Метка: Асхат Бердіханов

  • Асхат Бердіханов: Шаруаларға қолдау – ауылдың дамуы

    Асхат Бердіханов: Шаруаларға қолдау – ауылдың дамуы

    Қонаев әкімі Асхат Бердіханов Шеңгелді округіндегі бірқатар шаруа қожалықтарын аралап, олардың жұмысымен танысты.

    «Smart Adam Agro» 900 гектар жерді игеруді көздеп отыр. Қазір жоңышқа мен қызанақ егілген, жаңбырлатып суару жүйесі енгізілген. Электр желісіне қосылу құжаттары кешеуілдеп жатыр. Әкім бұл мәселені шешуді тапсырды.

    «Болашақ» ШҚ 20 гектар алқапта қарақат, бақша және көкөніс өсіреді. 2026 жылға қарай қарақат алаңын 30 гектарға жеткізу, шағын цех пен агротуризмді дамыту жоспарлануда. Әкім қосымша жер телімін беруді ұсынды.

    «Марьям» ШҚ 230 гектарда егін егеді. 70 млн теңгеге су қоймасы мен сорғылар орнатқан. Көкөніс көлемін 100 гектарға дейін арттыру көзделген. «Кең Дала» бағдарламасы аясында 40 млн теңгеге өтінім тапсырған.

    2025 жылы округтегі егіс көлемі 8 150 гектарды құрады. Әкім бұл бағыттағы қолдаулар жалғасын табатынын айтты.

  • Қала әкімі жағажайларды тексерді

    Қала әкімі жағажайларды тексерді

    ТЖБ мамандарының сөзінше, шомылу маусымы басталғалы мұнда кезекшілік пен патрульдеу ұйымдастырылған. Сондай-ақ 10-нан астам құтқарушы посттарда отыр.

    Бейнебақылау камералары арқылы полиция басқармасы бақылау жүргізуде. Әр жерлерде ақпараттық баннерлер орнатылған.

    Ал кәсіпкерлермен тілдескен шаһар басшысы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, нысандарды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестендіру – ең басты шаралар екенін атап өтті.

    «Келісімшарт жасалған соң, нысандарды талаптарға сай ете отырып, халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсету қажет. Қайғылы жағдайлар орын алмас үшін бірлесе әрекет етейік. Жағажайды, бизнес орындарын таза ұстаңыздар. Халық пен қонақтар, демалушылар тарапынан түскен сын-пікірлерді басшылыққа алып, кемшілікті түзетіңіздер», – деді Асхат Бердіханов.

    Айта кетейік, биыл Қонаевта 140-тан астам демалыс орны жұмыс істейді. 6,7 жағажайларды абаттандыру шомылу маусымынан кейін басталады деп жоспарлануда.

  • Қонаевта 28 отбасы қоныс тойын тойлады

    Қонаевта 28 отбасы қоныс тойын тойлады

    Қонаев қаласында кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы отбасыларға пәтер кілттері табысталды. Тұрғындарды қоныс тойымен құттықтаған қала әкімі Асхат Бердіханов:

    «Қонаев қаласында тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүруде. Онымен қоса, халықты баспанамен қамту мәселесіне де аса ден қойылуда. Былтырдан бері 165 отбасыға пәтер кілттері табысталса, бүгін 28 отбасы қуанышқа кенелейін деп отыр. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, біртуар азаматтарымыздың 90-100 жылдығы тойланып, Жұмысшы мамандықтар жылына орай бірқатар іс-шаралар жүзеге аспақ. Осы атаулы күндермен қатар сіздер де көптен күткен пәтерге ие болдыңыздар. Шаңырақтарыңыздың іргетасы мықты, керегесі кең болсын! Ішінде тек қана татулық пен береке, қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын!», – деді.

    Қуаныш иелерінің атынан Ғалия Момбекова сөз алып, жиналған жұртқа ақжарма тілегін арнады.

