Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қаржы мониторингі агенттігі «QazConstructions» ЖШС басшылығына қатысты 7 аудан мен елді мекендерде 11 әлеуметтік нысан салуға бөлінген қаражатты жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Sona.kz ҚР ҚМА-ға сілтеме жасап.
Күдіктілердің арасында компанияның бұрынғы директордың орынбасары бар, ол қазіргі таңда Құрчұм аудандық мәслихатының депутаты болып табылады.
Тергеу мәліметінше, күдіктілердің заңсыз әрекеттері салдарынан төрт спорт-сауықтыру кешені мен жеті ауылды ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған су құбыры желілері пайдалануға берілмеген.
Жымқырылған қаражаттың жалпы сомасы 2 млрд теңгеден асады. Бұл ақша аффилиирленген кәсіпорындар арқылы қолма-қол алынып, Астанадағы элиталық тұрғын үйлер, Lamborghini Urus, Cadillac Escalade, Mercedes көліктері мен асыл тұқымды жылқыларды сатып алуға жұмсалған. Барлық мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды.
Күдіктілердің екеуі екі ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.









