Метка: Басты оқиғалар

  • Алматыда автобустар әуежай аумағына кіретін болады

    Алматыда автобустар әуежай аумағына кіретін болады

    Аудан тұрғыны қоғамдық көліктердің әуежай аумағына кірмей, жолаушыларды әуе айлағының сыртында қалдырып кететініне шағымданды. Ерболат Досаев әуежай автотұрағындағы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл сұрақ шешілетінін айтты.

    «Онда ішкі терминал алдында жаңа тұрақ алаңдары салынып жатыр, жұмыстар кемінде күзге дейін жүреді. Ол аяқталған соң, №92 бағыттағы автобус әуежайдың ішіне кіріп, жолаушыларды сонда қалдыратын болады», – деді қала әкімі.

    Еске салайық, бұған дейін 1 сәуірден бастап Алматы әуежайының ішкі рейстер терминалында сыртқы сумен жабдықтау және өрт сөндіру желілерін жаңарту жұмыстары басталғанын жазғанбыз.

    Қазіргі уақытта ішкі терминал алдындағы автотұрақ аумағында жер жұмыстары жүріп жатыр. Бұл осы алаңдағы қозғалысты уақытша қиындатады. Жұмыстар 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жоспарланып отыр.

  • Шерзаттың соты ашық өтуі керек – Бас прокурордың орынбасары

    Шерзаттың соты ашық өтуі керек – Бас прокурордың орынбасары

    Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың ісі бойынша сот отырысы ашық өтуі мүмкін. Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев мәлімдеді.

    Оның айтуынша, іс шынымен оңай болған жоқ, өте көп сараптама жасалды. Іс материалдарымен танысуға көп уақыт кетті.

    «Прокуратура толығымен ашықтықты қолдайды. Менің ақпаратым бойынша сот ашық өтуі керек. Бірақ, сіз білесіздер, соттың ашық не жабық өтетіні туралы шешімді сот қабылдайды. Ал біздің позициямыз, әрине, сотты ашық өткізу. Аз ғана уақыт қалды, күте тұрайық», – деді Қойгелдиев Сенат кулуарында.

    Айта кетері, осы іс бойынша алдын ала тыңдау 10 сәуір күні сағат 12:00-ге белгіленді.

    Естеріңізге салайық, былтыр қазан айының басында Талғарда төбелес кезінде 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапты. Көп ұзамай қара жамылған отбасының үйі жанып кеткен.Полиция бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.

  • Шымкентте есірткі сатып жүрген кәсіби футболшы мен актер ұсталды

    Шымкентте есірткі сатып жүрген кәсіби футболшы мен актер ұсталды

    Қазақстанның бірнеше өңірінде есірткі қылмысы бойынша бірнеше адам ұсталды.

    Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Шымкент қаласында 1,5 кг а-PVP синтетикасымен Орталық Африка азаматы ұсталды. Ол есірткіні Telegram арқылы сатқан.

    Күдікті Қазақстанға 2020 жылы табыс табу мақсатында келген. Оның жергілікті футбол командаларының бірінде ойнағаны анықталды.

    Сонымен қатар Ақмола облысында 45 жастағы ер адам ұсталды. Оның жол сөмкесінен шамамен 2 кг гашиш табылды. Ол бұрын отандық сериалдардың бірінде қылмыстық топ басшысы ретінде рөл сомдаған.

    Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірхан.

  • Қазақстан түрмелеріндегі 39 мың адамның 6,4 мыңы дін ұстанады

    Қазақстан түрмелеріндегі 39 мың адамның 6,4 мыңы дін ұстанады

    ІІМ мүдделі мемлекеттік органдармен (Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура, Мәдениет және ақпарат министрлігі) бірлесіп қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің арнайы контингенті арасында радикалды діни идеологияның таралуына жол бермеу, террористік қызметтің деструктивті діни ағымдарын жақтаушылардың терроризмді және өзге де құқыққа қайшы әрекеттерді насихаттау фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі шаралар қабылдап отырады.

