Талдықорғанда TikTok желісінде тікелей эфирге шығып, балағат сөздер айтқан 35 жастағы әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды, деп хабарлайды SONA.KZ Жетісу облысының полициясына сілтеме жасап.
Құқықбұзушылықты полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде анықтаған.
Ведомство мәліметінше, әйел тікелей эфир барысында алкоголь ішіп, бейәдеп сөздер қолданған.
Полиция қызметкерлері оның жеке басын анықтап, тиісті әкімшілік шаралар қабылдаған.
Істі қараған сот Талдықорған тұрғынына 20 АЕК мөлшерінде айыппұл тағайындады.
Полиция әлеуметтік желілердегі жария трансляциялар кезінде де заң талаптарын сақтау қажет екенін ескертті.
Құқық қорғау органдары азаматтарды интернетте де қоғамдық тәртіпті сақтауға және өзгелерге құрметпен қарауға шақырды.




