Метка: Басты оқиғалар

  • Шенеуніктер Жанабыловтың курсын өздері сатып алған

    Шенеуніктер Жанабыловтың курсын өздері сатып алған

    Астанада автокөлік ұтысына байланысты айыпталып жатқан блогер Ерболат Жанабылов ісінде жаңа жайт белгілі болды. Сотта Комитет өкілдері блогердің курсын өздері сатып алғанын айтты. Бұл туралы Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

    «Біз өзіміз бұл курсты сатып алдық. Онда Қытайдан тауар сатып алуға мүмкіндік беретін маркетплейстермен жұмыс істеу тәсілдері мен дағдылары түсіндірілген тоғыз бейнеролик бар», — деді комитет өкілі.

    Судья курстың ресми сипатта ма екенін сұрағанда, өкіл «иә» деп жауап берді.

    Осылайша, тексеріс тек автокөлік ұтысына ғана емес, блогердің оқыту материалдарына да қатысты жүргізіліп жатыр. Ал Ерболат Жанабылов өз кінәсін мойындамай, жұмысының заңға қайшы еместігін алға тартуда.

  • Блогер Ерболат Жанабыловқа автокөлік ұтысына байланысты сот ісі жүріп жатыр

    Блогер Ерболат Жанабыловқа автокөлік ұтысына байланысты сот ісі жүріп жатыр

    Астанада блогер Ерболат Жанабыловқа қатысты сот процесі басталды. Ол әлеуметтік желіде 10 автокөлік ұтысын ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Іс Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралуда. Ашық форматтағы процеске блогердің өзі адвокатымен, сондай-ақ Туризм және спорт министрлігінің тиісті комитетінің өкілдері мен журналистер қатысты.

    Жанабылов әлеуметтік желілерде 10 автокөлікті ойнататынын жариялаған. Кейін Комитетке азамат С. тарапынан өтініш түсіп, аталған ұтыс ойындарының заңнамаға сәйкестігіне қатысты тексеріс басталды.

    26 тамызда блогерге қатысты ӘҚБтК-нің 445-1-бабы, 6-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды

    Сонымен бірге, блогердің жұбайы Эльмира Толегенованың «elt6i» аккаунты арқылы ұйымдастырған әрекеттеріне қатысты тексеріс жалғасып жатыр. Бұл бойынша Комитет жеке шешім қабылдайды.

    Бұған дейін Туризм және спорт министрі Ерболат Жанабылов ісіне қатысты түсініктеме берген. Министрдің айтуынша, мұндай ұтыс ойындары лотерея қызметін реттейтін заң нормаларына қайшы келуі мүмкін.

    Сот шешімі алдағы уақытта жарияланады. Егер блогердің кінәсі дәлелденсе, оған айыппұл салынуы немесе басқа әкімшілік шара қолданылуы мүмкін.

  • Үкімет бюджет шығындарын қысқартады

    Үкімет бюджет шығындарын қысқартады

    Қазақстан үкіметі басым емес шығындарды азайтып, қаржыны маңызды бағыттарға жұмсамақ. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген жиынында мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

    Оның айтуынша, 2025 жылғы бюджет жобасын қалыптастыру кезінде әкімшілерден 34 трлн теңгеге өтінім түскен. Алайда соның 25,7 трлн теңгесі ғана мақұлданып, 8 трлн теңгеден астамы бюджетке енбеген.

    «Экономикалық тиімділігі жоқ шығындарды қысқартып жатырмыз. Әлеуметтік қолдау жүйесін цифрландыру мен оңтайландырудың арқасында тиімсіз шығындарды айтарлықтай азайттық», — деді премьер-министр.

    Сонымен қатар, Бектенов нақты мұқтаж азаматтарға көмектің қысқармайтынын атап өтті. Тәртіп орнату үшін Отбасының цифрлық картасы енгізілді. Ол халықты алты санатқа бөлді. Соңғы, алтыншы санатқа тұрғын үйі, көлігі мен жұмысы бар, бірақ мемлекеттен әлеуметтік көмек алып отырған азаматтар кірген.

    Қазіргі уақытта скорингтік жүйе Қарағанды мен Шымкентте пилоттық режимде іске асырылып жатыр. Кейін бұл жоба барлық өңірлерге енгізілмек.

