Метка: Басты оқиғалар

  • Балалар хирургиясының «атасы» Камал Ормантаев дүние салды

    Балалар хирургиясының «атасы» Камал Ормантаев дүние салды

    Қазақстанда балалар хирургиясының негізін қалаған ғалым, медицина ғылымдарының докторы Камал Ормантаев дүние салды.

    Суыт хабарды ғалымның ұлы Жарас Ормантаев жазған.

    «Бүгін түнде ардақты әкем, Қазақстанда балалар хирургиясының негізін қалаған академик Камал Ормантаев өмірден озды», — деп жазды ол.

    Камал Ормантаев 1936 жылы 11 қыркүйекте туған. Қазақстандағы балалар хирургиясы мен педиатрия саласына өлмейтін, өлшемі зор мұрасын қалдырған адам. Бүкіл ғұмырын осы салаға арнаған ол балалардың бассүйегі мен миы зақымданғанда қолданылатын емдеу әдістерін жетілдіріп, оның патогенезін анықтауда кешенді зерттеулер жүргізді. Баланың бассүйегі мен миына жасалатын операцияның бес жаңа әдісін тәжірибеге енгізген. Өңеші күйген балаларды емдеудің алты жаңа әдісін ойлап тапқан. Балаларда іріңді перитонит пен жедел гематогенді остеомиелит болған жағдайда іріңді іш қуысынан түтік арқылы шығарудың бірнеше тәсілін ұсынған ғалым. Ол Қазақстанда педиаторлардың, балалар хирургтарының, анестезиолог-реаниматологтарының, ортопед-травматологтарының ғылыми мектебінің негізін қалаған адам.

  • Ақтөбеде балабақшада құрттап кеткен ботқа берілген

    Ақтөбеде балабақшада құрттап кеткен ботқа берілген

    Ақтөбе облысында бүлдіршіндерге құрттап кеткен ботқа берілген балабақшаға айыппұл салынды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

    Айыппұл салынғанмен, оны кімнің өтері белгісіз. Себебі, басшысы, бас аспаз бен мейірбике жұмысынан қуылған.

    Қандыағаш қаласындағы «Самал» балабақшасын санитар мамандар тексерген. Алдымен құрт қаптаған ботқаны көрген тәрбиешілер дабыл қаққан болатын. Таңғы асқа берген тағамда құрт пен қоңыздың өріп жүргеніне аспаздар да, мейірбикесі де көңіл аудармапты. Бастысы, балалар ауыз тиіп үлгермеген.

    Бір қап жарманы сараптамаға жіберіп, ол жерде сұлы ботқасында жүрген ұсақ қоңыз екені расталды. Қапта қалған 19 келі сұлыны сол бойы отқа жағып, балабақшаға 450 мың теңгедей айыппұл салынды.

    Жұмыстан қуылған басшылардан бөлек, қойма меңгерушісі мен аспаз көмекшілері қатаң сөгіс алды.

    «Тамақ өнімдерін сақтау кезінде температура, ылғал режимі бұзылған. Сонымен қатар қоймаларында салыстырмалы ылғалды бақылау аспаптарымен жабдықталмаған. Тексерген кезде жарма сақталатын қоймадан жәндіктер табылды. Тәулік сынамасында сұлы ботқасынан қалған сынамада қоңыздар анықталды», – дейді Ақтөбе облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің бөлім басшысы Лаура Ршауова.

  • Ыдырыс Ноғаев, адвокат:  Арыстанбек Мұхамедиұлы аштық жариялағанын өз аузымен айтты

    Ыдырыс Ноғаев, адвокат: Арыстанбек Мұхамедиұлы аштық жариялағанын өз аузымен айтты

    Күні кеше бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының әлеуметтік желідегі жеке парақшасында аштық жариялағаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда, бүгін Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мұны жоққа шығарды. Кімдікі рас, кімдікі жалған? Мұны экс-министдің адвокаты Ыдырыс Ноғаевтан сұрадық.

    Ыдырыс, кеше экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы әлеуметтік желідегі парақшасында аштық жариялағанын мәлімдеген еді. Алайда, бүгін Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті «Сотталушының аштық жариялауы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Ол тамағын ішіп жүр…» деді. Ол кісінің құқығын қорғаушы ретінде анық-қанығын білетін шығарсыз?

