Метка: Алматы облысы

  • Дәстүр мен инновация үйлесімі: Алматы облысында Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланды

    Дәстүр мен инновация үйлесімі: Алматы облысында Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланды

    Негізгі шара Қонаев қаласында ұйымдастырылды. Жасанды интеллект пен цифрлық мүмкіндіктер кеңінен қолданылып, мейрам мазмұны жаңа деңгейге көтерілді.

    Орталық алаңдағы роботтар көрмесі халық қызығушылығын тудырды. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, тұсаукесер, қыз айттыру, сүйінші сұрау, бастаңғы, беташар, төс қағыстыру, сүйек жаңғырту және басқа да қазақтың салт-дәстүрлерінен көрініс қойылды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те ұлттық мәдениеттің жаршысы болған мерекеге қатысып, тұрғындарды құттықтады. Ал, Сенатор Жанболат Жөргенбаев енді ғана тәй-тәй басқан балақайдың тұсауын кесіп, бата берді.

    Мерекелік шараға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімі айтулы күннің маңызы жайлы сөз қозғады.
    «Наурыз мерекесі – халқымыздың бай мәдениеті мен ізгі дәстүрінің терең мәні мен ұлылығын айшықтайды. Табиғат түлеп, тіршілік жаңаратын осы кезеңде адамзат та рухани серпіліп, жан дүниесі жаңарып, үміт пен ізгілікке толы ерекше күйге бөленеді. Осы тұрғыдан алғанда, Наурыз – тек мереке ғана емес, жаңғыру мен жаңарудың символы. Игі дәстүрді жаңа мазмұнмен байыту мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мерекесі жаңаша сипатқа ие болды. Мейрамды бір күнмен шектемей, мазмұнын кеңейтіп, «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында 10 күндік мерекеге айналдыру – ұлттық құндылықты дәріптеудің жарқын көрінісі. Бүгін біз осы Наурызнама аясындағы маңызды күндердің бірі – «Ынтымақ күнін» атап өтудеміз.
    Айтулы күнге орай еліміздің барлық өңірінде этноауылдар бой көтеріп, жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Мәдени және спорттық іс-шаралар кеңінен өткізілуде. Наурыз – тек рухани жаңғыру ғана емес, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын кезең», – деген Марат Елеусізұлы жыл басы алға қойылған мақсаттарды айқындап, тың бастамаларға серпін беретінін айтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы айтулы нәтижелерге тоқталды. Айтуынша, үш жылда өңірдің өнім көлемі 3,4 трлн. теңгеден 6,0 трлн. теңгеге дейін өсіп, республика бойынша 10-орыннан 5-орынға көтерілген. Өткен жылы негізгі капиталға 29,4% өсіммен 1 трлн. 355 млрд. теңге инвестиция тартылған. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10,1% өсіммен 2 трлн. 598 млрд. теңгеге жеткен. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 798,4 млрд. теңге болып, нақты көлем индексі 102,0%-ды құраған. Оның ішінде мал шаруашылығының өнімі 3,6%-ға өскен. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 18,4%-ға көбейген. 1 млн. 69 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Облыс әкімі мұның барлығы өңірімізде жүргізіліп жатқан жүйелі саясат пен нақты жоспардың нәтижесінде қол жеткізілген маңызды жетістіктер екенін айтты. Сонымен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

    Шара барысында сахнада театрландырылған қойылым көрсетіліп, Роза Рымбаева, Нұрболат Абдуллин, Өмірқұл Айниязов, Тамара Асар сынды эстрада жұлдыздары, «Қоңыр» тобы, «Құлансаз» ансамблі және басқа да өнерпаздар халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.  Саябақ аумағында қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық ойындар және тақырыптық аймақтар жұмыс істеді. «Жеті қазына» интерактивті кітабы арқылы ұлттық мұра жаңа сипатта дәріптелді. «Face of Nauryz» алаңында келушілердің бейнесі жасанды интеллект көмегімен өңделіп, заманауи стильде ұсынылды. Сондай-ақ роботтардың қатысуымен қызықты бағдарлама ұйымдастырылды. Тіпті құлтемірлер бауырсақ пісіріп, тұрғындарға ұсынды. Жалпыхалықтық мерекеге айналған Ұлыстың ұлы күні осылайшы Алматы облысында кең көлемде тойланды. Қонаев қаласындағы орталық алаңға бес мыңнан астам халық жиналып, мерекелік шара «Digital Nauryz» тұжырымдамасына сай тікелей эфирде көрсетілді.

