Метка: Басты оқиғалар

  • Алаяқтар рәсімдеген несиелер сотқа жетпей жойылады

    Алаяқтар рәсімдеген несиелер сотқа жетпей жойылады

    Мәжіліс қаржы нарығы мен тұтынушылар құқығын қорғауға қатысты заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

    Қазір мұндай несиелер тек сот шешімімен жойылады. Енді жаңа заң бойынша:
    • Алғашқы несие алғанда клиенттің өзі келуі тиіс
    • 24 сағат ішінде несиеден бас тартуға болады
    • Белгілі азаматтар үшін қосымша келісім алу қажет

    Бұл талаптар бұзылса, банктер мен МҚҰ-лар несиені сотқа дейін жоюы тиіс. Сонымен қатар, биометриялық сәйкестендіру немесе деректерді заңсыз қолдану дәлелденсе, несие сот арқылы жойылады.

  • ​Түркістан облысында бұрынғы әйелін кепілге алған азамат сотталды

    ​Түркістан облысында бұрынғы әйелін кепілге алған азамат сотталды

    Өткен жылы Сайрам ауданының тұрғыны бұрынғы әйелінің үйіне баса көктеп кіріп, балаларын көрсетпей жүргені үшін мойнына пышақ тақап, өлтіремін деп қорқытқан.

    Аталған азамат бұған дейін сотты болған, лудоманиямен ауырғанына байланысты ажырасқан. Күдікті жәбірленушінің туыстары мен құқық қорғау қызметкерлерінің ескертулерін тыңдамай, оны пышақпен қорқытып аулада тұрған автокөлікті өзіне басқартып, ол жерден бой тасалаған.

    Сол күні арнайы іс шара жүргізу барысында күдікті Шымкент қаласында ұсталып, жәбірленуші кепілден босатылды.

    Сот барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушыны бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сот жоғарыда аталған мән-жайларды ескере отырып, алдыңғы үкім бойынша өтелмеген 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасын ішінара қосып, түпкілікті 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

    Сот үкімі заңды күшіне енген.

  • 10 сәуірге дейін жүргізуші куәлігін ауыстыру керек пе? ІІМ мәлімдеме жасады

    10 сәуірге дейін жүргізуші куәлігін ауыстыру керек пе? ІІМ мәлімдеме жасады

    Әлеуметтік желілер мен чат-топтарда 10 сәуірге дейін жүргізуші куәлігін ауыстыру қажет екені, осы күннен кейін куәлікті ауыстыру үшін теориялық емтихан тапсыру қажет болатыны туралы ақпарат тарап жатыр. Осыған қатысты Ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасады.

    Ішкі істер министрлігі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдейді.

    Жүргізуші куәліктерін беру және емтихандарды қабылдау қағидаларына сәйкес жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін азаматтан келесі құжаттар талап етіледі:

    • жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисі арқылы ұсынылатын электрондық құжаттар;
    • мемлекеттік баж салығының төленгенін растайтын құжат.

    Куәліктің қолданылу мерзімі өткен жағдайда қосымша медициналық анықтама қажет.

    Жүргізуші куәлігін ауыстыру кезінде жол жүру ережелері бойынша емтихан тапсыру талап етілмейді.

  • Ақбөкен өлексесі 14 мыңға жетті

    Ақбөкен өлексесі 14 мыңға жетті

    Кеңгір су қоймасында жиналған ақбөкендердің 14 мың өлексесі жойылды.

    Ұлытау облысындағы Кеңгір су қоймасының Водосброс және Спутник саяжайы маңында ақбөкен өлекселерін жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Залалсыздандыру жұмыстарына 145 адам және 67 техника қатысқан.

    «Кеңгір су қоймасын өлекселерден тазарту жұмыстарын төтенше жағдайлар органдарының қызметкерлері арнайы техникалармен жүргізіп жатыр. Жергілікті тұрғындар да елді мекендерді өлекседен тазартуға үлес қосып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Іс прокуратура органдарының ерекше бақылауында», – деп хабарлады облыстық прокуратура.

    Кеңгір су қоймасы – өңірдегі энергетика мен суландырудың негізгі су реттегіші. Су қоймасы 1952 жылы салынған, оның көлемі 319 млн текше метр болады.

  • 7-сынып бағдарламасына жаңа пән енгізілуі мүмкін

    7-сынып бағдарламасына жаңа пән енгізілуі мүмкін

    Қазақстанда мектеп оқушыларына 7-сыныптан бастап жаңа пән қосылуы мүмкін.