    Оңтайландыру нәтижесінде 2024–2025 жылдары шамамен 290 млрд теңге үнемделді. Ал 2026 жылы тағы кемінде 165 млрд теңге үнемдеу жоспарланған.

    «Бұрын кей өңірлерде бір баланың бір күнде 10 үйірмеге барғаны туралы есептер болған. Мұның бәрі жасанды көрсеткіштер. Қазір тәртіп орнатылғаннан кейін осындай үнем пайда болды», — деді Олжас Бектенов.

  • Конор Макгрегор Ирландия президенттігіне түспек

    Конор Макгрегор Ирландия президенттігіне түспек

    UFC-дің бұрынғы қос чемпионы Конор Макгрегор Ирландия президенттігіне кандидат болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Спортшы бұл туралы әлеуметтік желіде жарияланған бейнеүндеуінде айтты. Ол мәлімдемесін Ирландия премьер-министрі кеңсесінің алдында жасап, халыққа тікелей жүгінді.

    «Президент болған жағдайда, халық талқыламаған бірде-бір заңға қол қоймаймын. Егер бюллетеньде менің атымды көргіңіз келсе, жергілікті кеңес мүшелеріне хабарласып, менің кандидатураымды ұсынуды талап етіңіздер», — деді Макгрегор.

    Оның айтуынша, елде үкімет 200 күннен астам уақыт бойы толық құрылмаған. Бұл жағдай қауіпсіздікке, халықтың тұрмыс сапасына және жалпы әлеуметтік көңіл-күйге кері әсер еткен.

    Макгрегор баспанасыз балалар санының өсуіне ерекше назар аударып, оны биліктің балаларды қорғау жөніндегі міндеттемелерін орындамай отырғанының айғағы деп атады. Сондай-ақ ол мигранттар легінің артуын, туризмнің азаюын және көше қылмыстарының өсуін сынға алды.

    Ирландиядағы президент сайлауы 2025 жылдың 24 қазанында өтеді. Қазіргі мемлекет басшысы Майкл Д. Хиггинстің өкілеттігі 11 қарашада аяқталады. Заңға сәйкес сайлау осы күнге дейінгі 60 күн ішінде өтуі тиіс.

    Кандидаттарды ұсыну 5 қыркүйектен 24 қыркүйекке дейін жалғасады. Дауыс беру құқығына 18 жасқа толған және елде тіркелген азаматтар ие.

  • Сызғанов орталығындағы дау: дәрігер қызметінен кетті

    Сызғанов орталығындағы дау: дәрігер қызметінен кетті

    Алматыдағы А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығында жанжал шықты. Актриса әрі продюсер Айнұр Ильясова анестезиолог анасына жасалған отадан кейін ақша талап етті деп мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Ильясованың айтуынша, дәрігер шұғыл байланыс нөмірін пайдаланып, оған ақша аударуды сұрап хабарлама жіберген. Кейін науқас анасына келіп, «қызыңызды тыныштандырыңыз» деп талап қойған.

    Клиника ішкі тексеріс жүргізді. Сыбайлас жемқорлық белгілері анықталмағанымен, этика комиссиясы дәрігердің әрекеттерін тәртіптік бұзушылық деп танып, сөгіс беруді ұсынды.

    Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова тексеріс қорытындысын растады. Оның айтуынша, дәрігер өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жазып, ол 22 тамызда қабылданды.

    «Оның әрекетінде тәртіптік бұзушылық анықталды. Дәрігер жұмыстан өз қалауымен кетті», — деді министр.

    Министрдің мәлімдеуінше, орталықта медициналық этика нормаларын сақтау бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Басшылық кез келген заңбұзушылыққа қатаң қарайды.

    ? Анықтама: Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығы 1945 жылы құрылған. Қазақстандағы жетекші мекемелердің бірі, трансплантология, жүрек-қан тамыр, онкохирургия және эндоскопия саласына маманданған.

  • Мектепке жол: Қонаевта 1778 балаға көмек көрсетілді

    Мектепке жол: Қонаевта 1778 балаға көмек көрсетілді

    Бұл туралы қалалық білім бөлімінің басшысы Қаламқас Сәрсенбаева айтты.

    «Әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды мектеп формасымен және оқу құралдарымен қамтамасыз ету бойынша 1778 оқушы көмек алды. Оның ішінде жалпыға бірдей білім беру қорынан 60 096 400 теңге бөлінді. Бұл қаражат 1300 оқушының (әр балаға – 46 228 теңге) заңды өкілдерінің шотына аударылды», – деді бөлім басшысы.

