Метка: Басты оқиғалар

  • Қазақстанда микроқаржы ұйымдары мен коллекторларға бақылау күшейтіледі

    Қазақстанда микроқаржы ұйымдары мен коллекторларға бақылау күшейтіледі

    Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық қызмет саласында өзін-өзі реттеу институтын енгізу бастамасын талқылады, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Қазіргі таңда елде 899 микроқаржы ұйымы және 197 коллекторлық агенттік жұмыс істейді. Олардың жалпы несие портфелі 3,2 трлн теңгені құрайды. Оның 61 пайызы, яғни 1,9 трлн теңге, бизнеске берілген микрокредиттердің үлесінде.

    Агенттік төрайымы Мадина Әбілқасымова қаржылық қызметтер тұтынушыларынан түсетін шағымдар саны артқанын атап өтті. Тек 2024 жылдың өзінде 812 тексеріс жүргізіліп, оның нәтижесінде 431 млн теңге көлемінде 1175 айыппұл салынған.

    «Бақылау нәтижелері бұзушылықтардың тек микрокредит берумен ғана емес, басқа да қызмет түрлерімен байланысты екенін көрсетті. Осыған байланысты біз екі деңгейлі қадағалау жүйесін ұсынамыз – міндетті түрде өзін-өзі реттеу институтын енгізу», – деді Әбілқасымова.

    Кездесуге Агенттік басшылығы, Ұлттық банк, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы, Ресей банкінің өкілдері, сондай-ақ микрокредиттік ұйымдар мен коллекторлар қатысты. Ресейлік мамандар өз елдерінде енгізілген өзін-өзі реттеу тәжірибесімен бөлісті.

    Мамандардың айтуынша, бұл қадам нарықтағы тәртіпті күшейтіп, қызмет сапасын арттыруға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.

  • Қонаевтың қарт тұрғындарына құрмет көрсетілді

    Қонаевтың қарт тұрғындарына құрмет көрсетілді

    Ардақты ардагерлердің мерекесіне орай, Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов Кербұлақ және Қосқұдық ауылдарында тұратын көнекөз қария мен әжейлерді құттықтап, үйлеріне барды.

    Дүйсен атамыз бен Сарқыт апамыздың отау құрғанына биыл 51 жыл уақыт болған. Қазірде олар Кербұлақ ауылындағы үлгілі отбасылардың бірі. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеген қарттар әлі күнге дейін туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін жоғалтпаған. Қилы замандарда да ауылын тастап кетпеген. Ата мен әже зейнет жасына дейін егіншілікте қызмет жасап, балаларын оқытып, жеткізіп, қара шаңырақтың иесі болып отыр.

    Ал Қосқұдық тұрғыны Тілеукен Шаяхметова – жасы 85-ті алқымдаған алтын құрсақты ана, кітапханашы. Әженің отбасы станса құрылғанда осы өңірге көшіп келген. Әкесі де, балалары да – әулетімен түгел теміржолшы.

    Шаһар басшысымен ақ дастархан басында әңгімелескен қарттар ақжарма тілектерін айтты.

    «Осы күнімізге де шүкір. 10 құрсақ көтеріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Ауыл үшін талай тер төгіп, еңбек еттік. Балаларыммен қатарлас екенсіңдер, мерекені елеп-ескеріп, құттықтап жатқандарыңа алғыс. Біздің жасымызды берсін! Көгеріп, көктеңдер, балаларым», – деді Тілеукен әже.

    Бұдан бөлек, Қонаев қаласының тұрғындары, отау құрғандарына 50-60 жыл болған Сәрсенбековтер мен Абышевтер әулетіне сый-сияпаттар тарту етілді.

    Мерекеде жалғызбасты қарттар да назардан тыс қалған жоқ. Оларға қала әкімдігінің атынан азық-түлік себеттері жеткізілді.