  • 19 жылдан кейінгі әділдік: Алматы облысының прокурорлары ескі қылмыстың бетін ашты

    19 жылдан кейінгі әділдік: Алматы облысының прокурорлары ескі қылмыстың бетін ашты

    Алматы облысы прокуратурасының қызметкерлері Аида Иманалиева мен Әлия Сәрсекеева нағыз кәсібилік танытып, 19 жыл бұрын болған кісі өлімінің бетін ашты. Олардың мұрағаттағы «шаң басқан» істерді жіті тексеруінің арқасында әділдік орнады.

    Оқиға 2006 жылдың күзінде Алматыда болған. Ескі «Мазда» мінген үш ер адам Розыбакиев көшесінен Айнабұлаққа дейін 400 теңгеге жеткізіп салуды өтінген Қырғызстан азаматшасын көлікке мінгізген. Жолда жүргізуші көлігі бұзылғандай кейіп танытып, сыртқа шыққанда, оның сыбайластары әйелді буындырып өлтірген. Мәйітті Қапшағай тас жолының бойына тастап, марқұмның алтын бұйымдарын, Sony Ericsson телефонын, тіпті пакеттегі қарбызы мен алмасын иемденіп кеткен. Қылмыскерлердің сол кездегі барлық олжасы 77 мың теңгені ғана құрады.

    Сол жылы екі күдікті ұсталып, ұзақ мерзімге сотталған, бірақ үшінші сыбайласы жазадан құтылып кеткен еді. 2025 жылы прокуратура ханымдары ашылмаған істерді қайта қарап, үшінші адамға қатысты іздеу жұмыстарының неліктен тоқтап қалғанына назар аударған.

    Қажырлы еңбектің нәтижесінде Асет Күрнеев есімді азаматтың сол түні көлікте болғаны анықталды. Ол 2006 жылы жауап алуға шақырылса да, судан құрғақ шығып кеткен екен. 19 жылдан кейін Күрнеев сот алдына келді. Кінәсін мойындамаса да, жиналған дәлелдер оның қылмысқа қатысын толық растады. Сот үкімімен ол 16 жылға бас бостандығынан айырылды.

  • Шерзат Полаттың үйіндегі өртке қатысты іс қайта жанданды: Прокуратура жауабы

    Шерзат Полаттың үйіндегі өртке қатысты іс қайта жанданды: Прокуратура жауабы

    Алматы облысының прокуратурасы қаза тапқан жасөспірім Шерзат Полаттың отбасына тиесілі үйдің өртенуіне қатысты қылмыстық істің қайта жандандырылғанын хабарлады. 2024 жылдың күзінде басталған сотқа дейінгі тергеу амалдары бұған дейін уақытша тоқтатылған болатын.

    Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, тергеу тобы Ресей Федерациясынан спутниктік суреттерді алуды күткен. Бұл мәліметтер оқиғаның мән-жайын толық анықтау үшін қажет болған. Облыс прокуроры Берік Адамов қазіргі уақытта К. Нұрымовтың үйіндегі өрт бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүріп жатқанын, оның қорытындысы бойынша тиісті процестік шешім қабылданатынын айтты.

    Алайда, тергеу мүддесіне байланысты спутниктік мәліметтердің келіп-келмегені және күдіктілердің анықталғаны туралы ақпарат әзірге жарияланбайды. Еске сала кетейік, 2024 жылғы 12 қазанға қараған түні Азат ауылында Шерзат Болаттың отбасы тұратын үй өртеніп кеткен еді. Шерзаттың өліміне қатысты негізгі іс бойынша 9 адам сотталып, тиісті жазасын алды, бірақ үйді өртегендер әлі табылған жоқ.

  • Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы тағайындалды

    Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы тағайындалды

    Алматы облысы әкімінің бұйрығымен Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің басшысы — баспасөз хатшысы болып Нұрақын Дияс Ермекұлы тағайындалды.

    Алматы облысы, Кеген ауданының тумасы, 1987 жылы дүниеге келген. 2004–2008 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетін тәмамдаған. 2008–2010 жылдары Т. Рысқұлов атындағы Қазақ Экономикалық университеті экономика факультетінде білім алған.

    Еңбек жолын 2006–2007 жылдары мемлекетаралық «МИР» телеарнасында аудармашы-редактор болып бастаған. 2007–2008 жылдары КТК телеарнасында «Репортер», «Алаң жұрт» бағдарламаларында редактор қызметін атқарды. 2008–2009 жылдары республикалық «Жас Қазақ» газетінде арнаулы тілші болды.

