Метка: Басты оқиғалар

  • Тоқаев пен Путин телефон арқылы сөйлесті

    Тоқаев пен Путин телефон арқылы сөйлесті

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті.

    Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесті.

    Кремльдің баспасөз қызметінің мәліметінше, тараптар энергетика саласындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылаған. Сондай-ақ Владимир Путин Ресей мен АҚШ арасындағы диалогтың барысына қатысты өз пайымын айтқан.

    Президенттер алдағы Жеңістің 80 жылдығының маңыздылығын ерекше атап өтті. Мәліметке сәйкес, осыған орай Мәскеуде өтетін салтанатты шараларға Қасым-Жомарт Тоқаев қатысатыны айтылған.

    Энергетика саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.

  • Қостанайда ашу қысқан тәрбиеші мүгедек қызға бірнеше рет ыстық үтік басып алған

    Қостанайда ашу қысқан тәрбиеші мүгедек қызға бірнеше рет ыстық үтік басып алған

    Қостанай қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы орталықтардың бірінде ашуға мінген тәрбиеші 16 жастағы мүгедек қыздың денесіне бірнеше рет ыстық үтікті басып алған.

    Тәрбиеші әйелге қатысты «Азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. «Сотқа дейінгі тергеу аясында оқиғаның мән-жайын толық анықтау үшін тиісті тергеулер жүріп жатыр», — деп хабарлады Қостанай облысының полиция басқармасы.

    Егер тәрбиеші әйелдің кінәсі дәләлденсе, ол 4 жылдан 7 жылға дейін сотталуы мүмкін.

  • Ұлттық банк алаяқтар жалған несиелік шоттарды рәсімдейтінін ескертеді

    Ұлттық банк алаяқтар жалған несиелік шоттарды рәсімдейтінін ескертеді

    Қазақстан Ұлттық банкі алаяқтардың ҚҰБ-тың ресми бланкісін қолданып, жалған құжат ұсынған жағдайлар жиілеп кеткенін ескертеді.

    Алаяқтар жалған несиелік шоттарды пайдаланып схемалар жасаған. Алаяқтар ҚҰБ-тың ресми бланкісін қолданып, азаматтарға «несиелік шоты бар» немесе «қарызын өтеу керек» деп хабарлап, жалған құжаттар жіберуде.

    Олар сенімге кіру үшін бұл құжаттарға Ұлттық Банктің уәкілетті тұлғасының қолын, аты-жөнін және мөрін қойып көрсетеді. Бұл әрекеттер арқылы алаяқтар адамдарды ақша аударуға мәжбүрлеп, қаражатын ұрлауға тырысады.

    Сондай-ақ, алаяқтар жасанды интеллект технологияларын пайдаланып, Ұлттық Банк қызметкерінің бейнесін қолдана отырып жалған бейнероликтер жасайды және әлеуметтік желілерде жалған инвестициялық компаниялар туралы жарнамалар орналастырады. Олар тіпті ұрланған ақшаны қайтару үшін «тегін заңгерлік көмек» ұсынатындарын жариялайды.

    Ұлттық Банк азаматтарды қырағылық танытуға, күмәнді шоттарға ақша жібермеуге және тексерілмеген құжаттарға сенбеуге шақырады. Банк жеке шоттарға қызмет көрсетпейтінін, кредит берумен айналыспайтынын және халықпен ақшалай есеп айырыспайтынын еске салады. Сондай-ақ, белгісіз адамдардан телефон қоңырауы түссе, әңгімені тоқтатып, мемлекеттік органның ресми нөміріне хабарласуға кеңес береді.

    Егер алаяқтық әрекетке тап болсаңыз, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына хабарласыңыз. Қосымша кеңес алу үшін Ұлттық Банктің Байланыс орталығына 1477 нөміріне қоңырау шалуға болады

  • Тоқаев барша православ қауымын Пасха мерекесімен құттықтады

    Тоқаев барша православ қауымын Пасха мерекесімен құттықтады

    Президент Астана және Қазақстан митрополиті Александрды I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады, деп хабарлады Ақорда.

      Мемлекет басшысы митрополит пен барша православ қауымын Пасха мерекесімен құттықтады.

    «Қасым-Жомарт Тоқаев Православ шіркеуінің дәстүрлі және отбасылық құндылықтарды насихаттауға, жас ұрпақты тәрбиелеу мен еліміздің бай мәдени мұрасын сақтауға елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті», — деп жазылған хабарламада.

