Метка: Басты оқиғалар

  • Ақтөбеде қызғалдақ ұстап фотоға түскен ауыл әкімінің ісін комиссия тексеріп жатыр

    Ақтөбеде қызғалдақ ұстап фотоға түскен ауыл әкімінің ісін комиссия тексеріп жатыр

    Мұғалжар ауданы Құдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округ әкімі Ләззат Бердібаеваның фотосын енді арнайы комиссия зерделейді.

    Құдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округ әкімі Ләззат Бердібаеваның гүл ұстап түскен фотосы әлеуметтік желі арқылы тарап кетті. Қазіргі кезде полиция фотодағы гүлдің Қызыл кітапқа енген-енбегенін тексеріп жатыр.

    – Тексеріп, қызғалдақтың Қызыл кітапқа енген түрі ме деген сұраққа жауап іздейміз. Кейін құқықтық бағасы беріледі, – деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

    Ал Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағамбетов қазір арнайы комиссия құрылғанын айтты.

    – Ауданда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің өкілі бар. Сол комиссияда іс қаралады. Оның құрамында аудандық полиция бөлімінің өкілі де бар. Кейін ғана шешімін айтып, жауапқа тарта аламыз. Ол гүлді қыздары жұлып әкелгенін, фотоға түсіп, WhatsApp мессенджеріндегі статусына қойғанын айтып отыр, – деді Дархан Ермағамбетов.

  • Ақтауда 7-сынып оқушысы қауіпті ойын ойнап, есінен танып құлаған

    Ақтауда 7-сынып оқушысы қауіпті ойын ойнап, есінен танып құлаған

    Ақтауда 7-сынып оқушылары қауіпті ойын ойнап, оқушы қыз есінен танып құлаған.

    Оқиға 18 сәуір күні Ақтау қаласындағы №33 жалпы білім беретін мектепте болған. Әлеуметтік желіде тараған видеодан үш қыз әуелі бір қызды қабырғаға тақап, артынша итеріп тұрғанын көруге болады. Артынша оқушы қыз есінен танып, құлап түседі.

    Ақтау қаласы бойынша білім бөлімінің мәліметінше, 33 шағын ауданда орналасқан №33 жалпы білім беретін мектепте қыздар әжетханасында 7 сынып оқушысын өкпе тұсынан қысу арқылы талдыру фактісі болған.

    – Оқиғаға қатысы бар барлық оқушылар туралы Ақтау қалалық полиция департаментінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторына хабарланып, жасөспірімдер және олардың ата-аналарымен профилактикалық психологиялық жұмыстар жүргізілді, – дейді білім бөлімінің өкілдері.

  • Қытай 10G байланысын іске қосты

    Қытай 10G байланысын іске қосты

    Huawei China Unicom компаниясымен бірге Қытайда 9800 Мбит/с жоғары интернетке қосылу жылдамдығын қамтамасыз ететін жоғары жылдамдықты 10G желісін іске қосты.

    Бұл үй желілері үшін стандартты жылдамдықтан асып түседі. Жаңа желі өткізу қабілеттілігін едәуір арттыруға мүмкіндік беретін 50G PON технологиясын пайдаланады.

    Енді әрбір пайдаланушыға 10G жылдамдығы қолжетімді және желідегі кідіріс айтарлықтай төмендейді.

    Қазір Қытайда 5G ұялы байланысы кеңінен қолданылады. 4 млн-нан астам базалық станция бүкіл елді қамтамасыз етіп тұр. Үкімет Ұлттық цифрландыру стратегиясының аясында 10G енгізу мақсатында 168 пилоттық жобаны қаржыландырған.

    Ал, 10G сынақтан өтіп жатқан Сюньань аймағының пайдаланушылары бұрын олардың Wi-Fi желісі бірнеше құрылғылармен күресіп келгенін, бірақ қазір барлығы басқаша жұмыс істейтінін айтты.

