Метка: Басты оқиғалар

  • Ақордадағы кадрлық ауыс-түйіс: Руслан Желдібай баспасөз хатшысы болды

    Ақордадағы кадрлық ауыс-түйіс: Руслан Желдібай баспасөз хатшысы болды

    Руслан Желдібай Президенттің көмекшісі – баспасөз хатшысы болып тағайындалды

    Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Sona.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

    Мемлекет басшысының Жарлығымен Желдібай Руслан Сұлтанұлы Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Президенттің баспасөз хатшысы болып тағайындалды. Ол бұрын атқарған қызметінен босатылды.

    Өмірбаяны
    Руслан Желдібай 2010 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдаған. «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі. 2017 жылы Ұлыбританиядағы Уорик университетінің (University of Warwick) магистратурасын бітірген.

    Еңбек жолы
    • 2011–2012 жылдары – «Қазақстан» ұлттық телеарнасының редакторы.
    • 2012–2018 жылдары – «Алматы» телеарнасының бөлім басшысы, продюсері.
    • 2018–2019 жылдары – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде интернет-кеңістіктегі және әлеуметтік желілердегі ақпараттық жұмыс басқармасының басшысы.
    • 2019–2020 жылдары – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары.
    • 2020 жылғы мамырдан 2022 жылғы ақпанға дейін – ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары.
    • 2022 жылғы ақпан–сәуір аралығында – ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары.
    • 2022 жылғы сәуірден 2023 жылғы қаңтарға дейін – Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы.
    • 2023 жылғы қаңтардан қыркүйекке дейін – ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары – Президенттің баспасөз хатшысы.
    • 2023 жылғы 1 қыркүйектен 2025 жылғы 17 ақпанға дейін – ҚР Президентінің ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі.
    • 2025 жылғы 17 ақпаннан бастап – ҚР Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы.

  • Астанада LRT құрылысына қаржы тарту үшін жер телімдері сатылуда

    Астанада LRT құрылысына қаржы тарту үшін жер телімдері сатылуда

    “City Transportation Systems” ЖШС LRT құрылысына қаржы тарту мақсатында жылжымайтын мүлікті сатылымға қойды. Компанияда бұл қосымша қаржыландыру екені атап өтілді, деп хабарлайды Sona.kz NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

    9 қыркүйек күні e-qazyna.kz сайтында CTS-ке тиесілі Нұра ауданындағы жер телімі аукционға шығарылады. Бастапқы баға – шамамен 338 млн теңге. Сондай-ақ Есіл ауданындағы аяқталмаған құрылыс нысаны мен елорданың түрлі аудандарындағы басқа да нысандар сатылымға қойылған.

    CTS баспасөз қызметінің хабарлауынша, сатудан түскен қаражат жеңіл рельсті көлік (LRT) құрылысына бағытталмақ. Бұл қосымша қаржыландыру болып табылады.

    Компания нысандар сатылмаса да, LRT құрылысы тоқтамайтынын айтты.

    CTS нысандардың компания қарамағына қалай өткенін де түсіндірді:

    “Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 341-бабына сәйкес, “City Transportation Systems” ЖШС-не міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін талап ету құқықтары берілді. Қарызды өтеу үшін талап ету құқығын беру шеңберінде ЖШС-ке мүлік қабылданды. Ол мүлік сатылымға шығарылды”, – деді баспасөз қызметінде.

    Астанадағы LRT құрылысы

    Мамыр айының соңында Қытайдың Таньшань қаласынан Астанаға LRT-нің алғашқы екі құрамы жеткізілді. Жыл соңына дейін елордаға Қытайдан тағы 17 вагон әкелінеді. Маусым айының басында Астанаға ұзындығы 60 метрлік автоматтандырылған басқару жүйесі бар алғашқы LRT пойыздары жеткізілген болатын.

    Осыдан кейін Abu Dhabi Plaza маңындағы станцияда екі вагоннан тұратын екінші LRT құрамы орнатылды.

