Астанада Telegram арқылы қыз болып танысып, ер адамдарды кездесуге шақырған үш адам сотталды. Олар жәбірленушілерді ұрлап әкетіп, күш қолданып, ақша бопсалаған.
Бұл туралы Sona.kz ZTB KZ- ке сілтеме жасап хабарлайды.
Іс материалдарына сәйкес, қылмыскерлер Telegram мессенджерінде қыздардың атынан аккаунт ашып, ер адамдармен танысқан.
Кейін оларды кездесуге шақырып, келген адамдарды күштеп көлікке отырғызып, қала сыртына алып кеткен.
Ол жерде жәбірленушілерді ұрып-соғып, ақша талап еткен. Сондай-ақ жеке видеоларын жариялаймыз деп қорқытқан.
Осылайша үш жәбірленушіден жалпы сомасы 2,2 миллион теңге бопсаланған.
Олардың бірін шағын несие рәсімдеуге мәжбүрлесе, екіншісінің автокөлігін тартып алған.
Сот үш ер адамды кінәлі деп танып, жеті жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар сотталғандар жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.
Үкімнің заңды күшіне енгені туралы ақпарат жарияланған жоқ.



