Метка: Ақтөбе

  • Ақтөбедегі көпбалалы ана 11 баласын дүниеге әкелді

    Ақтөбедегі көпбалалы ана 11 баласын дүниеге әкелді

    3 наурыз күні Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығында 42 жастағы жергілікті тұрғынсалмағы 3680 грамм, бойы 57 см болатын ұл баланы дүниеге әкелді, деп хабарлайды «Диапазон» басылымы.

    Орталық директоры Гүлшат Темірбаеваның айтуынша, бұл әйелдің барлық баласы осы перзентханада дүниеге келген. Қазір ана мен нәрестенің жағдайы тұрақты, ал жаңа туған сәбиге әлі ат қойылмаған.

    Отбасында 17 жастағы үлкен баласы бар, ал 2023 жылы егіздер дүниеге келген.

    «Әдетте көпбалалы аналар бізге 5-ші немесе одан кейінгі балаларын босану үшін келеді, ал 11-ші бала – бірінші рет. Анасы мен балаларына зор денсаулық тілейміз», – деді Темірбаева.

    Дәрігерлердің айтуынша, Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығында жылына екі үшемдүниеге келеді. Биылғы алғашқы үшем 26 ақпанда туған. Жалпы, орталықта жылына шамамен 8 мың бала өмірге келеді.

  • Ақтөбеде оқушылар тәттіден уланды

    Ақтөбеде оқушылар тәттіден уланды

    Ақтөбе облысы Қобда ауданында оқушылар тәттіден уланды. Қазір 9 бала ауруханада жатыр.

    Оқиға 18 ақпан күні болды. Бір оқушы мектепке тәтті апарып, сыныптастарымен бөліп жеген. Кейін оның кері әсері болған.

    «Барлығы 23 бала ауруханаға түсті. Сөздеріне қарағанда бір бала белгісіз бір тәттіні мектепке апарып жейді. Ол тәттіні 7 бала жеген. Өзге балаларда кер әсерін берді. Көздері жасаурады, денесі қышып, мазасызданды. Дәрігерлер тексеріп, барлығы 7 баланың асқазанын шайған. Сол күні 2 баланы ата-анасы үйіне алып кетеді. Бүгін ауданға білікті дәрігерлер барды. Олар балаларды тағы бір қарап шықты. Барлығы 9 баланы қалдырды, ертең үйіне шығарылады», – деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

    Айта кетейік, балалар жеген тәтті сараптамаға жіберілді. Әзірге кері әсер нақты болғаны белгісіз. Ал Қобдадағы мектеп директоры балалар білім ордасынан емес, дүкеннен сатып алған тәттіге уланғанын айтты.

     

  • Ақтөбеде балабақшада құрттап кеткен ботқа берілген

    Ақтөбеде балабақшада құрттап кеткен ботқа берілген

    Ақтөбе облысында бүлдіршіндерге құрттап кеткен ботқа берілген балабақшаға айыппұл салынды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

    Айыппұл салынғанмен, оны кімнің өтері белгісіз. Себебі, басшысы, бас аспаз бен мейірбике жұмысынан қуылған.

    Қандыағаш қаласындағы «Самал» балабақшасын санитар мамандар тексерген. Алдымен құрт қаптаған ботқаны көрген тәрбиешілер дабыл қаққан болатын. Таңғы асқа берген тағамда құрт пен қоңыздың өріп жүргеніне аспаздар да, мейірбикесі де көңіл аудармапты. Бастысы, балалар ауыз тиіп үлгермеген.

    Бір қап жарманы сараптамаға жіберіп, ол жерде сұлы ботқасында жүрген ұсақ қоңыз екені расталды. Қапта қалған 19 келі сұлыны сол бойы отқа жағып, балабақшаға 450 мың теңгедей айыппұл салынды.

    Жұмыстан қуылған басшылардан бөлек, қойма меңгерушісі мен аспаз көмекшілері қатаң сөгіс алды.

    «Тамақ өнімдерін сақтау кезінде температура, ылғал режимі бұзылған. Сонымен қатар қоймаларында салыстырмалы ылғалды бақылау аспаптарымен жабдықталмаған. Тексерген кезде жарма сақталатын қоймадан жәндіктер табылды. Тәулік сынамасында сұлы ботқасынан қалған сынамада қоңыздар анықталды», – дейді Ақтөбе облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің бөлім басшысы Лаура Ршауова.

  • Ақтөбеде 20 көшенің атауы қазақшаға өзгертіледі

    Ақтөбеде 20 көшенің атауы қазақшаға өзгертіледі

    Ақтөбе қалалық мәслихаты «идеологиялық тұрғыдан ескірген және елеусіз қалған» көшелердің атауын өзгерту туралы шешім қабылдады.