    Қыркүйек айында LRT-нің сынақ режиміндегі іске қосылуы жоспарланған. Бұл кезең шамамен жарты жылға созылады, ал осы уақытта көлік жолаушыларды тасымалдамайды.

    Бұған дейін депутат LRT вагондарының ішкі көрінісін көрсеткен болатын. Маусым айында депоның 50%-ға аяқталғаны хабарланған.

    Тамызда негізгі желі бойына рельстер төсеу жұмыстары толық аяқталды. Оның жалпы ұзындығы – 22,4 шақырым. Акимат бұл кезеңді LRT құрылысының негізгі кезеңдерінің бірі деп атады.

    Сондай-ақ тамыз айында ресми түрде 18 станцияның атауы бекітілді.

  • Аида Балаева – Қазақстандағы ең ықпалды әйелдердің үштігінде

    Аида Балаева – Қазақстандағы ең ықпалды әйелдердің үштігінде

    Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2025 жылғы ең ықпалды әйелдер рейтингінде бір сатыға көтеріліп, үшінші орынды иеленді. Бұл туралы Forbes Woman Kazakhstan журналына сілтеме жасап Sona.kz хабарлайды.

    Бірінші орынды биыл да Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова сақтап қалды. Екінші орында – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) төрағасы Мадина Әбілқасымова.

    Төртінші орынға Отбасы банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова көтерілді. Бестікке ОФ «Мейірімділік ерікті қоғамы» жетекшісі Аружан Саин енді.

    ? Алғашқы ондыққа енгендер қатарында:
    • Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова (6-орын);
    • «Сәби» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Әсел Тасмағамбетова (7-орын);
    • «Ұлттық басқару агенттігі» ҚҚ жетекшісі әрі «Ана үйі» қорының теңқұрушысы Анар Рахимова (8-орын);
    • ҚР Президенті Телерадиокешенінің басшысы Раушан Қажыбаева (9-орын);
    • «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының» президенті Зауреш Батталова (10-орын).

    ? Биылғы рейтингке алғаш рет бірнеше жаңа есімдер енді. Олардың арасында Светлана Жақыпова, Гаухар Қаппарова, Жәния Аубакирова, Елена Бахмутова, Динара Закиева, Жанна Кан, Салтанат Томпиева және Чинара Буғымбаева бар.

    Ұзын тізімге экономика, саясат және азаматтық қоғам саласындағы 120-дан астам танымал әйел кірді. Одан 45 үміткер іріктеліп, арнайы сарапшылар тобы оларды алты балдық шкаламен бағалады. Нәтижесінде 90%-ды – сарапшылар пікірі, 10%-ды – капитал көлемі, қор бюджеті, бизнес ауқымы мен жүзеге асқан жобалар сынды сандық көрсеткіштер құрады.

    Forbes Woman Kazakhstan алғаш рет бұл рейтингті 2024 жылдың қыркүйегінде жариялаған болатын. Сол кезде Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қыздары Дариға Назарбаева мен Динара Құлыбаева топ-25-ке енбеген еді.

  • Қайрат Қожамжаровқа қатысты тергеу басталды — Бас прокуратура

    Қайрат Қожамжаровқа қатысты тергеу басталды — Бас прокуратура

    Қазақстан Бас прокуратурасы бұрынғы Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады, деп жазады Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Ресми мәліметке сәйкес, тергеу оның әртүрлі басшылық қызметте болған кезеңдерінде «қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану» және «қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру» фактілері бойынша жүргізіліп жатыр.

    «Барлық қылмыстық істер бойынша арнайы прокурорлардың басшылығымен жедел-тергеу топтары құрылды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді», — делінген Бас прокуратура хабарламасында.

    Қайрат Қожамжаров әр жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроны, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқарды. Сондай-ақ Ақмола облысының әкімі және Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметтерін атқарған. О

  • Алматыда оқушы қыздың қазасынан кейін қылмыстық іс қозғалды

    Алматыда оқушы қыздың қазасынан кейін қылмыстық іс қозғалды

    Алматыда 17 жастағы мектеп оқушысы қайтыс болды. Алдын ала деректер бойынша, қыз бала өз-өзіне қол жұмсауға жеке мектептегі қысым мен буллинг себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Sona.kz Kriminal Kazakhstan-ға сілтеме жасап.

