Метка: Басты оқиғалар

  • «Қазақмыс» Жомарт кенішіндегі апат туралы мәлімдеме жасады

    «Қазақмыс» Жомарт кенішіндегі апат туралы мәлімдеме жасады

    «Қазақмыс» корпорациясы хабарлағандай, жеті кенші қаза болған Жомарт кенішіндегі апат орнында авариялық-құтқару бригадалары тау жынысының опырылмағанын анықтаған.

    «Кеніштегі жұмыс тергеу аяқталғанға дейін тоқтатылды. Табиғи газдың жарылуына не себеп болғаны талданып жатыр. Компания Үкіметтік комиссиямен және тергеу органдарымен қоян-қолтық жұмыс істеуде және қолданыстағы қауіпсіздік стандарттарына түзету енгізуді жоспарлап отыр. Соңғы үш жылда «Қазақмыс» еңбек қауіпсіздігіне 87 млрд теңгеден астам инвестиция салды, ал 2025 жылға жоспарланған қаржыландыру көлемі 38 млрд теңгені құрайды. Компания жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық береді», – деп мәлімдеді компанияда.

    Cондай-ақ, хабарламада «Жомарт» кенішіндегі қайғылы оқиғаға байланысты «Қазақмыс» компаниясы қаза тапқан жұмыскерлердің отбасын қолдау үшін шұғыл әрекет етіп, нақты шара қабылдап жатқаны айтылған. Атап айтқанда, ішкі штаб құрылып, өтемақы төлеу, мәйіттерді тасымалдау, несие бойынша міндеттемелерді орындау және отбасы мүшелерін жұмыспен қамту мәселелері назарға алынған. Қаза болған кеншілердің жақын туыстарының өтініші бойынша үш мәйіт Түркістан, Қарағанды облыстарына, қалғандары Жезқазған, Сәтбаев қалаларына жеткізілді.

    Бұдан бөлек, «Қазақмыс» компаниясының жұмыскерлерін жазатайым оқиғадан сақтандыратын «KM Life» сақтандыру компаниясы қаза тапқан әр кеншінің асырауында бала болғанын ескеріп, олардың отбасына асыраушысынан айырылуына байланысты сақтандыру төлемін тағайындайды.

    Сақтандыру төлемінің мөлшері қаза болған кісінің асырауындағы адамдардың санына және оның орташа айлық жалақысына байланысты болады. Бұл төлемдер балалар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын төленеді, егер олар жоғары оқу орнының күндізгі бөлімінде оқыса, 23 жасқа дейін төленеді. Сондай-ақ 14 жасқа дейінгі балаларға күтім жасайтын, жұмыс істемейтін аналарға да төлем тағайындалады.

    Ал ұжымдық келісімшартқа сай, марқұмдардың отбасына жерлеу рәсімін атқару үшін 2,2 млн теңге мөлшерінде біржолғы төлем аударылған. Алдағы уақытта оларға 84 млн теңгеден 141 млн теңгеге дейін жететін жылдық жалақының 10 еселенген мөлшері төленеді.

    Сондай-ақ асыраушысынан айырылу жағдайына ай сайынғы төлемдер, балалардың оқу ақысын төлеу, сондай-ақ отбасы мүшелерінің өтініші бойынша басқа да көмек түрлері қарастырылған.

    Сонымен қатар қаза болған кеншілердің банк алдындағы қарызы назарға алынуда. Қазіргі таңда Bank RBK, Kaspi және Halyk Bank-те жалпы сомасы 47,5 млн теңгені құрайтын несие мен ипотека анықталды. Қарызды өтеу бойынша жұмыс жүргізілуде.

  • Мас күзетші 6-сынып оқушысын ұрған

    Мас күзетші 6-сынып оқушысын ұрған

    Павлодарда мас күзетші кәмелетке толмаған баланы ұрып, ол ауруханаға жүгінгенуге мәжбүр болған. Бұл туралы @Pavlodarnews.kz сайты хабарлады. 

    Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қала мектептерінің бірінде кәмелетке толмағанға дене жарақатын салу фактісі бойынша тексеру басталды.

    19 ақпанда мектеп күзетшісі мас күйінде 6-сынып оқушысының кеудесінен ұрғаны анықталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, соның нәтижелері бойынша іс жүргізу шешімі қабылданады, – деді департаментте. 

