Метка: Балабақша

  • Қазақстанда мектептер мен балабақшаларда жоспардан тыс тексерістер жүргізілмек

    Қазақстанда мектептер мен балабақшаларда жоспардан тыс тексерістер жүргізілмек

    Қазақстанда мектептер мен балабақшаларда жоспардан тыс тексерістер тәртібі енгізілді. Бұл нормалар мәдениет, білім, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелеріне қатысты жаңа заңда көзделген, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Заңға сәйкес, жоспарлы тексерістер білім беру ұйымының тәуекел дәрежесіне — жоғары, орта немесе төмен деңгейіне — байланысты тағайындалады. Жоспарлы тексерістер жылдық тексеру тізіміне сай арнайы акт негізінде жүргізіледі.

    Ал жоспардан тыс тексерістер мемлекеттік бақылау субъектісін алдын ала хабардар етпей жүзеге асырылады.
    Оның негіздері:
    мемлекеттік бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалуын қадағалау;
    жеке және заңды тұлғалардың өтініштері;
    заң талаптарының бұзылуына қатысты прокурордың нақты талабы;
    мемлекеттік органдардың өтініштері;
    БАҚ-та жарияланған нақты фактілер;
    қылмыстық қудалау органы берген тапсырмалар.

    Бұған дейін Қазақстан Президенті мәдениет, білім және отбасы мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген түзетулерге қол қойған болатын.

  • Сәтбаевта ерекше қызға балабақшада 7 ай бойы қысым көрсетілгені анықталды

    Сәтбаевта ерекше қызға балабақшада 7 ай бойы қысым көрсетілгені анықталды

    Сәтбаев қаласындағы балабақшалардың бірінде ерекше қажеттілігі бар 3 жасар қыздың бірнеше ай бойы қатарластарынан және қызметкерлерден қысым көргені туралы видео әлеуметтік желіге жарияланды.  Тілшілері жәбір көрген баланың анасы Мадина Бұхарбековамен сөйлесіп, оқиғаның мән-жайын анықтады, деп хабарлайды Sona.kz  Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

    Анасының айтуынша, 7–8 ай көлемінде топтағы балалар қызын ұрып, тартып құлатып жүрген. Ал тәрбиешілер жағдайға дер кезінде ықпал етпеген. Бейнежазбадан бүлдіршіннің сабақ кезінде де, ас ішу кезінде де топтан оқшауланып отырғаны байқалады.

    19 қарашадағы жазбада балалардың қызды ренжітіп, бетінен ұрған сәттері анық көрінеді. Тәрбиеші болған жағдайға назар аудармаған. Бір кезеңде барлық бала сыртқа шығарылып, бүлдіршін сыныпта жалғыз қалдырылған. Кейін күтуші терезені ашып қойып, еден жуған. Қыз бала 45 минут бойы бөлмеде жалғыз жылап жүрген.

    Мадина Бұхарбекованың айтуынша, қызының «аутизм спектрінің белгілерімен психикалық дамудың кешігуі» диагнозы бар. Ол ұзақ уақыт бойы ем қабылдап, әлеуметтік ортаға бейімделіп келе жатқан. Алайда балабақшадағы жағдай оның күйіне кері әсер етуі мүмкін.

    Ата-ана бұған дейін де көгерген іздер мен жарақаттарды байқаған, алайда баланың ойнап жүріп алғаны деп ойлаған. Балабақша әкімшілігіне бірнеше рет ескерту жасалғанымен, мәселе шешілмеген.

    Қазір оқиға бойынша тексеріс басталды. Ұлытау облысы полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары балабақша қызметкерлерінен, ата-аналардан және куәгерлерден түсінік алып жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша құқықтық баға беріліп, заңға сәйкес шара қолданылмақ.

  • Таразда балабақша қызметкері бүлдіршінді ұрған сәт видеоға түсіп қалды

    Таразда балабақша қызметкері бүлдіршінді ұрған сәт видеоға түсіп қалды

    Әлеуметтік желілерде Тараздағы балабақшалардың бірінде болған оқиғаға қатысты бейнежазба тарады. Кадрларда балабақша қызметкері балаға көк түсті пакетпен басынан қатты соққы жасағаны көрінеді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Соққыдан кейін бүлдіршін басын ұстап шегініп кетеді. Кейінгі сәттерде баланың бас терісі жарылғаны байқалады.

    Жамбыл облысы полиция департаменті хабарлағандай, жасөспірімді ұрып-соғу дерегіне байланысты ҚР ҚК-нің 140-бабы («Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

    «Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде: сараптамалар тағайындалды, куәгерлерден жауап алынуда, болған жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр. Тергеудің барысы департамент басшылығының бақылауында», – делінген полиция хабарламасында.