    – Мен кеше Арыстанбек Мұхамедиұлына барып, жолықтым. Сол кезде екеуміз ғана отырғанда: «Үш күннен бері аштық жарияладым. №1 түзеу мекемесінің басшысын да хабардар еттім», – деді. Бірақ тамақтанып жатыр ма, жоқ па, білмеймін. Алайда, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті дұрыс ақпарат берген жоқ. Неге десеңіз, Мұхамедиұлы өз сөзінде «Тізерлеп өмір сүргенше, тік тұрып өлген артық». Түрме мекемесінің бастығына кіріп, аштық жариялайтыны туралы алдын ала ескерттім», – деген болатын.

    – Ол әлеуметтік желідегі парақшасын өзі қолдана алмайды ғой, солай емес пе? Әлде, Мұхамедиұлының атынан басқа адам сала ма?

    – Бәлкім, бір жақын адамы шығар. Ол жағын білмеймін. Бірақ мен кеше Арыстанбек Мұхамедиұлының айтқанын жұбайы мен ұлы Димашқа айтып, аштық жариялағаны туралы парақшасына салуды сұрағанын жеткіздім. Содан кейін жақынының бірі салған шығар. Ал бірақ ол әлеуметтік желіні өзі қолдана алмайды.

    – Бірақ қолжазбаны өзі жазып, сізден беріп жіберді ме?

    – Ол жағын айта алмаймын. Әлеуметтік желіге салған қолжазбаны өзі жазды ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ оның қолжазбасын өз бетіммен түзеу мекемесінен алып шыға алмаймын. Оған құқым да жоқ. Ол кез келген затын мекеме әкімшілігіне көрсетіп, тіркетіп, содан кейін ғана беріп жібере алады.

    – Экс-министр былтыр да ақпан айында аштық жариялаған еді. Биыл да ақпан айында қайталап тұр. Ол мұнымен не дәлелдегісі, не айтқысы келеді?  

    – Былтыр мен оның адвокаты болған жоқпын. Соңғы бір жарым айда ғана құқық қорғаушы қызметіне кірістім. Оның бір айтқысы келетіні бар деп ойлаймын. Бас прокуратураға үндеу жасады. Бұған дейін президент Қ.Тоқаевқа ашық хат жолдаған еді. Менің түсінгенімше, ол сот шешіміне риза емес.

  • Автосақтандыру бағасы өседі

    Автосақтандыру бағасы өседі

    Елімізде көлік жүргізушілері үшін автосақтандыру құны бірнеше есе өскелі отыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәлімдеуінше, есептеу ережелері өзгермек.

    Бұдан былай жүргізушілер үшін жаңа санаттар енгізіліп, А және М2 класстары пайда болады. Жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілер осы ең төменгі санатқа түсіріліп, полис құны 13-классқа қарағанда 7 есе қымбат шығады. Мәселен, көлікті мас күйінде басқарған не рөлді мас адамға ұсынған, салдарынан қайғылы оқиға болған, апат үлкен материалдық шығынға әкелген жағдайда жүргізушінің санаты осы М2 класына дейін төмендетіледі. Алғаш рет сақтандыру полисін алғалы отырған жүргізушілерге А санаты берілмек.

    Санаттың төмендеуіне әкеп соғатын заң бұзушылықтар тізімі айтарлықтай ауқымды. Мысалы жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу, бағдаршамның қызыл түсіне өту, патрульдік полицияны елемеу, жолда апатты жағдайлар тудыру да сақтандыру құнының еселеп өсуіне сеп болады.

    “Сонымен қатар әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар да ескеріледі. Апат саны ғана емес, ауырлығы да ескерілді, егер апаттан келтірілген залал 200 АЕК-тен аз болса, жүргізуші сыныбының төмендеуі 1 сыныпқа кем болады”, – деді сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті басқармасы бастығының орынбасары Әзиз Әбілқасым.

    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өкілдерінің айтуынша, кемі 5 жыл 13-санатта болған жүргізушілерге қосымша жеңілдіктер ұсынылуы ықтимал. Сақтандыру компаниялары полистің құнын төмендетуі мүмкін. Бірақ белгілі бір шектен түсіруге болмайды.