    Бұл ұсынысты бас прокурор Берік Асылов айтты. Ол қазақстандық оқушыларға 7-сыныптан бастап «Заң және тәртіп» атты жаңа пән енгізуді ұсынды.

    «Бүгінде жасөспірімдердің біразы өкінішке қарай, ауыр қылмыс жасап жатыр. Олар төбелестен бастап ауыр қылмысқа дейін барады. Алайда олардың көбі заңды бұзғанын білмейді. Олар қылмысы үшін жауапкершілікке тартылатынын түсініп жүрген жоқ. Сондықтан оқушылардың құқық жайлы сауатын арттыру үшін жаңа пән қосуды сұраймыз», – деді Берік Асылов.

    Асылов жасөспірімдер заңды білу арқылы тәртіпке үйренетінін айтты.

  • Мәжіліс жаңа салық кодексін бірінші оқылымда мақұлдады

    Мәжіліс жаңа салық кодексін бірінші оқылымда мақұлдады

    Салық кодексінің жаңа жобасына сәйкес, салық жүйесін оңтайландыру, салықтар мен алымдар санын азайту, берілетін жеңілдіктерді қысқарту жоспарланып отыр.

    ҚҚС: жаңа шек және мөлшерлеме

    Атап айтқанда, Үкімет қосымша құн салығы (ҚҚС) бойынша шекті табыс мөлшерін жылына 40 миллион теңге деңгейінде белгілеуді ұсынуда.
    ҚҚС мөлшерлемесі – 16% болады деп көзделген.

    Сән-салтанат салығы енгізілмек

    Бұдан бөлек, жеке тауар санаттарына жоғары мөлшердегі салық салу, яғни «люкс салығы» енгізу ұсынылуда.

    Салалық салық мөлшерлемелері

    Жекелеген салалар үшін салық мөлшерлемелері төмендегідей болады:

    • Банктер үшін – 25%
    • Құмар ойындар саласы үшін – 25%
    • Әлеуметтік бағыттағы мекемелер үшін – 10%
    • Өңдеу өнеркәсібі үшін – 10%
    • Ауыл шаруашылығы үшін – 3%

    Негізгі салық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталады.

    Арнайы салық режимдері қысқарады

    Қолданыстағы арнайы салық режимдерінің саны үшке дейін қысқартылмақ:

    1. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар үшін
    2. Жеңілдетілген есептілік негізінде жұмыс істейтіндер үшін
    3. Шаруа және фермер қожалықтары үшін

    Жеке тұлғаларға арналған жеңілдіктер

    Азаматтар үшін де бірқатар өзгерістер ұсынылуда. Атап айтқанда:

    • Зейнетақы қорынан төленетін төлемдерге жеке табыс салығы салынбайды (ЖТС-тан босатылады)
    • Жалақыдан 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде тұрақты салықтық шегерім енгізу жоспарланып отыр. Бұл шегерім республикалық бюджет туралы заңда бекітілетін АЕК-ке негізделеді.
  • Энергетикалық сусындар қымбаттайды

    Энергетикалық сусындар қымбаттайды

    Қазақстанда алкогольсіз энергетикалық сусындарға акциз салу жоспарланып отыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

    Жаңа Салық кодексінің жобасына осындай норма енген.

    «Зиянды сусындарды тұтынуды азайту мақсатында алкогольсіз энергетикалық сусындарға акциз енгізу ұсынылады», – деді Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысында.

    Айта кетері, қазір елімізде 21 жасқа толмаған қазақстандықтарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынған.

     

  • Елімізде үш айда пәтер ұрлығы үшін 25 қылмыстық топ ұсталды

    Елімізде үш айда пәтер ұрлығы үшін 25 қылмыстық топ ұсталды

    Пәтер ұрлығы – бұл мүлікті ұрлау мақсатында тұрғын үйге заңсыз кірумен байланысты қылмыс түрі. Ол кілт таңдау, есіктерді бұзу, терезе немесе балкон арқылы кіру сияқты әртүрлі әдістер арқылы жасалуы мүмкін. ІІМ пәтер ұрлығын азайту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Соңғы бес жылда оның саны 14 мыңнан 6 мың дерекке дейін, яғни екі жарым еседей азайды. Жыл басынан бері пәтер ұрлығының тіркелуі 30%-ға төмендеді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

    Айлакер ұрылардың қылмыстық әрекетінің жолын кесу бойынша шаралар тұрақты негізде жүргізіледі.