    Айта кетейік, бұған дейін Алматыда баланы қылқындырып, соққы жасаған 20 жастағы тәрбиеші төрт жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сондай-ақ Павлодар мен Астанада да балаларға дөрекілік көрсеткен балабақша қызметкерлеріне қатысты істер сотта қаралған еді.

  • Шеңгелдіде балабақша ашылды

    Шеңгелдіде балабақша ашылды

    1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні ауыл тұрғындары үшін қуанышты жаңалықпен басталды. Шеңгелдіде 50 орынға арналған жаңа жекеменшік балабақша есігін айқара ашты.

    Мекеменің ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова қатысып, жұртшылықты айтулы күнмен және жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтады.

    «Бұл балабақшадан елге тұтқа болатын азаматтар өсіп шықсын. Мерекелеріңіз құтты болсын! Ауыл тұрғындарына, балақайларға зор денсаулық, ашық аспан, мол бақыт тілейміз!» – деді қала әкімінің орынбасары.

    Бүгінде Қонаев қаласында (ауылдық округтерді қоса есептегенде) барлығы 19 балабақша жұмыс істейді. Оның ішінде 12-сі – мемлекеттік, 7-еуі – жекеменшік. Осы көрсеткіш бүгін тағы бір балабақшамен толықты

  • Астаналық тұрғын: Балама «кішкентай Бишімбаев» деп тіл тигізіп, балабақшадан заңсыз шығарды

    Астаналық тұрғын: Балама «кішкентай Бишімбаев» деп тіл тигізіп, балабақшадан заңсыз шығарды

    Сарайшык ықшамауданының тұрғыны әкім Жеңіс Қасымбекке шағымданып, екі жасар баласының жеке балабақшада буллингке ұшырағанын айтты. Айтуынша, 2024 жылы тамызда барған балабақшадан ұлын 26 қыркүйекте ешбір ресми себепсіз шығарып жіберген.

    Бұған дейін балабақша қызметкерлері балаға «бейәдеп», «агрессивті», тіпті «кішкентай Бишімбаев» деген сөздер айтқан. Анасы бұл әрекеттерді әлеуметтік буллинг деп бағалап, прокуратураға, білім басқармасына және полицияға жүгінгенімен, іс қозғалмаған.

    Әкім Жеңіс Қасымбек жағдайды бақылауға алатынын айтып, құқық қорғау органдарына ресми арыз түсіруді ұсынды. Фактілер расталса, жауаптылар заң алдында жауап береді деді.

  • Тәрбиеші баланы тұншықтарған: Алматыда балабақша тәрбиешісі мен меңгерушісі жұмыстан қуылды

    Тәрбиеші баланы тұншықтарған: Алматыда балабақша тәрбиешісі мен меңгерушісі жұмыстан қуылды

    Алматыда «Ахляк» балабақшалар желісінің негізін қалаған Амина Юсупбаева қаладағы бөлімшелердің бірінде болған оқиғаға қатысты пікір білдіріп, зардап шеккен баланың ата-анасынан кешірім сұрады.

    Оның сөзінше, балабақша тәрбиешісі мен меңгерушісі жұмыстан босатылды, ал директорларға айыппұл салынған. Сондай-ақ оқиға болған филиалдың қызметі тоқтатылды.

    «Жұбайым екеуміз алғашқы балабақшамызды ашқанымызға 10 жылдан асты. Көпбалалы ата-ана ретінде біз де басқалар сияқты мектепке дейінгі білім берудің барлық құндылығы мен жауапкершілігін түсінеміз. Жұбайым екеуміз ұйымның атынан балаға келтірілген зиянды өтеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз», – деді Амина Юсупбаева.

    Мекеме басшысы мұндай жағдай бірінші рет болды деп отыр. Ол зардап шеккен кішкентай баланың ата-анасынан кешірім сұрап, тәрбиешінің іс-әрекетін айыптайтынын және қолдамайтынын жеткізді.

    Кәсіпкер балабақша қызметкерлері мекемеде бейнебақылау камералары бар екенінен хабардар болғанын айтты. Енді мекеме басшылығы балалармен тікелей жұмыс істейтін тәрбиешілерді іріктеу және жұмысқа қабылдау процесін толығымен қайта қарамақ.

  • Ақтөбеде балабақшада құрттап кеткен ботқа берілген

    Ақтөбеде балабақшада құрттап кеткен ботқа берілген

    Ақтөбе облысында бүлдіршіндерге құрттап кеткен ботқа берілген балабақшаға айыппұл салынды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

    Айыппұл салынғанмен, оны кімнің өтері белгісіз. Себебі, басшысы, бас аспаз бен мейірбике жұмысынан қуылған.