    Алдын ала ұсыныстар бойынша, қазіргі Нахимова көшесі Тоқтамыс ханның құрметіне қойылуы мүмкін. Ал Кірпіш көшесі Роза Бағланованың құрметіне, Октябрь – Сафуан Шаймерденовтің құрметіне, Станциялық көшесі Сырбай Мәуленовтің құрметіне ауысса, Местпром көшесі-Әбу Сәрсенбаевтың құрметіне өзгертілуі мүмкін.

    Сондай-ақ Белогорка елді мекені Құндызды болып өзереді. Әрі тағы оншақты көшеге жаңа атау берілуі мүмкін.

  • Ақтөбеде кепілге алынған үйден екі адам қайтыс болды

    Ақтөбеде кепілге алынған үйден екі адам қайтыс болды

    Ақтөбеде облыстық ПД бастығы соңғы ақпаратты таратты.

    – Оқиға болған жерді зерделеу барысында жертөледе пышақ жарақаттарымен егде жастағы ата-анасы табылды. Өкінішке қарай, зардап шеккендердің бірі тасымалдау кезінде, ал екіншісі ауруханада көз жұмды. Үшінші жәбірленушіге дәрігерлер барлық қажетті медициналық көмек көрсетіп жатыр. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция департаменті қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Кінәлі адам заңның барлық қатаңдығымен жазаланатын болады, – деп хабарлады облыстық ПД бастығы Абай Жүсіпов.

    – Жедел тергеу тобы мен арнайы бөлімшелер оқиға орнына дереу жетті. Жедел қызметтер келген бойда бір әйелдің кепілге алынғаны белгілі болды. Олар күдіктімен таныс болған. Бұл ретте күдікті қандай да бір талаптар қойған жоқ. Үш сағаттық келіссөздерден кейін және күдікті кепілге алынған адамды босату туралы талаптарды орындаудан бас тартқаннан соң шабуыл жасау туралы шешім қабылданды. Арнайы операция нәтижесінде күдікті ұсталып, кепілге алынған әйел босатылды, – деді Абай Жүсіпов.

    Айта кетейік, оқиға 13 қаңтар күні сағат 20:00 шамасында болды. Хабарлама Жедел басқару орталығына түсті. Ақтөбеде жеке үйлердің бірінде белгісіз ер адам қызды кепілдікте ұстаған болатын.

    «102 нөміріне жеке үйлердің біріне белгісіз адамның кіріп, қызды кепілге алғаны туралы хабар түсті. Барлық жедел қызметтер оқиға орнына дереу жетті, аудан қоршауға алынды. Оқиға орнында полиция департаментінің бастығы мен қала прокуроры бар, келіссөздер жүргізілуде», – деп хабарлады полиция.

     

  • Ақтөбеде мектеп басшылары бюджет қаржысын бәс тігуге жұмсаған

    Ақтөбеде мектеп басшылары бюджет қаржысын бәс тігуге жұмсаған

    Прокуратураның мәліметінше, өңірдегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің басшылары бюджетке түсуге тиіс болған қаржыны жымқырған. Аталған қаражат спорт алаңдары мен залдарды жалға беру қызметінен, әуесқой спорт командаларынан түскен.

    Соңғы 3 жылда Ақтөбе облысында кәсіби клубтарды дамытуға арналған шығыстар 2 есе ұлғайтылған. Облыста республикалық және халықаралық жарыстарға дайындалуға және қатысуға бюджеттен 13 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Спорт мектептерінің басшылары 6 млн теңгеден астам бюджет қаржысын өз қажеттіліктеріне, соның ішінде букмекерлік кеңселердегі ставкаларға жұмсаған, – делінген прокуратура хабарламасында.

    Сонымен қатар, «Ақтөбе» футбол клубы командасы үшін әуе қызметтерін көтерілген бағамен 165 млн теңгеге бірнеше делдал арқылы сатып алу фактілері анықталды.

    Барлық фактілер бойынша прокуратурамен ҚК-тің 189-бабының 4-бөлігімен («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») 3 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, – делінген прокуратура хабаралмасында.

    Тексеру нәтижелері Ақтөбе облысының заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында қаралып, жауапты мемлекеттік органдарға бұқаралық спортты қаржыландыру жағдайын түзету, бюджет қаражатын мақсатты және тиімді пайдалану тапсырылды.

  • Ақтөбеліктер ішімдік ішкен әйел кесірінен көгілдір отынсыз қалды

    Ақтөбеліктер ішімдік ішкен әйел кесірінен көгілдір отынсыз қалды

    Ақтөбеде спиртті ішімдік ішкен әйелдің кесірінен 550-ден астам пәтер көгілдір отынсыз қалды. Оқиға бүгін, таңғы сағат алты жарымда болған. «Мерседес» көлігімен келе жатқан 39 жастағы келіншек газ құбыры өтіп жатқан шұңқырға түсіп кеткен. Жүргізушінің өзі зардап шеккен жоқ. Сараптама нәтижесі оның ішімдік ішкенін көрсетті. Көлік құбырды зақымдап, сол маңдағы сегіз үй көгілдір отынсыз қалды. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл шұңқырды әкімдіктің рұқсатымен жеке компаниялардың бірі қосымша газ құбырын тарту үшін қазғаны анықталды.