    – Алматы қаласында криминалдық полиция қызметкерлері пәтер ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты ұстады. Топ құрамында үш адам болған. Алдын ала мәлімет бойынша шығын 10 млн теңге, – деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

    Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 2025 жылдың үш айында ел бойынша пәтер ұрлығын жасағаны үшін 25 қылмыстық топ ұсталды.

    Ұрлыққа жол бермеу үшін ІІМ қарапайым әрі тиімді қауіпсіздік шараларын ұсынады: есікке сапалы құлып, терезелерге торлар орнатып, дабыл жүйесі мен бейнебақылау камераларының мүмкіндіктерін қолдануға болады.

    Әлеуметтік желілерде қолда бар ақша жинақтары мен зергерлік бұйымдар, материалдық құндылықтар және оларды сақтау орындары туралы ақпаратты жарияламаған абзал.

  • Енді жеке кәсіпкерлікті тіркеу рәсімі қиындайды

    Енді жеке кәсіпкерлікті тіркеу рәсімі қиындайды

    Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексінде ҚҚС-тің төменгі шегі бұрын ұсынылғандай 15 млн теңге емес, 40 млн теңге болатынын, осының салдарынан 160 мың кәсіпкер ҚҚС төлеуден құтылатынын айтты.

    Министрдің сөзінше, бұл шешім бизнес субъектілері бұдан әрі ұқсақтала алмайтындай жүйені қажет етеді.

    «Біз енді жеке кәсіпкерлік құрылымды құруды түрлі жолмен қатаңдатамыз. Бұған дейін салық тәртібін бұзған, жұмыс істемейтін қосымша жеке кәсіпкерлігі бар адамдарға жаңа жеке кәсіп құрылымын ашу қиын болады», – деді ол.

  • Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық істі қарау қайта басталды

    Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық істі қарау қайта басталды

    Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында Qaznews24 сатиралық арнасының авторы Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық істі қарау қайта басталды. Ол сот процесіне тергеу изоляторынан қатысып жатыр.

    Тергеу нұсқасы бойынша, блогер ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздықты қоздыру») бойынша «адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қарсы ауыр қылмыс жасады» деп айыпталуда. Ол 2024 жылдың 18 қаңтарынан бастап қамауда отыр. Алғашында іс Алмалы аудандық сотында қаралған. Алайда мемлекеттік айыптаушының өтініші негізінде іс Наурызбай аудандық сотына ауыстырылды. Айыптаушы тараптың айтуынша, қылмыстық құқықбұзушылық Еңсебектің тіркеуде тұрған мекенжайында, яғни Наурызбай ауданында жасалған.

    Блогердің қорғаушысы, адвокат Жанар Балғабаева сотта бірқатар өтініштерді мәлімдеуді жоспарлап отыр:

    • Бұлтартпау шарасын өзгерту,
    • Қылмыстық істі тоқтату,
    • Сот отырысын офлайн форматта, Еңсебектің тікелей қатысуымен өткізу.

    Темірлан Еңсебекке қатысты іс бір ғана эпизодтан тұрады. Ол – 2024 жылдың 21 қаңтарында Qaznews24 сатиралық арнасында және Instagram парақшасында жарияланған жазба. Онда «Қазақстандық рэперлер Тина Канделакиге қатаң жауап жолдады» деген сипаттағы жазба жарияланған. Жазбамен бірге авторы белгісіз музыкалық композиция берілген. Ән мәтінінде ұлтаралық сипаттағы анайы, балағат сөздер кездеседі, атап айтқанда – орыс ұлты өкілдеріне бағытталған өте ауыр әрі қорлайтын сөздер бар.

    Айта кету керек, Наурызбай аудандық сотының ғимаратына келген «Oyan Qazaqstan» қозғалысының белсенділері Темірлан Еңсебектің сот ісін ашық әрі әділ өткізуді талап етті. Олар сот залына кіре алмады, ал процестің онлайн-трансляциясы мүлде жүргізілмей жатыр. Осыған наразы болған азаматтар соттың ашық өтуін талап етіп, ұрандатуға көшті.

    Баспасөз өкілдері мен белсенділердің қасына аудан әкімдігінен бір өкіл шығып, бұл әрекетті «рұқсат етілмеген жиын» деп бағалап, оның салдары болатынын ескертті. Қазір оқиға орнына полиция келуі мүмкін.