    «Біз секілді жанұяларға қолдау көрсеткен Президентімізге, облыс әкімі мен қала әкіміне алғысым шексіз! Бұл күнді өте ұзақ күттік! Іштей толқып, кеудемді керемет сезімдер билеуде! Әр жанұяға биылдан қалмай, үйлі болуын тілеймін! Той тойға ұлассын!», – деді ол.

    Айта кетейік, бұл пәтерлер жекешелендіру құқығынсыз жалға беріледі. Жалға алу құны барша азаматқа қолжетімді.

  • Шеңгелдідегі суару желілері күрделі жөндеуден өтеді

    Шеңгелдідегі суару желілері күрделі жөндеуден өтеді

    Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов Шеңгелді ауылдық округінде қызмет ететін шаруалармен, сорғы станцияларының басшыларымен кездесті.

    Ауқымды жиында ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесі талқыланды. Жауапты бөлімнің басшысы Асқар Ибраимовтың сөзінше, елдімекенде 9 сорғы станциясы орналасқан. Қазір оның төртеуінде көктемгі дала жұмыстарына дайындық басталып, ағымдағы жөндеу жасалуда.

    Ал №4 сорғы станциясының басшылығы қаржылық тапшылықтың болуына байланысты жөндеу жүргізудің кешіктіріліп жатқанын мәлім етті. Осы орайда, Асхат Бердіханов әкімдікпен үшжақты меморандумға қол қою арқылы қажетті қондырғыларды уақытша пайдалану туралы ұсыныс білдірді. Егер бұл шара жүзеге асса, №4 сорғы станциясы 1000 гектардан астам жерді суарға мүмкіндік болады.

    Сондай-ақ басқосуда басқа да сорғы станцияларының желілерін жаңғыртуға қажетті құжаттар дайындалып жатқаны айтылды. Ал №5 сорғы станциясының суару желілерін күрделі жөндеу жұмыстары 2022 жылы басталған болатын. Барлық жобаларда тапсырыс беруші – Алматы облысының құрылыс басқармасы.

    Суды үнемдеу мәселесіне келсек, қазіргі таңда тамшылатып суаруға қажетті құрал-жабдықтарды өндіруші «Жібек жолы» ЖШС-мен шаруалар келіссөздер жүргізіп жатыр. Биыл жаңа технология пайдаланылатын егістік алқабының көлемін ұлғайту жоспарлануда.

    Сонымен қатар шаруаларға берілетін мемлекеттік қолдауларды алудың түрлі тетіктері де айтылды. (Ол туралы қосымша ақпарат жарияланады).

    Айта кетейік, былтыр Шеңгелдіде 8050 гектар жер игерілген.

  • Жағажайдағы ескі-құсқының көзін жоятын кез келді – Асхат Бердіханов

    Жағажайдағы ескі-құсқының көзін жоятын кез келді – Асхат Бердіханов

    Қонаевтағы 6,7-ші жағажайларды жаңартып, жаңғыртатын уақыт келді. Бұл туралы кәсіпкерлермен кездескен қала әкімі Асхат Бердіханов айтты.

    Баршаға мәлім, 2024 жылы №5 жағажай қолданысқа берілді. Қазір «Фридом финанс» компаниясы 1 шақырым жағажайды абаттандырып жатыр. Құрылысы жақын арада аяқталады деп жоспарланған. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары №8 жағажайда да жүріп жатыр. Алдағы уақытта 5 шақырымнан астам жағажайды абаттандыру, Солтүстік жағажайларды да кезең-кезеңімен дамыту көзделуде.

    Енді жуық арада 6,7-ші жағажайды абаттандырып, қолданысқа беру қажеттілігі туындап отыр. Себебі, шомылу маусымында осы қалалық жағажайға келіп, демалатын адамдардың саны басқа орындармен салыстырғанда айтарлықтай көп. Туризмді дамыту, демалушыларға қолайлы орта құру, қызмет көрсету сапасын жоғарылату – әкімдіктің басты міндеттерінің бірі. Жағажайды абаттандыру – инвестициялық тартымдылықты арттыру, облыс орталығының сәулеттік келбетін жақсарту үшін де таптырмас мүмкіндік.