    Бүгінгі таңда, пенитенциарлық мекемелерде 39 мыңнан астам сотталғандар мен тергеу мақсатымен қамауға алынғандар отыр. Оның ішінде дінге сенушілер – 6 383, – деп жазылған ресми мәліметте.

    Министрлік келтірген анықтама мәліметіне сенсек, түрмеде дін ұстанушылардың саны:

    2024 жылы 6 464 адам болса,
    2023 жылы 5 121
    2022 жылы 4 230 адам болған.

  • Instagram желісіне қазақша әндер оралды

    Instagram желісіне қазақша әндер оралды

    Желі қолданушылары 9 сәуір күні Instagram желісіне қазақша әндер оралғанын байқады.

    Қараша айының соңында қазақ авторлар қоғамы мен Meta арасындағы келісімшарт бұзылған еді. Соның нәтижесінде, Meta корпорациясының сервистерінде отандық орындаушылардың композициясын пайдалану мүмкіндігі жойылды. Бірінші болып дабыл қаққан – туындыларын «таппай» қалған әншілердің өзі.   

    18 наурызда Instagram мен Facebook-тегі қазақстандық музыкаларды қайтару жұмыстары әлі жүріп жатқаны туралы мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов хабарлаған.

    Ал 9 сәуір күні жоғалған әндер қайта оралды.

  • Күзетшіні қатігездікпен өлтірген айыпталушы сотта өз сөзін айтты

    Күзетшіні қатігездікпен өлтірген айыпталушы сотта өз сөзін айтты

    Алматыдағы “Меркур Тауэрс” тұрғын үй кешенінде күзетшіні қатігездікпен өлтірген қылмыс бойынша сот процесі жалғасуда. 9 сәуірде айыпталушы соңғы сөзінде өз кінәсін жартылай мойындап, қасақана өлтіргені мен порнографиялық материалдар тарату айыптарын жоққа шығарды.

    Қылмыс 45 жастағы айыпталушының күзетшіні бірнеше рет көлікпен басып, одан кейін басына секіріп өлтіргені хабарланды. Оқиғаға себеп болған жағдай – күзетші оның үйінен шығуына рұқсат бермеген. Айыпталушы бұрын нашақорлықтан зардап шеккен және көршілерін үнемі қорқытқан.

    Айыпталушыға 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасы сұралды. Күзетші артында жұбайы мен үш баласын қалдырды.

  • Балғынбек Имашевтің ұлы алаяқтық жасады деген күдікпен тергеліп жатыр

    Балғынбек Имашевтің ұлы алаяқтық жасады деген күдікпен тергеліп жатыр

    Алматыда айтыскер ақын Балғынбек Имашевтің ұлы алаяқтық жасағаны үшін тергеліп жатыр. Ол “Qazaq Travel” компаниясы арқылы қажылыққа баруға билет сатып алуға көмектесемін деп, туристердің ақшасын алдап алған.

    Медина Жарылғапова есімді туристің айтуынша, оның рейсі екі күннен кейін ұшуы керек болған, бірақ компания ешқандай түсініктеме бермей, ақшасын қайтармаған. Қазір 50-ге жуық адам полицияға шағым түсірген, ал компанияның кеңсесі жабық тұр.

    Полиция алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, үш адам күдікті ретінде танылды. Олардың арасында компанияның атқарушы директоры Данияр Имашев бар. Журналистерге ол жағдайды түсіндірген жоқ, бірақ әкесі Балғынбек Имашев бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, билеттер мен қонақүйлердің бағасының қымбаттағанын және ешқандай алаяқтық болмағанын мәлімдеді.

    «Көп адамдар акциямен алған. Арзан бағада алды. Қазір баға қымбаттап жатыр. Қымбат билет алынып жатыр. Ұшақтың бағасы қымбат болып жатыр. Қонақүйдің бағасы қымбат болып жатыр. Сол себепті құрылтайшылар өз қалтасынан қосып, қаржы салып, сіздердің қызметтеріңізде болуға талпынып жатыр», – деді айтыскер ақын Балғынбек Имашев.

