әйелдер құрамасы 8 ұпаймен 12-ші орынды иеленді.
Алтыншы раундта Қазақстан әйелдер құрамасы Куба командасына қарсы ойнайды, алайда Бибісара Асаубаева бұл кездесуге бастапқы құрамға кірген жоқ.