    Ол «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында 478 балаға көмек көрсетілгенін де атап өтті. Жалпы қаражат сомасы 6 млн 625 мың теңгені құрады.

    Сондай-ақ аталған акция шеңберінде мектеп тауарларының жәрмеңкесі өтті.

    Айта кетейік, 30 қыркүйекке дейін ата-аналардың өтініштері бойынша «жедел желі» жұмыс істейді. Ол арқылы 70-тен астам ұсыным, өтініштер түскен. Қала мектептерінде 13000-нан астам оқушы білім алады.
    ___

  • Қазақстан тауларында үш күн бойы қалған ресейлік альпинист құтқарылды. Оның серігі — Өзбекстан азаматы — қаза тапты

    Қазақстан тауларында үш күн бойы қалған ресейлік альпинист құтқарылды. Оның серігі — Өзбекстан азаматы — қаза тапты

    Түркістан облысында ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды: Ресей азаматы, 28 жастағы Андрей Орлов аман қалды, ал оның 29 жастағы серігі, Өзбекстан азаматы Ақмал Махкамов қайтыс болды, деп хабарлайды Sona.kz Tengri Travel-ге сілтеме жасап.

    ҚР ТЖМ мәліметінше, альпинистердің жоғалғаны туралы хабар 1 қыркүйекте түскен. Туыстары олардың 31 тамызда Шымкенттен тауға кеткенін, бірақ қайтып оралмағанын айтқан. Іздеу жұмыстары 2200 метр биіктіктегі Сайрамсу шыңы маңында, «Сайрам-Өгам» ұлттық паркінде, Қасқасу ауылынан шамамен сегіз шақырым жерде жүргізілді.

    Құтқарушылар Игры доброй воли асуы маңында Орловпен дауыстық байланыс орнатқан. Ол серігінің шатқалға құлап, қаза тапқанын жеткізген. Өзі үш күн бойы жартаста тамақсыз және сусыз қалған.

    Эвакуация қиын жағдайда өтті: тікұшақ рельефке байланысты жақындай алмады, құтқарушылар жаяу жылжыды. Шымкенттен бес кәсіби альпинист шақырылып, олар МЧС қызметкерлерімен бірге шыңға көтеріліп, аман қалған турист пен марқұмның денесін төменге түсірді.

    Жалпы, операцияға 18 құтқарушы, бес техника, «Қазавиақұтқару» тікұшағы, дрондар және полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Зардап шеккен туристі атпен таудың етегіне жеткізіп, туыстарына тапсырды. Қайтыс болған адамның денесі де полицияға берілді.

    Андрей Орловтың туыстарымен байланысуға әрекет жасалды, бірақ жариялау кезінде олардан пікір алынбады.

  • 5 млн теңгеден асатын операциялар тексеріледі

    5 млн теңгеден асатын операциялар тексеріледі

    Сенат заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жоятын қаруды таратуды болдырмауға бағытталған заңды қабылдады, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Құжат Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) өкілеттіктерін кеңейтіп, жаңа субъектілерді қаржылық бақылауға енгізеді.

    Сенатор Бекболат Орынбековтің айтуынша, күдікті операциялар тізіміне енді коммерциялық емес ұйымдар мен байланыс операторлары да кіреді. «Қазір көптеген күмәнді транзакциялар мобильді қосымшалар арқылы өтіп жатыр. Сондықтан бұл сала да бақылауға алынды. Тізімге “Азаматтарға арналған үкімет” те енгізілді», — деді депутат.

    Сондай-ақ 50 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік операциялары ҚМА бақылауына өтеді.

    Барлық ұйымдар, ведомстволар мен министрліктер күдікті қаржылық операциялар туралы есеп беруге міндеттеледі. Олар табысты заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға немесе жаппай қырып-жою қаруын айналымға шығаруға қатысты болуы мүмкін.

    Заңда тәуекелдерді бағалау тәртібі де көзделген. Ұлттық бағалауды ҚМА жүргізсе, кәсіпорындар мен мекемелер үш жылда бір рет салалық бағалау өткізуі тиіс.

