Өз әкесін аяусыз соққыға жықты деп айыпталған Түркістан облысының тұрғынына қатысты қылмыстық іс сотқа берілді. Оқиға әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан кейін қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Sona.kz.
Түркістан облысында қарт адамды соққыға жығып, өліміне әкеп соққан қылмыс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Айыпталушы ретінде марқұмның туған ұлы танылып отыр. .
Қайғылы оқиға 2025 жылдың қыркүйек айында болған. Қарт адамға жасалған қатыгездік көріністері көршісі тарапынан жасырын түрде түсіріліп, кейін әлеуметтік желілерде жарияланған. Бейнежазба қоғамда үлкен наразылық туғызып, қылмыстық іс қозғауға негіз болды.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ер адам өз әкесіне жүйелі түрде күш көрсеткен. Видеода қарияның беті қанға боялғаны, өздігінен тұра алмағаны анық көрінеді. Бір сәтте айыпталушы жұбайын шақырып, екеуі қартты сүйреп әкеткен.
Тергеу жұмыстары үш айдан астам уақытқа созылды. Нәтижесінде 22 желтоқсанда іс материалдары Түркістан облысындағы Жетісай аудандық сотына мәні бойынша қарау үшін жолданды.
Соттың хабарлауынша, іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 100-бабының 2-бөлігі «Дәрменсіз күйдегі адамды азаптау» және 107-бабының 2-бөлігі «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бойынша қаралады.
Бұған дейін полиция тергеу барысында айыпталушының жұбайының әрекетіне де құқықтық баға берілгенін, оның зорлық-зомбылықты тоқтатуға әрекет жасамағанын мәлімдеген болатын.