    Президент митрополит Александрды I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Бұл оның Қазақстандағы қызметіне 15 жыл толуына орай, сондай-ақ бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы еңбегі үшін беріліп отыр.

  • Қазақстанда алғаш рет омырау сүтін сақтайтын банк ашылды

    Қазақстанда алғаш рет омырау сүтін сақтайтын банк ашылды

    Алматы қаласының Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында Қазақстандағы тұңғыш омырау сүтінің банкі ашылды.

    Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бұл банкке жиналатын сүт шала туған балалар мен анасы емізе алмайтын балаларға арналған.

    «Омырау сүтінің жеке банкі – неонаталдық қызметті жетілдірудегі өте маңызды қадам. Сүт қауіпсіз жағдайда сауылады да арнайы ыдыста сақталады. Кейін дәрігерлер оны қатырып, керек болғанда сүтке мұқтаж балаларға береді», – деп хабарлайды министрлік.

    Болашақта министрлік елдегі әрбір үшінші деңгейдегі перинаталдық орталықтарда осындай банктер ашуды жоспарлап отыр.

  • Өз анасын өлтірген шымкенттік жазадан босатылды

    Өз анасын өлтірген шымкенттік жазадан босатылды

    Шымкентте анасын аса қатыгездікпен өлтірген 31 жастағы Дархан Жолдыбаевқа қатысты сот үкімі шықты.

    Шымкент қалалық сотының мәліметіне қарасақ, айыпталушы психикалық аурумен ауырған. Ол 54 жастағы мүгедек анасын ұйықтап жатқан кезде бірнеше жеріне пышақ сұғып өлтірді.

    Ресми деректерге қарасақ, 2025 жылдың қаңтар айында психикалық аурумен ауыратын сотталушы анасының бала кезінде ұрысқаны және нағашыларының қолына қалдырып кеткені есіне түсіп, кек алмақ болған. Ұйықтап жатқан жәбірленушіге бірнеше рет пышақ сұғып, оны қасақана өлтірген.

    Айыпталушының өзі сотқа қатысқан жоқ. Қазір Алматыдағы арнайы мекемеде ем алып жатыр.

    Марқұмның туыстарының айтуынша, үйдегілердің бәрі Дархан Жолдыбаевтан қорқатын. Ол – психиатриялық ауруханада тіркеуде тұрған, бірнеше рет медициналық көмек алған, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған адам.

    Сот-психиатриялық сараптамасы Жолдыбаевтың шизофрениямен ауыратынын анықтады. Алайда марқұмның туыстары оның шын мәнінде ауыр дертке шалдықпағанын, түрмеден құтылу үшін медициналық құжаттарды пайдаланып жүргенін айтып отыр.

    Прокурор оны кісі өлтірді деп танып, бірақ қылмыстық жауапкершіліктен босатып, мәжбүрлі емдеуге жіберуді талап етті.

    Судья Әбінұр Қарабаевтың түсіндіруінше, іс айыптау актісі бойынша емес, медициналық сипаттағы шараларды қолдану тәртібімен қаралды.

    Ақыры сот Жолдыбаевты кісі өлтірді деп таныды, алайда оны түрмеге қамауға шешім шығармады. Айыпталушыға арнайы психиатриялық стационарда қатаң бақылаумен мәжбүрлі емдеу шарасы тағайындалды.

    Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

  • Шерзат Полаттың нақты неден көз жұмғаны белгілі болды

    Шерзат Полаттың нақты неден көз жұмғаны белгілі болды

    Талдықорғанда өтіп жатқан атышулы сот отырысында Шерзат Полаттың өліміне қатысты медициналық сараптама қорытындысы жария етілді. 

    Бұл – істегі ең маңызды деректердің бірі. Марқұмның нақты неден қаза тапқаны туралы алғаш рет ресми түрде мәлімдеме жасалды.

    Прокурор Дана Сәрсенбайдың айтуынша, 2024 жылы 4 қазанға қараған түні «Қамажай» дүкенінің жанында болған жанжалдан кейін Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов жарақат алған ұлын және оның ағасы Нұрқанатты көлігіне отырғызып, бар жылдамдықпен Талғар аудандық орталық ауруханасына жеткізуге асыққан.