    Сонымен бірге, 5 миллион теңгеден асатын барлық цифрлық операциялар автоматты түрде тексеріледі.

    Бұған дейін ҚМА онлайн-казино жарнамасына қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынған еді.

  • Қызылордада «Смарт ойл» зауытының жұмысшылары жалақы мен әлеуметтік төлемдерді талап етті

    Қызылордада «Смарт ойл» зауытының жұмысшылары жалақы мен әлеуметтік төлемдерді талап етті

    Қызылордадағы мұнайбұрғылау зауыты «Смарт ойл» қызметкерлері бірнеше айдан бері жалақыларын уақытылы ала алмай отырғандарын айтып, наразылық білдірді, деп хабарлайды Sona.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

    Жұмысшылардың айтуынша, жалақы екі айға дейін кешіктіріледі, ал зейнетақы мен медициналық аударымдар 2023 жылдан бері аударылмаған.

    — «Зарплатаны көтерді, 40 мың қосты. Бірақ бәрібір жетпейді, кредитіміз бар. Қазір 240 мың аламын. Бүкіл отбасы осы ақшаға қарап отыр. Оның өзін уақытында бермейді. “10-ынан кейін аласыңдар” дейді де, айдың соңына қалдырады. Енді екінші ай болды, кешіктіріп жүр», – дейді жұмысшы Батырхан Айтмырзаев.

    — «2023 жылдан бері зейнетақы аударылмайды. Жалақыдан ұстайды, бірақ бізге түспейді. Қайта-қайта сұрасақ, басшылық тек уәде береді», – дейді Қуанышбек Тойжанов.

    Зауыт экологиялық қолайсыз аймақта орналасқандықтан, заң бойынша қосымша 5% үстемеақы төленуі тиіс. Алайда жұмысшылар бұл ақыны ешқашан алмаған.

    Журналистер басшылықтан пікір алуға тырысқанда, зауыт әкімшілігі есік-терезесін жауып алған. Қызметкерлерге де тек «сәл шыдаңдар» деген жауап қайтарылған.

    Зауыт Forbes тізіміндегі кәсіпкер Серікжан Сейтжановқа тиесілі. Оның отбасы «Онтустик» компаниясы арқылы «Саутс Ойл»-дың 51%-ын, «МұнайҚұрылысСервис», «Стандарт Цемент», «Talas Investment Company», сондай-ақ Standard Petroleum & Co үлесін бақылайды. Бұған қоса, Сейтжановтар Шымкент пен Түркістандағы Rixos қонақүйлерін, Satti Zhol жанармай құю станцияларын, ОҚМ академиясын және Инновациялық-технологиялық колледжді иеленген.

    Былтыр олигархтың Шымкенттегі мұз сарайы мемлекетке қайтарылған еді.

    Қазір ондаған отбасы 240 мың теңге айлықпен күн көріп отыр. Жалақы тағы да кешіктірілсе, жұмысшылар еңбек инспекциясына жүгінетінін мәлімдеді.

  • Жамбыл облысында әкесіне туған қызына зорлық жасағаны үшін өмір бойына сотталды

    Жамбыл облысында әкесіне туған қызына зорлық жасағаны үшін өмір бойына сотталды

    Жамбыл облысында ер адам туған қызына қатысты қылмысы үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Оқиға қалай болды?

    Сот деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың сәуір айында Қордай ауылында тұратын азамат Ж. алкогольдік мас күйінде 2019 жылы туған туған қызына қатысты зорлық-зомбылық әрекеттер жасаған. Ол баланың дәрменсіз жағдайын пайдаланған.

    Дәлелдер

    Айыпталушының кінәсі сотта толық дәлелденді. Бұған оның өз мойындауы, кәмелетке толмаған жәбірленушінің заңды өкілінің және куәгерлердің айғақтары, сараптама қорытындылары мен іс материалдары негіз болды.

    Тараптардың ұстанымы

    Мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушыға ең қатаң жаза — өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленуші тарап та оны кешірмейтінін мәлімдеп, заң аясында әділ жазалауды талап етті. Айыпталушы кінәсін толық мойындады.

    Сот шешімі

    ҚР ҚК 121-бабының 4-бөлігі өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Сот айыпталушының өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде қабылдады, бірақ ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.

    Сот үкімімен Ж. кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, жәбірленушінің пайдасына 5 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарылды.

    Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.