    Мұндағы бизнес орындарының қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді: қираған темір жабдықтар, қоқыс толған аумақтар, тапшандар.

    Бұған дейін бірнеше жыл қатарынан мұнда 42 кәсіпкер қызмет еткен. Олар коммуналдық мемлекеттік мекемемен келісімшартқа отырып, арзан бағада бизнес орындарын жалға алып әрі ағымдағы жөндеу ғана жасап отырған. Енді ол заман келмеске кетті, – дейді әкім.

    Мәселені түбегейлі шешу үшін әкімдіктің дөңгелек үстелінде «Қонаев әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның өкілдері, бөлім басшылары, кәсіпкерлер жиналды.

    «Жыл басында аумағы 7,5706 гектар жағажай«Қонаев әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ға 10 жылға уақытша пайдалануға берілді. Енді корпорация жағажайды жаңғыртуға белсене кіріспек ниетте», — деді Асхат Бердіханов.

    Ал корпорация мамандары кәсіпкерлерге керемет мүмкіндіктер ұсынды:

    1. Егер құрылыс корпорация қаржысына ғана жүргізілсе, абаттандыру толық аяқталған соң, сенімгерлік басқарушы компания бизнес орындарын жалға алуға конкурс өткізеді. Оған кез келген кәсіпкер қатысуына болады;

    2. Егер құрылысқа кәсіпкерлер өздері қаржы құйса, нысанды бірден бірнеше жыл жалға алуға мүмкіндік қарастырылады.

    Кәсіпкерлер әлі де бұл мәселені талқылау қажеттілігін жеткізді. Олар құрылыстың қымбатқа соғатынын алға тартты.

    «Жағажайды жөндеуге инвестор тартсақ, жаңа жұмыс орындары құрылғанымен, басқа кәсіпкерлердің жұмысы тоқтап қалады. Сондықтан шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау мақсатында «Қонаев ӘКК» АҚ-мен серіктес болуға шешім қабылдадық», — деді әкім.

    Сонымен қатар ол былтыр шомылу маусымында қалаға 1,5 млн демалушы келгенін айтты.

    «Биыл көрсеткішті жоғарылату қажет. Ол үшін жағалауларды заманауи әрі көрікті етсек артық болмайды», — деді Асхат Бердіханов сөзін қорытындылап.

    Аталған мәселеге байланысты қосымша ақпараттар алдағы уақытта жарияланатын болады.

  • Д.Қонаев туған күні: қонаевтық 80 отбасы баспаналы болды

    Д.Қонаев туған күні: қонаевтық 80 отбасы баспаналы болды

    Алдымен барша жұрт Д.Қонаевтың туғанына 113 жыл толуына орай, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Кейіннен Мәдениет үйінде мемлекет және қоғам қайраткерін еске алу кеші өтті.

    Шараға қала әкімі Асхат Бердіханов қатысып, Д.Қонаевтың өр тұлғалы азамат болғаны жайында маңызды деректерге тоқталды.

    «Бүгін біз үшін ерекше күн. Себебі, дәл осы күні, 1912 жылдың 12 қаңтарында қаламызға есімі берілген еліміздің даңқты перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев дүние есігін ашты. Қонаев атамыз ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 қала салынды. Ол Іле өзенінің бойына бөген салдырып, жаңа су электр стансасының бой көтеруіне, осы маңда жаңа Қапшағай қаласының іргетасы қалануына еңбек сіңірді», – деді Асхат Бердіханов.

    Содан кейін әлеуметтік осал топтағы отбасыларға және кезекте тұрған азаматтарға 80 пәтердің кілті табыс етілді. Шағын концерттік бағдарламадан соң, шаһар басшысы бүгін баспаналы болған екі отбасының үйіне барып, құттықтап шықты.