    «Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, Шерзаттың өлімі көп қан жоғалтудан болған. Жара сол жақ өкпенің жоғарғы тұсына түскен, пышақ жүрек тұсына өте жақын орналасқан көкірек қуысына сұғылған», – деп оқыды прокурор сот залында.

    Дәрігерлер оның өлімін 2024 жылы 4 қазан күні түнгі 01:30-да Талғар аудандық ауруханасында тіркеді.

    Еске сала кетсек, Талғарда 4 қазан күні бір топ адам келіп дүкен иесі Қаржаубай Нұрымов, ұлы Шерзат Полат және ағасы Нұрқанатпен жанжалдасып, арты кісі өліміне ұласты. 16 жасар Шерзат Полат қаза болды. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды.

  • Астаналық тұрғын: Балама «кішкентай Бишімбаев» деп тіл тигізіп, балабақшадан заңсыз шығарды

    Астаналық тұрғын: Балама «кішкентай Бишімбаев» деп тіл тигізіп, балабақшадан заңсыз шығарды

    Сарайшык ықшамауданының тұрғыны әкім Жеңіс Қасымбекке шағымданып, екі жасар баласының жеке балабақшада буллингке ұшырағанын айтты. Айтуынша, 2024 жылы тамызда барған балабақшадан ұлын 26 қыркүйекте ешбір ресми себепсіз шығарып жіберген.

    Бұған дейін балабақша қызметкерлері балаға «бейәдеп», «агрессивті», тіпті «кішкентай Бишімбаев» деген сөздер айтқан. Анасы бұл әрекеттерді әлеуметтік буллинг деп бағалап, прокуратураға, білім басқармасына және полицияға жүгінгенімен, іс қозғалмаған.

    Әкім Жеңіс Қасымбек жағдайды бақылауға алатынын айтып, құқық қорғау органдарына ресми арыз түсіруді ұсынды. Фактілер расталса, жауаптылар заң алдында жауап береді деді.

  • Астана әкімі LRT-де жол жүру бағасы қанша болатынын айтты

    Астана әкімі LRT-де жол жүру бағасы қанша болатынын айтты

    Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Сарайшық ауданы тұрғындарымен кездесуде LRT-де жол жүру билетінің бағасы қанша болатынын айтты.

    – LRT билетінің бағасы бойынша айтсақ, жобалық баға белгіленген. 100 теңгеден 200 теңгеге дейін деп жобалап отырмыз. Әзірге осындай меже қала береді, – деді әкім.

    Еске салсақ, биыл күзде LRT-ні тестілік режимде іске қосу жоспарланған.

    Сондай-ақ Астана әкімі елордадағы ақылы тұрақтар жаңа инвесторға берілуі мүмкін деген мәліметтерді теріске шығарған еді.

    Әкім ақылы тұрақтарды жаңа инвесторға беру мәселесі күн тәртібінде жоқ екенін мәлім етті.

    – Мен осыдан 2-3 ай бұрын алдын ала хабарлаған едім. «Астана тұрақ кеңістігі» мекемесін коммуналдық меншікке өткізетінімізді айтқанмын. Бұл мәселемен Көлік басқармасы тікелей айналысады. Қазіргі таңда инвестормен келісімшартты тоқтату бағытында жұмыс жүріп жатыр. Мекеме коммуналдық меншікке беріледі, – деді Жеңіс Қасымбек.

  • Қазақстанның Украинадағы жаңа елшісі тағайындалды

    Қазақстанның Украинадағы жаңа елшісі тағайындалды

    Бұған дейін Президенттің жарлығымен Дархан Кәлетаев Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылған еді.

    Төлежан Барлыбаев Қазақстанның Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды.

    Төлежан Барлыбаев 1970 жылы Теміртауда дүниеге келген. Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетін тәмамдаған.

    Еңбек жолында әр жылдары Қазақстанның Украинадағы Елшілігінде бірінші хатшы, кеңесші, Польша Республикасындағы Елшілікте кеңесші қызметтерін атқарған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру бөлімінде бас инспектор болған.

    Сыртқы саясат саласында Қазақстанның Хорватиядағы елшісі, сонымен қатар қосалқы негізде Босния және Герцеговина мен Черногориядағы елші қызметін атқарған. Соңғы қызметі – Қазақстан Республикасының Словакиядағы төтенше және өкілетті елшісі болған.