  • Алматы облысында 90 мың гектар мемлекетке қайтарылды

    Алматы облысында 90 мың гектар мемлекетке қайтарылды

    Алматы облысы жер қатынастары басқармасының мәліметінше, 2024 жылы жалпы көлемі 89,7 мың гектарды құрайтын 357 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған.

    Биыл да пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару жұмыстары жалғасады. 2025 жылы мұндай мақсаттағы қосымша 90 мың гектар жерді қайтару жоспарланған.

    «Осы жылдың басынан бастап қайтарылған жерлердің 559,0 гектарына типтік жалдау шарттарын жою туралы сот шешімдері шығарылды. Қалған 8 576,0 га жер учаскелерін иелері өз еркімен немесе басқа заңды процедуралар арқылы қайтарды», – деп хабарлады басқарма өкілдері.

  • Айдарбек Қожаназаров: «Банктер Үкіметтен 40 млрд доллар көмек алған»

    Айдарбек Қожаназаров: «Банктер Үкіметтен 40 млрд доллар көмек алған»

    Respublica партиясының төрағасы, ҚР Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Jibek Joly телеарнасындағы «Уәде» жобасына сұхбат берді.

    Сұхбат барысында Айдарбек Қожаназаров Қазақстандағы банк жүйесінің мемлекеттік қолдауға қарамастан, халықтың мүддесіне қызмет етпей отырғанын сынға алды.

    «(Банктер) Ерке бала демесек, оларды кім дейміз? 2009 жылдан бері банктерге 6,6 трлн теңге қаржылай көмек берілді. Қай сала осындай көлемде көмек алды? 2009 жылы доллардың бағамы 150-180 теңге аралығында болды. Бұл шамамен 40 млрд доллар деген сөз. 40 млрд долларды үкімет банктерге бөлді. Ерке бала болмай, кім олар?», – деп атап өтті Қожаназаров.

    Сонымен қатар партия төрағасы, жыл сайын банктер 2 трлн теңгеге дейін салықтық жеңілдіктер алып отырғанын мәлімдеді. «Қазіргі уақытта Салық кодексіне өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Құдай қаласа, бұл жеңілдіктерге тосқауыл қоймақпыз», – деді депутат.

    Банктердің 1,9 трлн теңге көлемінде дивиденд таратқанын атап өткен Қожаназаров, бұл көрсеткіштің үкіметтен алған жеңілдіктермен тең екеніне назар аударды. «Егер осы жеңілдіктерді алып тастасақ, банктердің тиімсіз жұмыс істеп жатқанын түсіну үшін математик немесе қаржы маманы болудың қажеті жоқ», – деді ол.

    Сондай-ақ, Қожаназаров банктердің қазіргі пайыздық мөлшерлемелерін де сынап, олардың табысы мен тиімділігін қайта қарау қажеттігін айтты. «Егер банктер 1,9 трлн теңге көлемінде дивиденд алмаса, 100-200 млрд теңге ғана табыс тапса, онда олар несие пайыздарын төмендете алмайтынына сенуге болар еді. Бірақ шын мәнінде, олар қыруар табыс тауып отыр. Алайда экономикамызға ешқандай көмек көрсетіп жатқан жоқ», – деп қорытындылады депутат.

  • Депутаттар жаңа Салық кодексін қашан қарайды?

    Депутаттар жаңа Салық кодексін қашан қарайды?

    Талқылау қорытындысы бойынша Салық кодексінің жобасына түзетулер 20 ақпанға дейін Мәжілістің қарауына енгізіледі. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында салық реформасы мәселесі қаралды.

    «Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде салық реформасын кәсіпкерлермен, депутаттармен және сарапшылармен бірге егжей-тегжейлі талқылауды тапсырды», – деді Олжас Бектенов.

    Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады. Мәселен, биылғы 10 ақпанда «Атамекен» палатасымен және кәсіпкерлермен сараланған мөлшерлемелер, арнайы салық режимдері, ҚҚС бойынша есепке қою шегі мәселелері талқыланды.

    «Жалпы ұсыныстарды қолдаймыз. Осы аптада өңірлерге барып, халықтың барлық санаттарымен егжей-тегжейлі талқылау керек. Мен де Астанада және өңірлерге барып, талқылаулар өткіземін.

