Метка: Басты оқиғалар

  • Жазушы Әкім Тарази дүниеден өтті

    Жазушы Әкім Тарази дүниеден өтті

    Қазақстанның танымал жазушысы, драматург әрі сценарист Әкім Тарази 2025 жылғы 22 сәуірде 92 жасқа қараған шағында өмірден озды. Қаралы хабарды ақын Бауыржан Қарағызұлы әлеуметтік желіде жариялады.

    Әкім Үртайұлы Әшімов (әдеби лақап аты — Әкім Тарази) 1933 жылы 9 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Ол — қазақ әдебиетінің классиктерінің бірі, бірнеше буын оқырманның рухани дүниесін байытқан көркем туындылардың авторы.

  • 1 мамырдан бастап жедел жәрдемнің жұмыс тәртібі өзгереді

    1 мамырдан бастап жедел жәрдемнің жұмыс тәртібі өзгереді

    Бұл өзгерістер азаматтардың 103 нөмірі бойынша шұғыл көмекке шақырту құқығын шектемейді.

    «Жеделділіктің 4-санатындағы шақыртулар пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және ықтимал қауіп жоқ, пациенттің өміріне қауіп төндірмейтін, бірақ медициналық араласуды қажет ететін жағдайларға қатысты», делінген хабарламада.

    Сонымен, 1 мамырдан бастап не өзгереді:

    ● емханалардың жанындағы мобилдік бригадалар жұмыс уақытында — 8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейтін болады;

    ● өмірге қауіп төндірмейтін жеделдіктің 4-санатындағы шақыртулар (мысалы, жоғары қысым, температура, жеңіл жарақаттар) емханалардың жұмыс уақытында МСАК мобилдік бригадаларына қайта бағытталатын болады;

    ● 20:00-ден кейін және демалыс күндері барлық шақыртуларға, соның ішінде 4-санатқа, бұрынғыдай, жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетеді.

    Мұндай шақыртулар жедел шұғыл көмекке мұқтаж адамдарға кедергі келтіреді. Өзгерістер жүктемені оңтайландырып, азайтып, күту уақытын қысқартады.

    МСАК мобилдік бригадасы шақыртуға 60 минут ішінде келеді, ал шұғыл жағдайларда келу уақыты 1-санат үшін — 10 минут, 2-санат — 15 минут, 3-санат — 30 минут.

  • Әкім орынбасарына оқ атқан күдіктінің кім екені анықталды.

    Әкім орынбасарына оқ атқан күдіктінің кім екені анықталды.

    Кей деректерге сүйенсек, Шымкенттегі әкімдік маңында оқ атқан азамат – Жиенбай Ернар Жиенбайұлы. Ол – «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің маманы, аталған мекеме әкімдікке қарасты.

    Ол әкім орынбасары Руслан Арысбекұлы Берденовтің денесінің төменгі бөлігіне «Сайга-12» қаруымен үш рет оқ атқаны айтылуда. Жараланған Берденов ауруханаға жеткізілді.

    Ал оқиғаның нақты себебі тергеу барысында анықталады деп күтілуде.

  • Шымкенттегі атыс: әкім орынбасарына оқ атқан күдікті қамауға алынды

    Шымкенттегі атыс: әкім орынбасарына оқ атқан күдікті қамауға алынды

    Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.

    Оқиға 21 сәуірде әкімдік ғимараты маңында болған. Атыс кезінде Берденовтің өкпесі мен бауыры зақымдалған. Бұл туралы оның партияласы Бейбіт Әлібеков Telegram-арнасында хабарлады. Оның айтуынша, Берденовке үш рет оқ атылып, екеуі денесіне тиген.

    Полиция мәліметінше, күдікті – Берденовтің бұрынғы әріптесі, әкімдікке қарасты мекеменің экс-басшысы. Белгілі болғандай, ол жақында қызметінен босатылған.

    Қазір тергеу жүріп жатыр. Қосымша ақпарат жарияланбайды.

  • Гүлмира Сатыбалдыға тағы бір іс бойынша тергеу жүріп жатыр

    Гүлмира Сатыбалдыға тағы бір іс бойынша тергеу жүріп жатыр

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Гүлмира Сатыбалдыға қатысты жаңа қылмыстық істі тергеп жатыр. Бұл жолы ол «VOSTOCHKA» деп аталатын тұрғын үй кешенінің құрылысына байланысты тергеліп отыр.

    Антикордың ресми мәліметінше, аталған кешенді салу кезінде заң бұзушылықтар болған. Қазір тергеу жүріп жатыр, сол себепті басқа ақпарат әзірге жарияланбайды.

    Еске салайық, Гүлмира Сатыбалды — Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі. Өткен жылы сот оны бопсалау, заңсыз бостандықтан айыру және өз бетінше әрекет ету баптары бойынша кінәлі деп танып, 12 жылға соттаған болатын.