    «Жол көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер жоқ. Өткізілген сараптамаға сәйкес, автокөлік жүргізушісі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Осы дерек бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа шешім қабылдау үшін жіберілді», -деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

  • Ақтөбе тұрғыны ағзасын 9 млн теңгеге сатпақ болған

    Ақтөбе тұрғыны ағзасын 9 млн теңгеге сатпақ болған

    Ақтөбе облысының прокуратурасы әлеуметтік желі арқылы ішкі ағзасын 9 млн теңгеге сатқысы келген азаматты анықтап, оны қолға түсірді.

    Дереккөзге сүйенсек, «Е» есімді азамат әлеуметтік желіге хабарландыру беріп, ағзасының бірін 9 млн теңгеге бағалаған.

    «25 қыркүйек күні прокурорлар Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен бірге ол адамды қолға түсірді. Қылмыстық кодекстің 116 бабы бойынша тергеу басталды», – деп хабарлайды прокуратура.

  • 22 жастағы Мәтжан Жанесеновты атып өлтірген әскери қызметші сотталды

    22 жастағы Мәтжан Жанесеновты атып өлтірген әскери қызметші сотталды

    Қиялы шекара заставасында әріптесін атып, қамауға алынған әскери қызметші сотталды. Сот оны 3 жылға бас бостандығынан айырды.

    Жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеуі белгіленді. Сотталғаннан моральдық зиян өндірілді.

    Сот үкімі күшіне енген жоқ.

    Айта кетейік, Ақтөбе облысындағы Қиялы шекара заставасының әскери қызметшісі Р.Байбақтинге алғашында Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылып, тергеу жүрді. Кейін қылмыстық іс «Аффект жағдайында жасалған адам өлтіру» бабына сараланды.

    «ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігімен, яғни, адам өлтірді деп сотқа берілді. Сотпен анықталғаны жәбірленуші жүйелі түрде Байбақтинге құқыққа қайшы беймаралдық іс-әрекеттер жасаған. Аталған мән-жайлар куәлардың жауаптарымен дәлелін тапты. Сонымен қатар іс бойынша Ақтөбе, Алматы және Астана қалаларында сот-психологиялық, психиатриялық сараптамалар жүргізіліп, сарапшылар Байбақтин қылмыс жасаған уақытта аффект жағдайында болды деген қорытындыға келді»,- делінген Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған аудараралық әскери сотының хабарламасында.

    Ведомствоның ақпаратына сәйкес,
    сот отырысында 5 сарапшыдан жауап алынды. Барлығы бірауыздан Байбақтиннің аффект жағдайында қылмыс жасағанын бекітті. Сот іс материалдарын зерттеп, сарапшылардың қорытындыларын негізге алып, Байбақтиннің іс-әрекетін ҚК 101-бабының 1-бөлігіне саралады.

     

    «Яғни, сотталушы 2023 жылғы 2 желтоқсанда аффект жағдайында адам өлтірді. Атап айтқанда жәбірленушінің жүйелі түрде құқыққа қайшы беймаралдық мінез-құлқына байланысты туындаған ұзаққа созылған психиканың күйзелтетін ахуалдан болған. Кенеттен туындаған қатты жан күйзелісі аффект жағдайында жасалған адам өлтіру. 2024 жылдың 13 қыркүйегі күні сот үкімімен Байбақтин ҚК 101-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — деп толықтырды Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған аудараралық әскери соты.

    Еске салсақ, оқиға былтыр желтоқсан айында болды. Мәртөк ауданындағы Қиялы шекара заставасында 22 жастағы Мәтжан Жанесенов көз жұмды. Ол – Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тумасы.

  • Ақтөбеде ірі кәсіпорынға 2,9 млрд теңге айыппұл салынды

    Ақтөбеде ірі кәсіпорынға 2,9 млрд теңге айыппұл салынды

    Ақтөбенің Хромтау ауданында табиғат қорғау прокурорлары «Восход Хром» ЖШС-нің қызметінде хром кенін өңдеу кезінде жіберілген бұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, кәсіпорын 2022 жылы міндетті экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеген.

    Атмосфераға 52 тоннадан астам ластаушы заттардың қалдықтары (бейорганикалық шаң, 3 валентті хром, магний оксиді және т.б.), сондай-ақ жалпы 395 мың тонна көлемінде  ірі кесек және байыту қалдықтары нормадан жоғары, яғни заңсыз деп танылды.

    Кәсіпорынға қызметін экологиялық рұқсатсыз жүзеге асырғаны үшін, 2,9 млрд теңгеден астам айыппұл салынды. Серіктестікті әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулыға сот тәртібімен шағым жасалды.