Алматы қалалық телекоммуникация және машина жасау колледжінде болған оқиға қоғамның ашуын туғызды. Колледж директоры Ардақ Қожахметованың қызметкерлерге дауыс көтеріп, зекігенінен кейін, бес айлық жүктілігі бар маман ауруханаға түсті.
Зардап шеккен әйелдің айтуынша, директор оны әріптестерінің көзінше негізсіз айыптап, ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Психологиялық қысымнан соң қызметкердің қан қысымы 150/100-ге дейін көтеріліп, дәрігерлер «мерзімінен бұрын босану қаупі бар» деген диагноз қойды. Директор өз әрекетін қызметкердің жүкті екенін «ұмытып кетуімен» түсіндірген.
Қазіргі уақытта ауруханада жатқан қызметкер e-Otinish порталы арқылы тиісті органдарға шағым түсірді. Ол басшылық тарапынан мұндай дөрекілік бұған дейін де бірнеше рет қайталанғанын алға тартты. Іс бойынша еңбек инспекциясы мен білім басқармасының тексеру жүргізуі күтілуде.









