Қазақстанда мектептер мен балабақшаларда жоспардан тыс тексерістер жүргізілмек

Қазақстанда мектептер мен балабақшаларда жоспардан тыс тексерістер тәртібі енгізілді. Бұл нормалар мәдениет, білім, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелеріне қатысты жаңа заңда көзделген, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

Заңға сәйкес, жоспарлы тексерістер білім беру ұйымының тәуекел дәрежесіне — жоғары, орта немесе төмен деңгейіне — байланысты тағайындалады. Жоспарлы тексерістер жылдық тексеру тізіміне сай арнайы акт негізінде жүргізіледі.

Ал жоспардан тыс тексерістер мемлекеттік бақылау субъектісін алдын ала хабардар етпей жүзеге асырылады.
Оның негіздері:
мемлекеттік бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалуын қадағалау;
жеке және заңды тұлғалардың өтініштері;
заң талаптарының бұзылуына қатысты прокурордың нақты талабы;
мемлекеттік органдардың өтініштері;
БАҚ-та жарияланған нақты фактілер;
қылмыстық қудалау органы берген тапсырмалар.

Бұған дейін Қазақстан Президенті мәдениет, білім және отбасы мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген түзетулерге қол қойған болатын.