    Сонымен қатар оқиғадан кейін күзетші медициналық айықтырғышқа орналастырылды. Қоғамдық орында мас күйінде болғаны үшін жауапқа тартылып, айыппұл салынды.

    Ал оқушыны кезекші травматолог қарап, оған кеуде қуысының көгеруі диагнозы қойылған. Оқушы амбулаториялық бақылауға үйге жіберілген.

  • Павлодарда 52 ауылды су басуы мүмкін

    Павлодарда 52 ауылды су басуы мүмкін

    Ауа райын болжаушылар көктем Керекуге ерте келеді деп хабарлап қойды. «Қазгидромет» РМК филиалының директоры Галина Шпактың ақпараты бойынша ақпанның екінші жартысында ылғал мол түседі. Температура нормадан 2 градусқа жоғары болады.

    Наурыз айында да ауа температурасы жылдағыдан 2 градусқа жоғары болмақшы. Топырақта қалған күзгі ылғалдың көлемі 60%-ға артса, қардағы судың қоры да нормадан 7%-ға асып тұр.

    Былтырғыдан төмен жалғыз ғана көрсеткіш – топырақтың орташа қату тереңдігі, ол өткен жылмен салыстырғанда 41%-ға аз. Аймаққа негізгі қауіп көршілес Ақмола және Қарағанды облыстарынан келетіні де жасырын емес.

    Аталған өңірлерде жиналып қалған ақ ұлпаның көлемі былтырғыдан 1,5 есе артық. Осыған байланысты негізгі күштер мен құралдар тобын Ақтоғай және Баянауыл аудандарына жіберу қарастырылған. Қазір облыста жедел штаб құрылған.

    – Былтыр көктемдегі ауыртпалықты ескере отырып, жаз бен күзде 18,89 км қорғаныс бөгеттері тұрғызылды. 4,8 км бұрма арналары жөнделіп, кейбірі қайта салынды. Автомобиль және темір жолдардың астына 24 су өткізу құрылыстары орнатылып, ауыстырылды. Арналар мен өзендердің учаскелерінде 7,8 км тереңдету жүргізілді. Инженерлік жұмыстар жоспарымен 31 іс-шара іске асырылды. Жергілікті атқарушы органдар су тасқыны кезеңі үшін 5973 тонна инертті материалдар, 35 мың данадан астам қаптар, 68,6 тонна жанар-жағармай әзірлеп, тамақтануға 139 ниет шартын және жарылыс жұмыстарына 7 шарт жасасты. Сонымен қатар, мемлекеттік материалдық резервтен қозғалтқышының қуаттылығы 100 кВт, секундына 625 литр су айдайтын екі жылжымалы сорғы стансасы (АЕМ 500/10) берілді, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рустамбек Амрин.

    Ықтимал су тасқынымен күресуге 2327 адам, 699 инженерлік және арнайы техникалар, 23 жүзу құралы, 355 мотопомпа дайындалып қойған.

    Қажет болған жағдайда Ертіс өзені бойында және оған кіретін өзендерде жарылыс жұмыстарын жүргізуге Аққулы, Май, Железин, Ертіс, Тереңкөл, Ақтоғай аудандарында және Ақсу қаласында 7 шарт жасалған.

    – Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстандағы Шүлбі су қоймасындағы судың көлемі 81,5% құрайды (өткен жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға артық). Осыған байланысты Павлодар және Ақсу қалаларының әкімдіктері қысқа мерзімде Ертіс өзенінің жағасын нығайту жұмыстарына кірісуі қажет, – дейді департамент бастығы.

  • Екі жылда 80 ауыл картадан жоғалған

    Екі жылда 80 ауыл картадан жоғалған

    Бірінші болып баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев дөңгелек үстелген қатысушыларға ауыл халқының жылдан жылға азайып бара жатқанына назар аударуды сұрады.

    – Бүгінгі күнде елімізде 6208 ауыл бар, ал 2023 жылы 6286 ауыл болды. Сонда тек 2 жылдың ішінде 80 ауыл жойылды. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы сөзінде: ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру қажеттігін баса айтқаны баршаңызға мәлім. Сондықтан осы мәселені талқылап, ауылдарды соның ішінде шекара маңындағы ауылдарды дамыту бойынша нақты шешімдерге келген жөн, – деді ол.