    Сондай-ақ қаланың алғаш іргесін қалаған құрылысшылар, «Ардагерлер кеңесі» мен «Аналар кеңесінің» мүшелері, түрлі салада қызмет еткен зейнеткерлер, белсенді қарияларға қала әкімінің Алғыс хаты табысталды.

  • Тоқаев мұғалімдерге мемлекеттік марапат тапсырды

    Тоқаев мұғалімдерге мемлекеттік марапат тапсырды

    Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің білім саласына сіңірген елеулі еңбегі мен ерекше жетістіктері үшін ұстаздарға ордендер мен медальдар табыстады, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Марапаттау рәсімі Ақордада өтті. Мемлекет басшысы мұғалімдердің қоғамдағы рөлін ерекше атап өтіп, олардың еңбегі әрқашан мемлекет назарында болатынын айтты.

    — Ұстаз — жай ғана мамандық емес, ол — ұлы миссия. Бүгінгі ұрпақтың ой-санасын қалыптастырып, білімге және Отанға деген сүйіспеншілігін тәрбиелеу — ұстаздың қасиетті борышы. Біз әрқашан сіздердің еңбектеріңізді бағалаймыз және қолдаймыз, — деді Президент.

    «Парасат» ордені Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті Улжан Жанбершиевке және Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы Рашида Мусайбековаға берілді.

    «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағына Алматы, Шымкент, Жамбыл, Түркістан облыстарының ұстаздары мен еңбек ардагерлері ие болды.

    «Құрмет» орденімен алты педагог пен ардагер марапатталды.

    «Ерен еңбегі үшін» медалі колледж оқытушыларына, мектеп мұғалімдеріне және SOS балалар ауылдарының тәрбиешілеріне берілді.

    Ал «Шапағат» медалі жеке мектеп директоры мен политехникалық колледж оқытушысына тапсырылды.

    Биылғы мәлімет бойынша, елімізде 380 мыңнан астам педагог еңбек етуде. Соңғы үш жылда ауыл мектептеріне 20 мыңнан астам жас мұғалім жұмысқа қабылданды. Мемлекет ұстаздарға қолдау шараларын кеңейтіп, еңбекақысын көтеріп, тұрғын үй мәселесін шешуге жағдай жасап келеді.

    Президент алдағы жылдары білім беру саласының негізгі міндеті – жаңа технологияларды енгізу, оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамыту және әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлау екенін атап өтті.

    — Біз «цифрлық мемлекет» құрып жатырмыз. Бұл үдерісте ұстаздың рөлі бұрынғыдан да арта түседі. Дегенмен, қандай технология болмасын, бала үшін басты рухани жетекші — әрқашан мұғалім, — деді Қ. Тоқаев.

    Марапаттау туралы Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енді.

  • Қарағандыда құбыр ауыстыру кезінде екі жұмысшы қаза тапты

    Қарағандыда құбыр ауыстыру кезінде екі жұмысшы қаза тапты

    Қарағандыда Шахтеров даңғылында кәріз құбырларын ауыстыруға арналған жер қазу жұмыстары кезінде қайғылы жағдай болды, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.

    Алдын ала мәлімет бойынша, траншеяны қазу кезінде топырақ опырылып, мердігер ұйым – «НС Система» ЖШС-нің екі қызметкері жер астында қалып қойған. Ер адамдар оқиға орнында қаза тапқан.

    Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, абайсызда екі адамның өліміне әкеп соқтыру» бабы бойынша жүргізілуде.

    «Караганды Су» ЖШС мәліметінше, мердігер ұйым марқұмдарды жерлеу рәсімін ұйымдастыру шығындарын өз мойнына алады.

    «1 қазанда жер қазу жұмыстары кезінде екі жұмысшының қаза болуына әкелген қайғылы оқиға болды. Оқиғаның мән-жайын полиция органдары анықтап жатыр», – делінген ресми хабарламада.