  • АҚШ визасы: Қазақстандықтарға маңызды ескерту жасалды

    АҚШ визасы: Қазақстандықтарға маңызды ескерту жасалды

    АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы 2 мамырдан бастап виза сұхбатына тіркелу уақыты сұхбат өтетін күннен үш жұмыс күні бұрын, сағат 17:00-де жабылатынын хабарлады.

    Мысалы, 2 мамырға белгіленген сұхбаттар үшін DS-160 формасы 28 сәуір сағат 17:00-ге дейін толтырылып, жіберілуі тиіс. Талап орындалмаса, сұхбат жойылып, үміткер «келмеген» деп тіркеледі.

    Егер сұхбатты визалық агент не үшінші тарап арқылы алған болсаңыз, жауапкершілік өзіңізде.

    Сонымен қатар, сәуірде АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио виза алушылардың әлеуметтік желідегі белсенділігін тексеруді тапсырған. Ал ақпанда ҚР СІМ АҚШ-та заңсыз жүрген қазақстандықтарға елге оралып, құжаттарын рәсімдеуді ұсынған еді.

  • «Хуторский» тобының жетекшісі деген Хасан Қасымбаевтың ісі сотқа жолданды

    «Хуторский» тобының жетекшісі деген Хасан Қасымбаевтың ісі сотқа жолданды

    Алматы облысында «Хуторский» қылмыстық тобының басшысы ретінде танылған Хасан Қасымбаевқа қатысты тергеу ісі аяқталды.

    Қазір тергеу органдары Қасымбаевқа қатысты жинақталған материалдарды сотқа жолдады. Тергеу аяқталып, істің сотқа жолданғанын редакцияға облыстық полицияның баспасөз қызметі растады.

    Хасан Қасымбаев былтыр қараша айында ұсталып, қамалған болатын. Тергеу барысында оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша іс қозғалған. Атап айтқанда:

    • Адам ұрлау (ҚК 125-бап)
    • Бопсалау (ҚК 194-бап)
    • Денсаулыққа қасақана зиян келтіру (ҚК 107-бап)

    Ұсталған сәтте Хасан Қасымбаевтың туған ағасы Аслан Қасымбаев Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып жүргені анықталды. Аталған дерек те қоғам назарын аудартқан болатын. Кейін ол қызметінен кетті.

    Еске салсақ, марқұм Шерзат Полат қайтыс болған төбелестегі жігіттер өздерін «хуторский» деп таныстырған. Алайда облыс полициясы Талғарда ешбір қылмыстық топтың тіркемлегенін хабарлаған еді.

  • Екі елдің басшысы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті

    Екі елдің басшысы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті

    Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

    Қазақстан Президенті мен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы түркі тілдес елдерге ортақ ең көрнекті рухани және тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі, ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барды.

    Мәртебелі меймандар әйгілі ойшылдың рухына тағзым етіп, Құран бағыштады. Сондай-ақ кесенеде жүргізіліп жатқан реставрациялық және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты.

     

  • 9 жыл іздеуде жүрген қылмыскер Өскемен әуежайында қолға түсті

    9 жыл іздеуде жүрген қылмыскер Өскемен әуежайында қолға түсті

    Шығыс Қазақстан облысының полицейлері 2016 жылдан бері іздеуде жүрген 38 жастағы азаматты әуежайда ұстады, деп жазады облыстық полиция департаменті.

    «Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, ер адам жәбірленушінің сеніміне кіре отырып, оны алдап, ақшасын қалтаға басқан. Осы жылдар ішінде ол әділ соттан жалтарып жүрді. Тұрғылықты жерін жиі ауыстырып отырған және қоғамдық орындардан әдейі бой тасалап жүрген», – деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

    Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктіні Өскемен қаласына ұшып келген сәтінде әуежайдан ұстады.

    Қазіргі уақытта ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

  • Ақтау қалалық сотының төрағасы 9 жылға сотталды

    Ақтау қалалық сотының төрағасы 9 жылға сотталды

    Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының үкімімен Ақтау қалалық сотының төрағасы Б.Ж. Шайдуллин 9 жылға және жеке сот орындаушысы Р.М. Жанахметов 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

    ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттегінің баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, олар сотталушыны бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындау сылтауымен 18 млн теңге мөлшерінде заңсыз сыйақы алу жолымен алаяқтық жасағаны және пара беруге итермелегені үшін кінәлі деп танылды.

    Қосымша жаза ретінде Шайдуллин мен Жанахметов өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.

    Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

    – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғамда заңдылық пен тәртіп қағидатын қамтамасыз ету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың, оның ішінде жоғары лауазымды адамдар арасында жолын кесу жөніндегі жұмысты жалғастыруда, – делінген хабарламада.