    Ал Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, кейінгі он жылда Қазақстан картасынан 572 ауыл жойылған.

     

  • Спорт мектебінің басшылары бюджеттің 12 млн теңгесін құмар ойынға тігіп жіберген

    Спорт мектебінің басшылары бюджеттің 12 млн теңгесін құмар ойынға тігіп жіберген

    Ақтөбе облысында спорт мектебінің басшылары 12 млн теңге бюджет қаражатын букмекерлік кеңселерге барып, тігіп жіберген.

    Облыс прокуратурасы спорт алаңдары мен залдарын жалға беру қызметтерінен бюджетке түсуі тиіс болған қаражатты екі балалар-жасөспірім спорт мектебінің басшылары негізсіз иемденгенін анықтады.

    «Олар 12 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде букмекерлік кеңселерде жұмсаған. Аталған фактілер бойынша прокуратура 2 қылмыстық іс тіркеді. Тергеуді облыстық Экономикалық тергеу департаменті жүргізді.

    Осы жылдың 10 қаңтарында тергеу аяқталып, қылмыстық іс (істер біріктірілді) мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды», – делінген хабарламада.

  • Елімізде алаяқтықтың тағы бір түрі пайда болған

    Елімізде алаяқтықтың тағы бір түрі пайда болған

    Интернетте TikTok, Telegram, Instagram және басқа танымал платформалардағы аккаунттарды сатып алу-сатуға қатысты алаяқтық схемалар белсенді түрде таралуда.

    Мәселен, жоқ шоттарды сату. Сізге «миллион жазылушысы» бар шот ұсынылады, бірақ ақша аударылғаннан кейін сатушы жоғалып кетеді.

    Сатудан кейінгі тосқауыл. Есептік жазба сізге аударылған болса да, алаяқ байланысқан электрондық пошта немесе телефон нөмірі арқылы кіруді қалпына келтіре алады.

    Сатып алынған есептік жазба бұғатталуы мүмкін. Әлеуметтік желілер қайта сатуға қарсы белсенді түрде күреседі және ережелерді бұзғаны үшін есептік жазбаңыз жабылуы мүмкін.

    Ұрланған тіркелгілерді пайдалану. Кейде алаяқтар заңсыз жолмен алған шоттарын сатады.

    Оларды сатып алу арқылы сіз өзіңіз схеманың бір бөлігі боласыз.

    Фишингтік сілтемелер. «Транзакцияны растау» үшін сізге жалған кіру парағы жіберілуі мүмкін, деректеріңіз ұрлануы және негізгі тіркелгіңізге шабуыл жасалуы мүмкін.

    Тіркелгілерді сатып алмаңыз, бұған көптеген платформалардың ережелері тыйым салады.
    «Тамаша» ұсыныстарға сенбеңіз, әсіресе кепілдіксіз.

    Ешқашан бейтаныс адамдарға алдын ала ақша аудармаңыз. Тіркелгілеріңізді қорғау үшін екі факторлы аутентификацияны пайдаланыңыз. Сатушының беделін тексеріңіз, бірақ шолулар жалған болуы мүмкін екенін ескеріңіз.

    Егер сізге шотты сатып алу немесе сату ұсынылса, абай болыңыз. Ақшаны және жазылушылардың сенімін жоғалтқанша, өз профиліңізді дамытуға уақыт жұмсаған дұрыс.

  • Asar Baspana қаржы пирамидасының жұмысы тоқтады

    Asar Baspana қаржы пирамидасының жұмысы тоқтады

    Asar Baspana қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары қамауға алынды.

    Бұл туралы қаржы мониторингі агенттігі мәлімдеді. Алдын ала ақпарат бойынша, ұйымдастырушылар салымшыларға жылжымайтын мүлік, көліктер, биологиялық белсенді қоспалар, ас үй ыдыстары, косметика, тұрмыстық химия және тағы басқа тауарлар сатып алу үшін пирамидаға қаражат салуды ұсынған. Олар ай сайын салынған соманың 30%-на дейін пайда табуға уәде берген.

    Қаржы пирамидасы кеңселерін және күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізілді. Нәтижесінде 1,2 млрд теңгеден асатын қолма-қол ақша және  қымбат 13 көлік тәркіленді.