  • ЖИ қазақстандық мұғалімдерді күнделікті жүктемеден босатады — Тоқаев

    ЖИ қазақстандық мұғалімдерді күнделікті жүктемеден босатады — Тоқаев

    Жасанды интеллект білім беру саласындағы рутинді жұмыстарды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында айтты, деп хабарлайды Kazinform.

    Мемлекет басшысының айтуынша, алгоритмдер оқушыларға жеке тапсырмалар мен тестілер құрастырып, жауаптарды автоматты түрде тексеріп, жедел кері байланыс орната алады. Бұл мұғалімдердің басты миссиясына — шәкірттерге тәлімгер болуға көңіл бөлуіне жол ашады.

    Сонымен қатар Президент ешбір технология мұғалімнің жанашырлығын және бағыт-бағдар беруші рөлін алмастыра алмайтынын атап өтті.

    «Педагог пен оқушы арасындағы байланыс білім берудің негізі болып қалуы тиіс», — деді ол.

    Тоқаев Үкіметке жасанды интеллектті білім беру жүйесіне енгізу барысында мұғалімдерді барынша рутинді міндеттерден босатуды және олар үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырды.

    Бұған дейін елде жасанды интеллект университетімен ықпалдастырылған оқушының цифрлық профилін құру жоспарланғаны хабарланған еді.

  • ІІМ: Қарағандыда әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

    ІІМ: Қарағандыда әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

    1 қазанға қараған түні Қарағандыдағы полицияның тірек пунктінде әйелдің мәйіті және ес-түссіз жатқан полиция қызметкері табылды. Құқық қорғаушы ауруханаға жеткізілді, жағдайы ауыр.

    Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов қылмыстық іс қозғалғанын растады. Оның айтуынша, арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, өзіндік қауіпсіздік департаменті тартылған, қызметтік тергеу жүріп жатыр.
    «Бүгін сот-медициналық сараптама нәтижесін күтіп отырмыз. Егер жауапты қызметкерлердің кінәсі анықталса, ең қатаң шаралар қабылданады», – деді ол.

    Журналистер «есірткіден артық дозалану» нұсқасына қатысты сұрақ қойғанымен, министр орынбасары түсініктеме бермеді. Белгілісі – майор полиция қызметкері ауруханада жатыр, оның жағдайы туралы қосымша мәліметтер әзірге жария етілген жоқ.

    ? Тергеу жалғасуда, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

  • Тоқаев Қазақстандағы жасанды интеллект дамуының басымдықтарын атады

    Тоқаев Қазақстандағы жасанды интеллект дамуының басымдықтарын атады

    резидент Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Sona.kz Ақордаға сілтеме жасап.
    Мемлекет басшысы жасанды интеллектті белсенді енгізбей, Қазақстанның жаһандық бәсекеге төтеп бере алмайтынын айтты. Мақсат – үш жылда елді «цифрлық мемлекетке» айналдыру.
    Басты бағыттар:
    •білім беру – AI-Sana бағдарламасы іске қосылды, 440 мың студент оқудан өтті; арнайы ЖИ университетін құру тапсырылды;
    •жеке білім траекториясы – оқушылардың цифрлық профилін қалыптастыру, мұғалімдердің жұмысын автоматтандыру;
    •қолжетімділік пен инклюзия – қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайту, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау;
    •еңбек нарығы – ЖИ арқылы қайта даярлау үшін ұлттық онлайн-платформа құру.
    «Жасанды интеллекттің зор әлеуеті жаңа жұмыс орындарын ашуға, адами капиталды нығайтуға және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге жұмсалуы тиіс», – деді Тоқаев.
  • Ақмола облысында зейнеткер әйел «Трамадол» сақтағаны үшін ұсталд

    Ақмола облысында зейнеткер әйел «Трамадол» сақтағаны үшін ұсталд

    Ақмола облысының 71 жастағы тұрғыны күштi әсер ететiн «Трамадол» препараты үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Sona.kz облыстық Halyqstan-ға сілтеме жасап.