  • Марафондағы екі адамның өлімі бойынша қылмыстық іс қозғамады

    Марафондағы екі адамның өлімі бойынша қылмыстық іс қозғамады

    Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Алматыда марафон кезіндегі екі адамның өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалмағанын айтты.

    Тиісті тексеру болды. Екі адамның өлімі бойынша креминалдық мән-жай анықталмады. Бізде қылмыстық іс тек қылмыс құрамы болғанда ғана қозғалады. Аталған оқиғада қылмысьық іс қозғалмады. Тексеріс нәтижесінде зорлық-зомбылық белгілері анықталмады. Бұл тұрғыда сот-медициналық сараптама орталығының тиісті актілері бар, – деді Әділов журналистерге Мәжіліс кулуарында.

    Еске салайық, бүгін, 20 сәуірде Алматы жартылай марафонының екі қатысушысы қаза тапқаны белгілі болды. Қарт адам кенеттен ауырып, жас жігіт есінен танып қалған. Жедел жәрдем келгенше екеуі де көз жұмды.

    Дәрігерлердің айтуынша, олардың өлімінің себебі сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша белгілі болады.

  • «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша 6626 өтінім түсті

    «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша 6626 өтінім түсті

    Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы 2025 жылдың 14-26 наурыз аралығында өткен «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау қорытындысын шығарды.

    Басқармадан мәлім еткендей, барлығы 6626 өтінім түсті.

    Оның басым бөлігі білім беру саласының өкілдерінен түсті – 2191. Бұдан кейін денсаулық сақтау (1381), жұмыс істейтін жастар (881), ЖОО және ҒЗИ (635), коммуналдық қызметтер (428), мәдениет (360), құқық қорғау органдары (343), Әлеуметтік сала (245), спорт (86) және журналистика (76) саласы.

    – 2025 жылы бағдарлама аясында тұрғын үй сатып алуға кемінде 2550 заем беру жоспарланып отыр. Оның ішінде 1050 заем «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының жалға алушыларына арналған. Сондай-ақ бірқатар бағыт бойынша квоталар анықталды: білім – кемінде 350 заем; денсаулық сақтау кемінде 350 заем; республикалық кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлері жалпы көлемнің 5%-дан аспайды; құқық қорғау органдары 5%-дан аспайды, – деп атап өтті басқармадан.

    Берілген өтінімдерді қарау қорытындысы бойынша 3412 қатысушыға қатысты оң шешім шығарылды. Мақұлданған өтінімдерді салалар бойынша бөлу:

    * білім – 994;
    * денсаулық сақтау – 630;
    * жұмыс істейтін жастар – 759;
    * республикалық мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері – 249;
    * құқық қорғау органдары – 167;
    * қалған салалар – 613.

    Мақұлданғандардың қатарында «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының 759 жалға алушысы бар, оларға «Отбасы банк» АҚ-ға жолдамалар берілген.

    Үш кезеңде 1500 қатысушы төлем қабілеттілігін растау үшін банкке жолдама алады. Олар 15 жұмыс күні ішінде банктің қызмет көрсету орталығына хабарласуы керек. Төлем қабілеттілігі расталған жағдайда қатысушылар 45 күнтізбелік күн ішінде бастапқы немесе қайталама нарықтағы тұрғын үйді таңдай алады.

    Қосымша 1153 қатысушы негізгі құрамды бағалау аяқталғанға дейін резервтік тізімге енгізілді. 3214 өтініш беруші тізімнен шығарылды, негізгі себептері – жұмыс орнының бағдарлама талаптарына сәйкес келмеуі, меншігінде тұрғын үйдің болуы, қажетті анықтамалардың болмауы, соңғы 6 айда зейнетақы аударымдарының болмауы және басқалар.

    Еске салайық, осы жылдан бастап «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша несиелендіру мөлшері 18 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.

  • Рим Папасы көз жұмды

    Рим Папасы көз жұмды

    Рим Папасы Францисктің өмірден озғаны туралы ТАСС ақпарат агенттігі хабарлады.