    2 қаржы пирамидасын ұйымдастырушы екі айға қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

  • Өзбекстанда қарақшылық жасаған түрік азаматтары Қазақстанда ұсталды

    Өзбекстанда қарақшылық жасаған түрік азаматтары Қазақстанда ұсталды

    Құқық қорғау органдарының жеделдігі, үйлесімді жұмысы және цифрлық шешімдердің мүмкіндіктері өз тиімділігін көрсетті. Шымкент пен Атырау әуежайларында криминалдық полиция қызметкерлері Өзбекстан аумағында қарақшылық шабуыл жасағаны үшін іздеуде жүрген үш Түркия азаматын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

    Ташкентте ер адамдар бетперде тағып, бөтен біреудің көлігін басып алуға тырысқан. Алайда жәбірленушілердің белсенді қарсылығының арқасында шабуылдаушылар өздерінің қылмыстық жоспарын жүзеге асыра алмаған. Осылайша олар оқиға орнынан ізін суытқан.

    Қарақшылық жасалғаннан кейін, іздеуге жарияланбастан бұрын қаскөйлердің екеуі Атырау облысында, ал үшіншісі Қазақстанның оңтүстігінде жасырынған. Жедел іс-шаралардың нәтижесінде үш күдікті де ұсталып, уақытша ұстау изоляторларына қамауға алынды.

  • «Феминитаның» негізін қалаушыға айыппұл салынды

    «Феминитаның» негізін қалаушыға айыппұл салынды

    «Феминита» қозғалысының жетекшісі Гүлзада Сержанға тіркелмеген ұйымға жетекшілік еткені үшін айыппұл салынды.

    19 ақпанда сот Гүлзада Сержанды әкімшілік кодекстің 489-бабының 9-бөлігі бойынша (тіркелмеген ұйымға басшылық жасағаны үшін) кінәлі деп таныды. Оған 100 АЕК (393 200 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл тағайындалды.

    Соттан кейін Сержан бұл шешім әділетсіз деп мәлімдеді. Оның айтуынша, сотта ол бұрын білмеген үш видео ұсынылған. Олардың бірін Бағила Балтабаева, екіншісін TikTok-та белгісіз автор, үшіншісін оның сайлауалды видеосы кезінде түсірген.

    13 ақпанда Алматыда «Ата-аналар одағының» басшысы Бағила Балтабаева мен оның жақтастары «Феминита» қауымдастығы ұйымдастырған адам құқықтары жөніндегі мектепке келіп, шу шығарған.

    Келесі күні «Феминита» құқық қорғау ұйымының іс-шарасы өткен қонақ үйде тағы да жанжал болды. «Ата-аналар одағының»төрағасы Бағила Балтабаева бастаған ЛГБТ-ға қарсылар тобы ғимаратқа басып кірді. Олар жиналыста елдің мәдениеті мен негіздеріне жат идеялар насихатталды деп мәлімдеді. Сондықтан олар іс-шараны тоқтатуды талап етіп, оны қатты музыкамен бұзуға тырысты.

     

  • Ақтөбеде оқушылар тәттіден уланды

    Ақтөбеде оқушылар тәттіден уланды

    Ақтөбе облысы Қобда ауданында оқушылар тәттіден уланды. Қазір 9 бала ауруханада жатыр.

    Оқиға 18 ақпан күні болды. Бір оқушы мектепке тәтті апарып, сыныптастарымен бөліп жеген. Кейін оның кері әсері болған.

    «Барлығы 23 бала ауруханаға түсті. Сөздеріне қарағанда бір бала белгісіз бір тәттіні мектепке апарып жейді. Ол тәттіні 7 бала жеген. Өзге балаларда кер әсерін берді. Көздері жасаурады, денесі қышып, мазасызданды. Дәрігерлер тексеріп, барлығы 7 баланың асқазанын шайған. Сол күні 2 баланы ата-анасы үйіне алып кетеді. Бүгін ауданға білікті дәрігерлер барды. Олар балаларды тағы бір қарап шықты. Барлығы 9 баланы қалдырды, ертең үйіне шығарылады», – деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

    Айта кетейік, балалар жеген тәтті сараптамаға жіберілді. Әзірге кері әсер нақты болғаны белгісіз. Ал Қобдадағы мектеп директоры балалар білім ордасынан емес, дүкеннен сатып алған тәттіге уланғанын айтты.