    Полиция мәліметінше, әйел дәріні жалған рецепт арқылы дәріханалардан сатып алып отырған. Бұған дейін ол еш жерде есепте тұрмаған. Айтуынша, аталған дәрі бастапқыда онкологиялық аурудан зардап шеккен жұбайына жазылыпты. Кейін өзі аяғын сындырып, ауырсынуды басу үшін «Трамадол» қабылдай бастаған. Уақыт өте келе тәуелділік пайда болған.

    Аталған дерек бойынша ҚК 296-бабының 2-бөлігі («Есірткі заттарын заңсыз сақтау») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптама тағайындалып, істің барлық мән-жайы анықталуда.

    Сонымен қатар «Дәрмек» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында фармацевтикалық қызмет саласында бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Онын аптекада дәрілерді рецептсіз беру фактісі тіркеліп, фармацевтерге әкімшілік хаттама жасалды.

    Операция барысында заңсыз айналымға түсуі мүмкін 7,5 келі есірткі затының жолы кесілді. 92 құты және 90 таблетка күштi әсер ететiн дәрі-дәрмек, 107 таблетка мен ампула рецептуралық препараттар, сондай-ақ 27 тонна күкірт қышқылы тәркіленді.

  • «Қайрат» – «Реал» матчы: ондаған жанкүйер билетпен кіре алмады

    «Қайрат» – «Реал» матчы: ондаған жанкүйер билетпен кіре алмады

    Алматыда өткен Чемпиондар лигасының екінші турындағы «Қайрат» пен мадридтік «Реал» арасындағы тарихи матчтың ұйымдастырылуына қатысты жанжал шықты. Көптеген жанкүйерлер қолдарында билеті бола тұра стадионға кіре алмағанын айтты, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Әлеуметтік желілерде көрермендер түсірген бейнежазбалар мен жазбалар тарап жатыр. Олар кіреберістерде үлкен кезек, билет тексеруде жүйесіздік болғанын жеткізді. Кейбір орындардың басқа адамдарға берілгені де айтылуда.

    Оқиға желіде қызу талқыланып, жанкүйерлер билетті заңсыз сату фактілері мен ұйымдастырудағы олқылықтарды тексеруді талап етті.

    Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәселе бойынша пікір білдірді:
    ««Қайрат» – «Реал» матчы билеттерін заңсыз қайта сату бойынша барлық шағымдар тексеріледі. Әрбір дерек бойынша қажетті шаралар қабылданады», — деді ол.

    Құзырлы органдар жанкүйерлердің арыз-шағымдарын жинап жатыр. Тексеру қорытындылары кейінірек жария етіледі.

  • Алматы облысында өрттен ана мен бала қаза тапты

    Алматы облысында өрттен ана мен бала қаза тапты

    Алматы облысының Кенена Әзірбаев ауылында болған ірі өрт салдарынан әйел адам мен оның баласы қаза тапты. Тілсіз жау үш тұрғын үй мен қосалқы ғимараттарды шарпыды, деп хабарлайды Sona.kz облыстық ТЖД-ға сілтеме жасап.

    Құтқарушылардың мәліметінше, өрт туралы хабар кешігіп түскен, сондықтан жалын тез тараған. Өрттің жалпы аумағы 448 шаршы метрді құрады.

    Құтқару жұмыстары кезінде екі адамның мәйіті табылды. Тағы бір тұрғын күйік жарақатымен ауруханаға жеткізілді.

    «Өртті сөндіру жұмыстары ауа температурасының жоғары болуына, қатты түтінге және ғимараттардың ерекшелігіне байланысты қиындады. Қосымша қиындық туғызғаны – үйлердің тығыз салынуы мен өткелдердің тарлығы: арақашықтық небәрі 1,5–2 метрді құрады», – делінген ТЖД хабарламасында.