    «Өзім көпбалалы анамын, 7 балам бар. Үй кезегінде 17 жылдан бері тұрғанмын. Бүгін атамыздың туған күнінде жақсы жаңалық болып, үйге қолымыз жетті. Қуаныштымын! Әлеуметтік осал топтағыларды, көпбалалы аналарды, жетімдер мен ардагерлерді қолдап жүрген мемлекеттік қызметкерлерге алғысым шексіз», – деді үй иесі Назым Ахметова.

    Айта кетейік, пәтерлер жекешелендіру құқығынсыз жалға берілді. Жалға алу құны – қолжетімді. Былтыр Қонаевта 85 отбасыға пәтер кілті табысталған болатын.

  • Қонаев Абай көшесіндегі жабайы сауда мәселесін қалай шешті?

    Қонаев Абай көшесіндегі жабайы сауда мәселесін қалай шешті?

    Қонаев қаласындағы Абай көшесі ұзақ жылдар бойы жабайы сауда орнына айналып, шаһардағы мәселесі шешілмеген негізгі аумақ ретінде келген еді.  

    Осы маңайдағы үйлердің тұрғындары мұндағы антисанитариялық жағдай, қоқыс және рұқсат етілмеген сауда нүктелеріне байланысты туындаған қолайсыздықтар жайында әкімдікке бірнеше мәрте шағымданған. Жағдайдың шегіне жеткені соншалық, коммуналдық қызмет күн сайын аумақты тазаласа да, көпке дейін мәселені түбегейлі шешу мүмкін болмады.

    Қала билігі қолға алған нақты шаралар

    Биыл әкімдік Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіхановтың жетекшілігімен белсенді іс-қимылға көшті. Абай көшесіндегі барлық заңсыз дүңгіршектер алынып, аумақ тазартылды. Қала билігі көшені кеңейтіп, абаттандыру жұмысының жоспарымен таныстырды. Яғни, бұл аумақта заманауи жаяу жүргіншілер жолын, автотұрақтар мен демалыс орнын ашатынын жеткізді.

    Алайда, бұл өзгерісті бәрі бірдей оң қабылдаған жоқ. Көптеген саудагер үшін Абай көшесі жылдар бойы кәсіппен айналысқан мекені болды. Әрине, ақша әкеліп тұрған үйреншікті орнын жоғалту кәсіпкерлердің наразылығын тудырмай қоймады.

    Саудагерлермен диалогқа келу

    Бүгін Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов жабайы сауданы жүргізіп келген өкілдермен кездесіп, қала билігінің жоспарын түсіндірді. Жиында Абай көшесін абаттандырудың алдын ала жобалары таныстырылды. Мұнда тек инфрақұрылымды жақсарту ғана емес, сонымен қатар барлық қажетті нормаға сәйкес келетін сауда нүктелерін құру мүмкіндігі қарастырылатыны да айтылды.

    Қала әкімі өз пікірінде жаңа абаттандырылған аумақта сауда нүктелері модульдік, заманауи және қаланың жалпы сәулеттік келбетіне сай болуы керектігін баса айтты. Сондай-ақ ол кәсіпкерлерге қала билігінің қоғамдық мүддені бұзбайтын жағдайда жүргізілген шағын бизнесті қолдауға дайын екенін жеткізді.

    Аумақты жақсарту перспективалары

    Абай көшесін абаттандыру жоспарлары барлық тұрғындар үшін жайлы және қауіпсіз қалалық ортаны құруды көздейді. Жаңарту мен жөндеу жұмыстарының нәтижесінде көше кәдімгі серуендеуге, демалуға, сауда жасауға ыңғайлы заманауи қоғамдық кеңістікке айналады. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, жалпы қаланың дамуына үлес қоса отырып әрі инвесторлардың назарын аударады.

    Қонаев әкімдігі халықпен және кәсіпкерлермен тиімді диалог орнату қаланың күрделі мәселелерін шешуге негіз бола алатынын көрсетті. Алда атқаратын жұмыс көп. Дегенмен, қазірдің өзінде жасалған қадамдар алға қойылған міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыруға сенімділік ұялатады.