  • Алматыда балабақша тәрбиешісі 4 жастағы қызға қатыгездік көрсеткен

    Алматыда балабақша тәрбиешісі 4 жастағы қызға қатыгездік көрсеткен

    Бұл оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Баланың анасы Жадыра Рахимбаева қызының соңғы уақытта балабақшаға барудан бас тартқанын байқап, оны сұрағанда, қызы болған жағдайды айтып берген.

    Бала тәрбиешінің өзіне тапанша сияқты затпен қорқытқанын, сол себепті жиі ашуланып, қорқып жүргенін жеткізген. Ата-ана бейнежазбаны сұратып, балабақшадан дәлелдерді алғаннан кейін полицияға хабарласқан.

    Қазір Алатау аудандық полициясы бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Ата-ана баланың денсаулығының нашарлауына байланысты дәрігерге көрінген, ол бронхит диагнозын қойған.

  • Алматы әуежайында қызды құтқарған ер адам жәбірленуші болудан бас тартты

    Алматы әуежайында қызды құтқарған ер адам жәбірленуші болудан бас тартты

    Ол наурыз айының басында әуежай қызметкерін тұтқынға алып, елді дүр сілкіндірген еді.

    Соттың екінші отырысында адвокат әрі ерлік көрсеткен азамат Муса Абдраимов өзін жәбірленуші ретінде тануды сұрағанымен, кейін бұл мәртебеден бас тартты. Ол қызды өз еркімен құтқарғанын және денсаулығына ешқандай зиян келмегенін айтты.

    Соттың алғашқы отырысында айыпталушы өзіне тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді. Ол ешқандай талап қоймағанын, тек күту залына өтуге рұқсат сұрағанын мәлімдеген. Сонымен қатар, өзін контузия алғанын айтқанымен, оны дәлелдейтін құжаттар жоқ.

    Баратовқа бірнеше бап бойынша айып тағылып отыр: жалған террорлық хабар тарату, адамды тұтқынға алу және қару қолдана отырып бұзақылық жасау. Бұл баптар бойынша ол 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

    Айта кетейік, оқиға кезінде Муса Абдраим пышақпен қаруланған ер адамнан қызды құтқарып, оны залалсыздандыруға көмектескен. Президент бұл ерлігі үшін оны арнайы мемлекеттік медальмен марапаттады.

  • Танымал журналист Лев Тараков өмірден озды

    Танымал журналист Лев Тараков өмірден озды

      «Время» газетінің бас редакторы, публицист, қоғам қайраткері Лев Тараков 58 жасында өмірден өтті.  

    Л.Тараков 1992-1994 жылдары Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінде қызметкер, 1994-1997 жылдары Президент әкімшілігінде сарапшы, 1997 жылы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры, 1997-1998 жылдары Ақпарат және қоғамдық келісім вице-министрі, 1998-2002 жылдары Президенттің баспасөз хатшысы, ал 2002-2004 жылдары Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде жауапты қызмет атқарды.

    Л.Тараков 2004 жылдан бастап журналистикаға араласып «Известия-Қазақстан», «Литер» газеттерінде газетінде бас редактор болды. 2012 жылдан бастап «Время» газетінің бас редакторы лауазымын атқарды. Ол «Құрмет» орденімен марапатталған.

    Мәдениет және Ақпарат министрі Аида Балаева да белгілі журналистің қазасына байланысты көңіл айттты.

    «Тәуелсіз Қазақстан журналистикасының көгінде тағы бір жарық жұлдыз сөнді. Онымен ұзақ жылдар бойы таныс болып, кәсіби тұрғыда тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегеніме, жылы тілдесіп, жақын араласқаныма қуаныштымын. Ғибратты ғұмыр кешіп, соңына өнегелі із қалдырған азаматтың аяулы есімі халқымыздың жадында сақталады деп сенемін», – деп жазды министр А.Балаева.

    SONA редакциясы медиаменеджер, журналист Лев Тараковтың отбасына, жақындары мен әріптестеріне қайғырып көңіл айтады.