    Кеше ғана Пасха жексенбісінде Папа Франциск дәстүрлі батасын беру үшін Ватикандағы Әулие Петр алаңына жиналған сенушілердің алдына шыққаны хабарланған еді.

  • Мәсімовтің сатылымға шығарылған зәулім сарайының құны арзандады

    Мәсімовтің сатылымға шығарылған зәулім сарайының құны арзандады

    Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Кәрім Мәсімовке тиесілі үйдің бастапқы бағасы бірінші рет саудаға шығарылған кезде 1,8 млрд теңгеге бағаланған еді. Ал қазір 1,6 млрд теңгеге дейін төмендетіліп отыр. Алғашқы жарнасы 117,9 млн теңгені құрайды. Өтінімдерді қабылдау 13 мамыр күні сағат 9:00–ге дейін жүргізіледі. Сол күні сағат 11:00–де сауда-саттық өтеді.

    Зәулім сарай бұған дейін 25 ақпанда, одан кейін 12 наурызда сатылымға шығарылған еді. Алайда, ол кезде үйді сатып алушы табылмады.

    Еске салайық, ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов 2022 жылы 8 қаңтарда ұсталды.

    ҰҚК таратқан мәлімет бойынша, Мәсімовтің премьер-министр лауазымында болуы кезеңінде бизнес-құрылымның бірінен астанада құны 2,5 млрд теңге элиталық тұрғын үй мен жер телімін алу фактісі бойынша тергеу жүргізілді.

    Мәсімовтің ісі «аса құпия» белгісімен өтті. ол 18 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан қағылды.

  • Алматыда 3 қаржы пирамидасының қызметі тоқтады

    Алматыда 3 қаржы пирамидасының қызметі тоқтады

    Алматы қаласында «Warner Bros», «Roborock» және «NFT+TRX» қаржы пирамидаларының қызметі тоқтады. 

    ҚМА мәліметінше, қаржы пирамидасын құрғандар салымшыларды инвестиция салуға көндірген. Жоба 9 деңгейден құралып, орташа салым қаражаты 225 мың теңге болған. Сонымен қатар төлемдер тек USDT криптовалютасында қабылданды.

    «Warner Bros» пирамидасы бойынша салымшылар арнайы қосымшаға тіркеліп, қаражат салып, пирамидаға адам қосқаны үшін сыйақы алып отырған.

    Тергеу барысында салымшылардан қаражат жинау және транзит жасау үшін қолданылған криптовалюталық әмияндар анықталды.

    Соттың санкциясымен 3,8 млн USDT көлемінде криптоактивтерге тыйым салынды.

  • Алматыда трейлер арқылы табыс уәде еткен қаржы пирамидасы әшкереленді

    Алматыда трейлер арқылы табыс уәде еткен қаржы пирамидасы әшкереленді

    АФМ департаменті Warner Bros, Roborock және NFT+TRX атауларымен жұмыс істеген қаржы пирамидаларының қызметін тоқтатты. Ұйымдастырушылар азаматтарды трейлерлерді көру арқылы жоғары пайда табуға сендіріп, орташа 225 мың теңге көлемінде инвестиция салуға үгіттеген. Барлық төлемдер USDT криптовалютасы арқылы жүргізілген.

    9 деңгейден тұратын жүйе жаңа қатысушыларды тарту арқылы табыс әкеледі деген желеумен құрылған. Тергеу барысында 3,8 млн USDT сомасындағы криптоактивтерге сот санкциясымен бұғат қойылды.

  • Шымкентте жоғалған зейнеткер табылды

    Шымкентте жоғалған зейнеткер табылды

    Кеше үйінен белгісіз бағытқа кетіп, оралмаған әйелді туыстары өз бетімен іздеген. Алайда нәтиже болмаған соң таңертең 112 қызметіне жүгінген. Іздестіру жұмыстарына екі кинологиялық топ жұмылдырылып, зейнеткер елді мекеннен 4 шақырым жерден табылды. Дене қалпы жақсы, медициналық көмекке мұқтаж емес.