    Әлеуметтік желідегі мәліметке сәйкес, марқұмның есімі – Жанель. Ол 11-сыныпқа өтуі тиіс болған. 2 қыркүйекте салтанатты жиынға өз стилінде келген қыз мектеп әкімшілігінің сынына ұшырады. Келесі күні оқудан шығарылып, 3 қыркүйекте көпқабатты үйдің төбесінен секіріп кеткен.

    TikTok пен Instagram-дағы жазбаларда жанжалға мұғалімдер мен кейбір ата-аналардың қатысы болуы мүмкін екені айтылады. Қыздың сырт келбетіне байланысты сөзбен қорлау, тіпті күш қолдану фактілері айтылуда.

    Қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде әділдік талап еткен акция басталды. Қолданушылар мектеп туралы теріс пікірлер қалдыруда.

    Алматы қалалық полиция департаменті оқушының қазасын растады. Медеу аудандық полиция басқармасы ҚР ҚК «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бабымен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қайғылы жағдайдың себептері анықталып жатыр.

  • Жанабылов сотта ұтыс ойынының қалай өткенін түсіндірді

    Жанабылов сотта ұтыс ойынының қалай өткенін түсіндірді

    Астанада блогер Ерболат Жанабыловтың ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Кезекті тыңдауда ол ұтыс ойынының қалай ұйымдастырылғанын және жүлделерге ақша қайдан түскенін баяндады, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Жанабыловтың сөзінше, жеңімпаздар «бақыт барабаны» бағдарламасы арқылы анықталған. Әлеуметтік желілерде тек барабанның макеті көрсетіліп, ол визуализация үшін қолданылған.

    «Бұл жай ғана макет. Адамдарға көрсетіп, “барабан удачи” деп аталды. Ал шын мәнінде бағдарлама арқылы айналды», — деді ол.

    Блогер аталған бағдарламаның ресми тіркелген-тіркелмегенін білмейтінін айтты.

    Қаржыландыру Zhana Business ЖШС-нен оның «ЭЛЁР» ЖК-не аударылған. Кейін ол қаражатты жеке картасына түсіріп, жеңімпаздарға жіберген. Ал егер сыйлық техника болса, оны «Қазпошта» арқылы жолдаған немесе Астанада қолма-қол табыстаған.

    Сонымен қатар ол жұбайы Эльмира Толегенова оған иелік ететін Zhana Business компаниясының жарнамасы үшін айына шамамен 1 млн теңге төлегенін айтты.

    Қорғаушысы Олег Чернов сот процесіне прокурорды тартуды сұрады. Оның айтуынша, бұл процестегі құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі. Судья Малика Ногайбекова істі 15 қыркүйекке шегерді.

    Бұған дейін Жанабыловтың жұбайы сот залынан шығарылғаны хабарланған. Кейін ол қайта шақырылса да, куәлік беруден бас тартқан.

  • Алматы облысында 16 жастағы қызды азаптаған екі әйел ұсталды

    Алматы облысында 16 жастағы қызды азаптаған екі әйел ұсталды

    лматы облысында кәмелетке толмаған қызды азаптау ісіне қатысты екі әйел ұсталды, деп хабарлайды Sona.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

    Тергеу деректеріне сәйкес, жанжал қыздың ЖОО-ға түсу мәселелері бойынша ер адаммен сөйлесуінен басталған. Кейін ол ер адамның “қалыңдығы” екенін айтқан әйел хабарласып, қызды кездесу үшін шақырған.

    Күдіктілер қызды елсіз жерге апарып, ұрып-соғып, темекімен денесін күйдіріп, суға батырып, болған жағдайды видеоға түсірген. Сондай-ақ оны қорлайтын әрекеттерге мәжбүрлеген.

    Қыз болған оқиғаны біраз уақыт жасырып келген, кейін анасына айтып берген. Анасы дереу полицияға арыз жазған.