    Қандыағаш қаласындағы «Самал» балабақшасын санитар мамандар тексерген. Алдымен құрт қаптаған ботқаны көрген тәрбиешілер дабыл қаққан болатын. Таңғы асқа берген тағамда құрт пен қоңыздың өріп жүргеніне аспаздар да, мейірбикесі де көңіл аудармапты. Бастысы, балалар ауыз тиіп үлгермеген.

    Бір қап жарманы сараптамаға жіберіп, ол жерде сұлы ботқасында жүрген ұсақ қоңыз екені расталды. Қапта қалған 19 келі сұлыны сол бойы отқа жағып, балабақшаға 450 мың теңгедей айыппұл салынды.

    Жұмыстан қуылған басшылардан бөлек, қойма меңгерушісі мен аспаз көмекшілері қатаң сөгіс алды.

    «Тамақ өнімдерін сақтау кезінде температура, ылғал режимі бұзылған. Сонымен қатар қоймаларында салыстырмалы ылғалды бақылау аспаптарымен жабдықталмаған. Тексерген кезде жарма сақталатын қоймадан жәндіктер табылды. Тәулік сынамасында сұлы ботқасынан қалған сынамада қоңыздар анықталды», – дейді Ақтөбе облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің бөлім басшысы Лаура Ршауова.

  • Баланы тепкен тәрбиешіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды

    Баланы тепкен тәрбиешіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды

    Атыраудағы балабақшада әйел баланың бірін тепкен. Қазір тәрбиешіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

    Бұл туралы желіде видео тарады. Онда әйелдің кішкентай ұлды тепкен сәті түсірілген.

    – Атыраудағы Зейнеп-Амина балабақшасы МАД-1 тобында болған жағдай. Осындай жағдай Зейнеп-Амина балабақшасында бірінші емес, – деп жазба қалдырған желі қолданушысы.

    Атырау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған.

    – Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды, – деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

     

  • Ақтөбе облысында балабақша бухгалтері сотталды

    Ақтөбе облысында балабақша бухгалтері сотталды

    Ақтөбе облысында бірнеше балабақшаның бухгалтері басшысы атынан құжаттарға қол қойып, өз шоттарына ақша аударған. Бұл туралы Мұғалжар ауданының прокуратурасы анықтады.

    Салдарынан мектепке дейінгі ұйымдарда 54 млн теңгеден астам бюджет қаражатын заңсыз иемденген. Заңсыз әрекет «Балауса», «Гүлдер», «Шапағат» және «Арай» балабақшаларында болған.

    Осы деректерге қатысты аудан прокуратурасы бухгалтерлерге қатысты қылмыстық кодекстің 189-бабының 2 және 4-бөлігі (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында «Шапағат» және «Арай» балабақшасы бухгалтерлері 5 млн теңгеден астам шығынды өтеді. Сол себепті қылмыстық іс тоқтатылды.

    «Балауса» және «Гүлдер» балабақшасы бухгалтеріне 49 млн теңге қаражатты заңсыз иемденгені үшін сот үкімі шығып, ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

  • Балабақшадан 240 млн теңгеден астам бюджет қаражаты қолды болған

    Балабақшадан 240 млн теңгеден астам бюджет қаражаты қолды болған

    Ақтөбе облысының Хромтау және Мұғалжар аудандары прокуратуралары мектепке дейінгі мекемелерде 240 млн теңгеден астам бюджет қаражатын талан-таражға салу фактілерін анықтады.

    «Бюджет қаражаты жұмысшыларға қосымша сыйлықақы беруде бюджеттік өтінімдерді негізсіз жоғарылату арқылы иемденiлген. Бақылаусыз өзгерістер енгізіліп, оның ішінде басшыларға сыйлықақы беру туралы бұйрықтарға сомаларды асыра көтерген. Иемденіп алу схемалары жалақыны белгіленген нормадан тыс аудару, аударымдарды қайталау, жалған іссапарлар арқылы жүзеге асырылған», — делінген облыстық прокуратура хабарламасында.

    Сонымен қатар есепшілердің бірі кейбір қызметкерлерге жоғарылатылған жалақы, қосарланған еңбек демалысы мен іссапар төлемдерін заңсыз есептеу арқылы жалпы көлемі 24 млн теңгеден астам қаражатты иемденген.

    Осы қаражат ешқандай негізсіз есепшінің немесе балабақша меңгерушісінің жеке есепшоттарына аударылған.

    Аудан прокуратураларымен аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшыларына, 3 балабақша меңгерушілері мен 4 есепшілеріне қатысты ҚК-тің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен (аса ірі мөлшерде cенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.