    Осы жұмыстың нәтижесі бойынша Салық кодексінің жобасы мен ілеспе заң жобасына түзетулерді 20 ақпанға дейін Мәжіліске енгізу керек. Ары қарай Мәжілісте талқылауды жалғастырамыз», – деді Олжас Бектенов.

    Бүгіннен бастап Үкімет бастамаларын өңірлердегі бизнес-қауымдастықтардың қатысуымен талқылайтын алты жұмыс тобы өз жұмысын бастайды.

  • ​ҰҚК Алматы облысында есірткі зертханасын әшкереледі

    ​ҰҚК Алматы облысында есірткі зертханасын әшкереледі

    «Ағымдағы жылғы 28 қаңтарда ҰҚК Алматы облысы бойынша департаменті прокуратура органдарының үйлестіруімен есірткі зертханасын жойды. Психотроптық заттарды дайындау барысында Қазақстан азаматы ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды. Тінту барысында 15 килограммнан аса «альфа-PVP» есірткі құралы мен кристалдану сатысындағы осы заттың 70 литрі, сондай-ақ 200 литр прекурсорлар мен зертханалық жабдықтар тәркіленген», – делінген хабарламада.

    Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

     

  • Дастан Сәтпаев «Челси» клубының ойыншысы атанды

    Дастан Сәтпаев «Челси» клубының ойыншысы атанды

    Алматылық «Қайрат» пен лондондық «Челси» клубы 16 жастағы шабуылшының трансфері бойынша келісімге келді. Бұл туралы алматылық клубтың баспасөз қызметі хабарлады.

    2026 жылдың жазында кәмелеттік жасқа толған соң ресми түрде ағылшын командасына қосылады. Ол уақытқа дейін Дастан Сәтпаев «Қайрат» сапында өнер көрсетеді.

    Дастан Алматыда дүниеге келген. 8 жасында «Қайрат» Академиясына түсіп, дайындықтың барлық сатысынан өтті.

    Айта кетейік, 2024 жылдың мамыр айында Сәтбаев «Қайрат» командасында дебют жасаған ең жас ойыншы ретінде тарихқа енді. Өткен QJ лигасында жас футболшы 28 ойында 26 гол соғып, 10 нәтижелі пас берді. Сондай-ақ Сәтбаев маусымның үздік ойыншысы атағын алды. Ал УЕФА жасөспірімдер лигасында (U19) 16 жасар футболшы төрт матчта бір гол соғып, бір нәтижелі пас берді.

  • «Ол қалыпты жағдайда тамақ ішіп жатыр». Мұхамедиұлының аштық жариялағаны өтірік болып шықты

    «Ол қалыпты жағдайда тамақ ішіп жатыр». Мұхамедиұлының аштық жариялағаны өтірік болып шықты

    Қазақстанның бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Фейсбуктегі парақшасында түрмеде отырып аштық жариялайтынын мәлім еткен еді.

    – Мен аштық жариялаймын. Өйткені өзімді әу бастан-ақ кінәсіз деп санадым! – делінген экс-министрдің атынан жазылған мәлімдемеде.

    Алайда Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Мұхамедиұлының аштық жариялағаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

    – Ол қалыпты жағдайда тамақ ішіп жатыр, бұл бейнебақылау камералары арқылы расталған. Одан ешқандай арыз да, шағым да болған жоқ. Сондай-ақ, белгіленген тәртіппен сотталғанның қолында ұялы телефоны жоқ», – дейді комитет.

    Ал оның атына әлеуметтік желіде жарияланған жарияланым бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

    Айта кету керек, Арыстанбек Мұхамедиұлы былтыр да ақпан айында аштық жариялайтынын айтқан болатын. Ол сол кезде: «Егер менің құқыма шек келтірсе, ресми түрде аштық жариялаймын. Олар не қаласа, оны қаласын!» – деген болатын.

    Еске салсақ, Арыстанбек Мұхамедиұлы «Дипломат» қонақүйін рейдерлік жолмен тартып алу және «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрмесін ұйымдастыру кезінде қаржы жымқыру ісі бойынша кінәлі деп танылған. Алайда ол сот процесінде заң бұзушылықтар болғанын айтып, өзінің ісін қайта қарауды талап етіп, президент әкімшілігіне хат жолдаған.