    1996 жылы туған екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Дереккөздерге сүйенсек, олардың бірі ауылдық округ әкімдігі аппаратында оператор қызметін атқарады. Бұл ақпаратты растау үшін әкімдікке ресми сұрау жолданды.

  • «Қазпошта» Қытаймен бірге маркетплейс іске қосады

    «Қазпошта» Қытаймен бірге маркетплейс іске қосады

    «Қазпошта» АҚ электрондық коммерция мен цифрлық технологиялар саласындағы Қытайдың жетекші компанияларымен екі стратегиялық келісімге қол қойды.

    Жоспарға сәйкес, Қазақстанда трансшекаралық маркетплейс іске қосылады. Платформа JD.com International сынды ірі қытайлық ритейлерлердің жеткізу тізбегін пайдаланып, тауарларды тікелей Қытай фабрикаларынан жеткізуге мүмкіндік береді. Жобаны 2025 жылдың IV тоқсанында іске қосу көзделген.

    Президент тапсырмасына сәйкес, трансшекаралық сауданы дамыту үшін «Қазпошта» 2025 жылдың 14 тамызында China Poly Group (CITIC Poly Fund) компаниясымен бірлескен кәсіпорын құрды.

    Жоба аясында шағын және орта бизнеске халықаралық нарыққа шығуға және тиімділігін арттыруға көмектесетін жаңа цифрлық шешімдер енгізіледі.

    Сонымен қатар, Alipay Labs және Whale Cloud Technology компанияларымен келісім жасалды. Ол трансшекаралық саудаға арналған ашық цифрлық экожүйені дамытуға бағытталған. Бұл платформа 2026 жылы іске қосылады.

    Әлемдегі ең ірі төлем жүйелерінің бірі — Alipay, онлайн және оффлайн төлемдерді бірыңғай экожүйеге біріктіру мүмкіндігін ұсынады.

    «Трансшекаралық электрондық сауданы дамыту және бизнеске арналған заманауи сервистер құру — «Қазпоштаның» стратегиялық міндеті. Қытайлық серіктестердің қолдауын жоғары бағалаймыз және бұл жобалар ұзақ мерзімді әріптестіктің негізіне айналады деп сенеміз», — деді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Бекежан Жәкеев.

  • Перизат Қайраттың мүлкі аукционға шығарылады

    Перизат Қайраттың мүлкі аукционға шығарылады

    Қоғам белсендісі Перизат Қайраттың тәркіленген мүлкі аукцион арқылы сатылып, одан түскен қаражат жәбірленушілерге өтемақы ретінде бағытталады. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Сот үкімімен тәркіленген мүлік тізімі:
    • жеке тұрғын үй;
    • Астанадағы төрт пәтер;
    • люкс санатындағы автокөліктер.

    «Бұл қаражат есебінен жәбірленуші тарапқа өтемақы төленеді», – деді Елемесов.

    Еске салайық, 25 шілде күні Астанада Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот үкімі шықты. Олар қайырымдылық қоры арқылы жиналған қаражатты жымқырды деп танылып, мүлкі тәркіленіп, келтірілген зиянды өтеуге міндеттелді.

  • Алматылық «Манхэттен» күткен жайлы үй емес болып шықты.

    Алматылық «Манхэттен» күткен жайлы үй емес болып шықты.

    Прокуратура мен полиция екі ай бойы кешенді тексеріп, мыңға жуық заңбұзушылық анықтады.

    Әр пәтер бойынша досье толтырылған: меншік иесі, жалға алушы, тіркелген қару, бұрынғы құқықбұзушылықтар – бәрі жазылды.

    Не шықты?
    • 120-дан аса көші-қон заңын бұзу,
    • 100-ге жуық бұзақылық,
    • 114 заңсыз жалға беру,
    • «боди-массаж» көрсеткен пәтерлер,
    • ПДЕБ бұзушылықтары мен заңсыз алкоголь саудасы.

    Барлық материал тиісті органдарға жіберілді. «Манхэттен» енді қатаң бақылауда.