Метка: Алматы облысы

  • Алматы облысында барымташы сотталды

    Алматы облысында барымташы сотталды

    Жамбыл аудандық соты жергілікті тұрғыннан 30 бас жылқыны ұрлаған барымташыға қатысты үкім шығарды.

    2023 жылдың қыркүйек айында Жамбыл аудандық полиция бөліміне 30 бас жылқының жоғалғаны туралы жергілікті тұрғын арызданды. Қылмыстың «ізін суытпай» ашу мүмкіндігі болмады, себебі жәбірленуші полицияға малдарын өз бетінше іздеуден үмітін үзген соң бір аптадан кейін ғана жүгінген.

    Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ұрланған жылқылар Жамбыл облысының Меркі ауданында екендігі туралы ақпарат келіп түсті.

    «Келіп түскен ақпарат бойынша бірқатар тексеру жұмыстары жүргізілді, іс-шара барысында ұрланған жылқыларды сатып алушы анықталып, ол арқылы мал ұрлаған кісіге шықты. Мән-жайларды анықтаған кезде барымташтың малдарды бірнеше күн бақылағаны анықталды. Иелерінің немқұрайлылығына көз жеткізгеннен кейін, түнде шабуылдаушы жануарларды еркін жайылымнан көрші ауданға алып кетіп, алдын-ала дайындалған жерге жасырды. Осыдан кейін ол жүк тасымалдаушыларды жалдап, олардың көмегімен малды көрші Жамбыл облысына тасымалдаған», – деп атап өтті Жамбыл АПБ бастығының орынбасары Бейбіт Байзиханов.

    Жалпы келтірілген шығын 12 миллион теңгеден асты. Мал ұрлығын жасаған азамат кінәлі деп танылып, 8,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

    «Барлық мал иелерін өздерінің «тірі» мүлкіне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Есіңізде болсын, сіздің малдарыңыздың қауіпсіздігі тек сіздің ұқыпты көзқарасыңызға және жануарларды ұстау мен бағу ережелерін сақтауға байланысты», – деп толықтырды Б. Байзиханов.

  • Алматы облысында 5 миллиард теңгеге жуық субсидия қаржысы ұрланған

    Алматы облысында 5 миллиард теңгеге жуық субсидия қаржысы ұрланған

    Алматы облысының прокуратурасы ауыл шаруашылығы басқармасын тексеру нәтижелері бойынша бюджеттік субсидияларды ұрлаудың, оларды заңсыз төлеудің және шаруаларға “таңдау әдісімен” төленген жүйелі схемаларын анықтады, деп хабарлайды Sona.kz тілшісі.

    Бүгінде бюджетке 110 млн. теңге қайтарылды.

    “Селекциялық жұмыстарға арналған 1,2 миллиард теңге субсидия ұрланған. Аталған қаржыны әлеуметтік-өндірістік кооперативтер асыл тұқымды жануарлардың басын көбейту мақсатында алмақ болған.  Іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмаған. Құжаттары рәсімделгенімен, асыл тұқымды мал саны ұлғайтылмаған”, – делінген хабарламада.

    Облыс әкімдігінің есебінше, асыл тұқымды қой саны 4 жылда 1,9 миллионға өскен. Бірақ, прокуратура қойдың нақты басы 367 мың ғана екенін анықтаған.

    Келесі факті Ұйғыр ауданында болған. Мұндағы кооператив селекция үшін 45,2 миллион теңге субсидия алған. Шындығында, шаруа жеке ауласы ретінде аудандағы төрт түлік малды тіркеген.

    Прокуратура әкімдік мал басының нақты сақталуына мониторинг жүргізбегендіктен, мемлекеттік бюджетке залал келіп жатқанын алға тартты. Қаржыны ұрлау дерегі бойынша 5 іс қаралуда, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Ал заңсыз төленген субсидияларды қайтаруға 3 ұсыным енгізілді.

  • Судағы қауіпсіздік: Алматы облысында 133 адам айыппұл арқалады

    Судағы қауіпсіздік: Алматы облысында 133 адам айыппұл арқалады

    Бұл туралы Алматы облысының әкімдігі мәлімет етті, деп хабарлайды Sona.kz.

    Әкімдіктің ақпаратынша, судағы қауіпсіздік басты назарда болуы тиіс. Биылғы шомылу маусымында үнемі рейдтік шаралар жүргізілуде. Оған күнделікті 66 адам, 11 су көлігі жұмылдырылуда.

    «Нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабына сәйкес, су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтамаған 133 жеке тұлғаға 1 млн.847 мың теңге, 3 заңды тұлғаға 55 мың 380 теңге айыппұл салынды», — деп жазды баспасөз қызметі.

  • Қонаевта ветстанцияларға 15 автокөлік кілті табыс етілді

    Қонаевта ветстанцияларға 15 автокөлік кілті табыс етілді

    Ветеринария саласы қызметкерлері күніне орай, Қонаевта жаңа көліктердің кілттері табысталып, үздік мамандар марапатталды, деп хабарлайды Sona.kz тілшісі.

    Бұл күні сала ардагерлері мен жас мамандарға Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды. Іс-шара барысында 4 облыстық, 11 аудандық және қалалық ветеринариялық станцияларға жаңа автомобильдердің кілтін салтанатты түрде табыстау рәсімі өткізілді.

    «Ветеринарлардың жұмысы аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Оларға ауыл шаруашылығы өнімдерінің тазалығы үшін үлкен жауапкершілік жүктелген. Облыста ветеринариялық медицина саласына айрықша мән берілуде. Мысалы, 1071 қызметкері бар облыстық ветеринариялық станция құрылды. Жыл басынан облыста жануарлар мен құстардың 16 түрлі аса қауіпті ауруларына қарсы іс-шаралардың 89%-ы орындалды», – деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов.

    Сондай-ақ ол биыл эпизоотияға қарсы іс-шараларға 5 млрд теңге жұмсалатынын атап өтті. Бұдан бөлек, ветеринарлық мамандардың еңбекақысын 20 пайыз ұлғайту үшін қосымша қаражат бөлінген. Нәтижесінде шалғай ауылдардағы қызметкерлердің жұмысқа орналасуына дем беріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту көзделіп отыр.

    Ерекше атап өтерлігі, кәсіби мереке қарсаңында Балқаш ауданы, Құйған ауылдық округінің ветеринариялық пунктінің меңгерушісі, 38 жыл жұмыс өтілі бар Айгүл Дүйсенбекова Премьер-министрден Алғыс хат алды.

  • Алатау қаласының құрамына бірнеше жер учаскесі өтеді

    Алатау қаласының құрамына бірнеше жер учаскесі өтеді

    Бұл туралы шешім облыстық мәслихаттың кезекті отырысында шығарылды.

    «Алматы облыстық мәслихаты шешімінің және Алматы облысының әкімдігі қаулысының қосымшасына сәйкес, Алатау қаласының шекарасына жалпы ауданы 88267,0086 гектар жер учаскелерін қоса отырып, белгіленсін», — делінген құжатта.

    Алдағы уақытта Алатау қаласының құрамына Қонаев қаласынан 10937,0052 гектар, Іле ауданынан 65213,0004 гектар және Талғар ауданынан 12117,003 гектар жер телімі өтеді. 

    Құжат қоғамдық талқы үшін «Ашық НҚА» сайтына 23 шілдеге дейін орналастырылды.