    2009–2015 жылдары Жетінші арна жаңалықтар қызметінде тілші болып еңбек етті. 2015–2016 жылдары «КТК» телеарнасының жаңалықтар тілшісі, «Аптап» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының шығарушы-редакторы қызметтерін атқарды. 2016 жылдан бастап «КТК» телеарнасы жаңалықтар қызметінің аймақтардағы қосынының редакторы болып жұмыс істеді.

    БАҚ саласы бойынша Президент грантының иегері.

  • Алматы облысында мемлекетаралық іздеуде жүрген Тәжікстан азаматы ұсталды

    Алматы облысында мемлекетаралық іздеуде жүрген Тәжікстан азаматы ұсталды

    Алматы облысында мемлекетаралық іздеуде жүрген Тәжікстан Республикасының азаматы ұсталды, деп хабарлайды Sona.kz JolOrtalygy-на сілтеме жасап,

    Күдіктіні ұстау 2026 жылғы 30 қаңтарда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткізілген локальды-рейдтік іс-шаралар барысында жүзеге асқан.

    Жедел-іздестіру шаралары Алматы облысының аумағында, республикалық маңызы бар Алматы – Бішкек автожолы бойында орналасқан қоғамдық тамақтану орындарының бірінде жүргізілген.

    Тексеру барысында 1994 жылы туған ер адам анықталып, ұсталған. Ол Тәжікстан Республикасының азаматы екені белгілі болды.

    Полицияның мәліметінше, ұсталған тұлға Тәжікстан Республикасының қылмыстық заңнамасында көзделген ауыр қылмыстарды жасағаны үшін мемлекетаралық іздеуде болған.

    Оған қатысты бұған дейін бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу санкцияланған.

    Қазіргі уақытта күдікті Қарасай аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

    Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

  • Алматы облысында автобус жүргізушісіне шабуыл жасалды

    Алматы облысында автобус жүргізушісіне шабуыл жасалды

    15 қаңтарда №239 маршрутында белгісіз адамдар автобустың әйнегін сындырған. Куәгерлердің айтуынша, шабуыл жасағандар бірнеше адам болған, олардың кейбірі Chevrolet Cobalt автокөлігімен келген.

    Полиция жалаңаштық жасау фактісі бойынша іс қозғады. Жедел-іздестіру шаралары барысында үш күдікті анықталып, ұсталды. Негізгі фигурант уақытша ұстау изоляторына қамалды.

  • Алматы облысынан шыққан 12 сыныптас бір әскери бөлімде бірге қызмет атқарып жүр

    Алматы облысынан шыққан 12 сыныптас бір әскери бөлімде бірге қызмет атқарып жүр

    Алматы облысында бір мектепті тәмамдаған 12 түлек Шымкент қаласындағы бір әскери бөлімге бірге бөлінді. Жігіттер мектеп қабырғасында жүргенде-ақ оқу бітірген соң бірден жан-жаққа тарап кетпей, әскер қатарында бірге қызмет етеміз деп уәде берген. Бүгінде сол армандары орындалып отыр.

    Әскери бөлім командирінің айтуынша, мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Әдетте сарбаздар әртүрлі өңірлер мен әскери бөлімдерге бөлінеді, ал бір ауданнан шыққан түлектердің түгелдей бір бөлімге түсуі  ерекше жағдай.

    Қызмет пен бейімделу

    Қазіргі таңда сыныптастар әскери бөлімде бірлесе қызмет атқарып, әскери тәртіпке машықтанып, оқу-жаттығуларға қатысып жүр. Командир олардың бірін-бірі бұрыннан тануы мен өзара сенімі армия өміріне тезірек бейімделуіне, психологиялық қысымды азайтуға оң әсер етіп отырғанын атап өтті.

    Әскери бөлімде әлімжеттікке жол бермеу, тәртіп пен өзара құрметке негізделген орта қалыптастыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Жас сарбаздарға арнайы тәлімгерлер бекітіліп, олар ішкі тәртіп ережелерін түсіндіріп, қызметке бейімделуге көмектеседі.

    Біз әскердегі қызметтің қауіпсіз әрі ұйымдасқан бола алатынын көрсеткіміз келеді. Ол үшін ережелерді сақтау, командирлерге сену және жолдастарыңды қолдау өте маңызды, — деді әскери бөлім командирі.

  • Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқармасы жаңа басшыға ие болды

    Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқармасы жаңа басшыға ие болды

    Алматы облысы әкімі міндетін атқарушының өкімімен Нұрлан Өмірханұлы Өмірханов 2026 жылғы 8 қаңтардан бастап Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.

    Нұрлан Өмірханұлы 1985 жылы дүниеге келген, жоғары білімді. 2007 жылы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын «Сумен жабдықтау, су бұру және су ресурстарын қорғау» мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Еңбек жолын 2007 жылы «Базис» жобалау институтында II санаттағы сумен жабдықтау және су бұру инженері қызметінен бастаған. Кейін әр жылдары әртүрлі инженерлік және басқарушылық лауазымдарда жұмыс істеген, соның ішінде «Ай-Бек строй» ЖШС, «Алматы Су Холдингі» МКК, Алматы қаласы құрылыс басқармасы және жеке кәсіпкерлікте.

    2025 жылғы сәуір айынан бастап Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқармасында бөлім басшысы лауазымын атқарып келді.

  • Алматы облысында жастарға арналған «Есірткісіз өмір – мықтылардың таңдауы» форумы өтті

    Алматы облысында жастарға арналған «Есірткісіз өмір – мықтылардың таңдауы» форумы өтті

    Алматы облысының Қонаев қаласында 3 желтоқсанда жастарды салауатты өмір салтына ынталандыруға бағытталған «Есірткісіз өмір – мықтылардың таңдауы» форумы ұйымдастырылды. Шара жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алуға, құқықтық мәдениетті күшейтуге және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталды.

    Форумға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев, спортшылар, қоғам белсенділері, еріктілер, жастар мен танымал блогерлер қатысты. Іс-шараның модераторы — актер және блогер Марселен Камате.

    Өз сөзінде өңір басшысы жастардың құқықтық сауаттылығы мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыру қоғамның қауіпсіз дамуы үшін маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында облыста есірткі қылмысына қарсы іс-шаралар күшейгенін айтты. Оның ішінде «Сақтан» жобасы арқылы мыңға жуық заңсыз жарнама жойылып, 35 семинар өткізілген, 600-ден астам ақпараттық материал таратылған.

    Облыстық ПД бастығы Мейрам Әбікеев өңірде синтетикалық есірткінің көлемі соңғы жылдары он есеге артқанын, биыл бес есірткі зертханасы анықталып, 10 тоннадан астам тыйым салынған зат тәркіленгенін хабарлады. Профилактикалық кеңес жастармен жүйелі кездесулер өткізіп, оқу орындары және ҮЕҰ-мен тығыз жұмыс жүргізіп келеді.

    Форум барысында нашақорлықтың алдын алуда белсенділік танытқан жастар марапатталды. Солардың арасында зиянды әдеттерге қарсы түсірілген фильмде полиция қызметкерінің рөлін сомдаған блогер Абзал Ғарифуллин бар.

    Шара аясында ІІМ Кинологиялық орталығы қызметтік-іздестіру иттерінің қойылымын көрсетті. Ал сыртқы алаңда арнайы жасақ сарбаздары қоян-қолтық ұрыс элементтері мен қылмыскерді құрықтау тәсілдерін көрсетіп, арнайы техниканы таныстырды.

    Форум жастардың есірткіге қарсы иммунитетін күшейтуге, қауіпсіз қоғам құруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде өтті.

  • Алматы облысының Бесағаш ауылында топ жасөспірім өтіп бара жатқан жігітті соққыға жықты

    Алматы облысының Бесағаш ауылында топ жасөспірім өтіп бара жатқан жігітті соққыға жықты

    Алматы облысының Бесағаш ауылында бір топ жас өтіп бара жатқан ер адамды ұрып-соққан. Оқиғаға қатысты видео әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды Sona.kz Qumash-қа сілтеме жасап.

    Жәбірленушінің айтуынша, ол үйіне қайтып бара жатқан. Көшеде тұрған жастар тобының жанынан өткен кезде олардың бірімен бейсаналы түрде «сүрінісу» болған. Сол сәттен кейін сөзге келу орын алып, жанжал төбелеске ұласқан. Видеода бірнеше адамның бір жігітке соққы жасап жатқаны көрінеді.

    Жәбірленуші полицияға арыз жазды. Облыстық полиция департаменті тексеріс жүріп жатқанын, қосымша ақпарат кейін берілетінін хабарлады.