Метка: Басты оқиғалар

  • Қазақстанда тендер өтетін уақыт 10 күнге дейін қысқармақ

    Қазақстанда тендер өтетін уақыт 10 күнге дейін қысқармақ

    2025 жылдың  1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа ережелерге сай, енді Қазақстанда тендер 10 күн ішінде өтеді.

    Үкімет еске салып өткендей, президент 2024 жылғы 1 шілдеде рәсімдерді оңайлатуға және бюрократиядан арылтуға бағытталған «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заңға қол қойған еді. Сондықтан, мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімдерін барынша қысқартуды қамтитын жаңа ережелер қабылданды.

    «Мәселен, конкурс тәсілімен өтетін сатып алу бойынша тиісті құжаттаманы талқылау 5 күннен 2 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қабылдау 15 күннен 5 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қарау және қорытындылау 10 күннен 3 жұмыс күніне дейін қысқарды. Осылайша, конкурстар мен аукциондар бойынша жеңімпаз ең көп дегенде 10 жұмыс күні ішінде анықталады», – деп хабарлайды үкіметтің ресми сайты.

  • «Damumed» жүйесіне заңсыз кіргендер айыппұл арқалады

    «Damumed» жүйесіне заңсыз кіргендер айыппұл арқалады

    Жетісу облысында екі адам Денсаулық сақтау министрлігінің «Тіркелген халық тізілімі» және «Damumed» ақпараттық жүйелеріне заңсыз қол жеткізгені үшін 1,2 млн теңгеге жуық айыппұл арқалады.

    ҰҚК прокуратураның үйлестіруімен Жетісу облысының екі тұрғынына қатысты Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелеріне заңсыз қол жеткізу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады.

    Осы жылдың 30 қаңтарында Талдықорған қаласы сотының шешімімен олар Қылмыстық кодекстің 205-бабының 2-бөлігінде және 208-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға сотталды.

    «Тергеу барысында медициналық қызметкерлердің тіркелгілерін заңсыз иемдену арқылы олардың ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Тіркелген халық тізілімі» және «Damumed» ақпараттық жүйелеріне заңсыз қол жеткізгені анықтады», – делінген ҰҚК хабарламасында.

  • 16 жастағы қыз көпқабатты үйден секіріп, мерт болды

    16 жастағы қыз көпқабатты үйден секіріп, мерт болды

    Куәгерлердің айтуынша, оқиға Кенесары және Ш. Уәлиханов көшесінің қиылысында орналасқан көпқабатты тұрғын үйде болған.

    – Полиция қызметкерлері аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады, – делінген қалалық полицияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

    Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

     

  • Азиада-2025: Олжас Климин ел қоржынына тоғызыншы жүлдені салды

    Азиада-2025: Олжас Климин ел қоржынына тоғызыншы жүлдені салды

    Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан ІХ қысқы Азия ойындарында шаңғышы Олжас Климин қола жүлдеге қол жеткізді.

    Х қысқы Азия ойындарында шаңғы жарысынан (10 км) еркін стильде сынға түскен отандасымыз жарыс қорытындысы бойынша үшінші орын алды.

    Аталған сында Климин мықты қарсыластарынан озып кетті. Оның ішінде қытайлық спортшылар Бао Лин (2019 жылғы әлем чемпионатында 13-орын) мен Чен Деген (2022 жылғы Олимпиадада 13-орын) және жапониялық Такацугу Уда (2021 жылғы әлем чемпионатында 9-орын) бар.

     

     

  • Талдықорған полициясы бастығы кабинетіндегі қыз зорлау: Жаңа деректер белгілі болды

    Талдықорған полициясы бастығы кабинетіндегі қыз зорлау: Жаңа деректер белгілі болды

    Жетісу облысында Талдықорған полициясының бұрынғы бастығы Марат Күштібаевтың жәбірлеуіне ұшыраған қызға қатысты сот ісі қаралып жатыр. Ол «Алаяқтық» бабы бойынша айыпталып отыр. Сонымен қатар, оның сүйіктісі мен сот хатшысы да айыпталушылар қатарында, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

    Іс материалдарына (редакцияның қолындағы) сәйкес, Күштібаевқа қатысты сот процесі жүріп жатқан уақытта, оның жұбайы жәбірленушіге 40 миллион теңге беріп, айғақтарын өзгертуін сұраған. Бұл қаражат сот хатшысы арқылы табысталған. Алайда жәбірленуші ақшаны алғанымен, айғақтарын өзгертпеген, нәтижесінде Күштібаев «Қызметтік міндеттерін орындау кезінде зорлау» бабы бойынша 11 жылға сотталған.

    Бұл ретте сот хатшысы құқық қорғау органдарына жүгініп, жәбірленушіні, оның адвокатын және Күштібаевтың әйелін қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұраған.

    Бұл іс бойынша «Параға сатып алу» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Жәбірленуші күдікті ретінде танылды, ал сот хатшысы қорғау құқығына ие куәгер мәртебесінде.

    Тағы бір қылмыстық іс «Алаяқтық» бабымен қозғалды, онда сот хатшысы, жәбірленуші және оның сүйіктісі күдікті болып танылған, ал Күштібаевтың әйелі жәбірленуші мәртебесінде.

    Көксу аудандық сотында бұл істер бойынша сот процесі аяқталуға жақын. Адвокаттар екі істі біріктіріп, тергеуге қайта жіберуді сұраған, бірақ сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.

    Келесі сот отырысы 13 ақпанға белгіленген.

    Еске салайық,  2023 жылдың қарашасында Талдықорған полициясының басшысы Марат Күштібаев 27 жастағы әйелді зорлады деген күдікпен ұсталған. 2024 жылы сәуірдің аяғында Күштібаев кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, ол барлық марапаттарынан және «полиция полковнигі» арнайы атағынан айырылды.

  • 88 адамды алдаған күдікті Грузиядан экстрадицияланды

    88 адамды алдаған күдікті Грузиядан экстрадицияланды

    Бас прокуратураның мәліметінше, 2020 жылы аталған тұлға адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен және субсидия алуға көмек көрсету сылтауымен Ұлытау облысының 88 тұрғынының қаражатын иемденіп, жалпы сомасы 30 миллион теңгеден астам шығын келтірген.

    «Екі сыбайласы әр түрлі жазаға тартылды. Ал күдікті қылмыс жасағаннан кейін жасырынған. Сондықтан ол  халықаралық іздеуге жарияланды.

    2024 жылы ол Грузия аумағында анықталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша отанына экстрадицияланды.

    Қазір күдікті Ақтау қаласының тергеу изоляторына қамауға алынды», – делінген хабарламада.

    Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

    Бас прокуратура азаматтарды алаяқтардың құрбаны болудан сақ болуға шақырады. Өзіңізді және жақындарыңызды қаржылық шығындардан қорғаңыз.

  • Әзербайжан ұшақ апаты бойынша Ресейді сотқа бермек

    Әзербайжан ұшақ апаты бойынша Ресейді сотқа бермек

    Әзербайжан Ақтау маңында құлаған Azerbaijan Airlines (AZAL) әуекомпаниясының жолаушы ұшағы апатына байланысты Ресейді халықаралық сотқа бермекші. Бұл туралы Әзербайжанның «АПА» ақпарат агенттігі хабарлады.

    Әзербайжан билігі Қазақстанның көлік министрлігі ұшақ апаты жайлы алдын ала есепті жарияланғаннан кейін де Ресей тарапының оқиғаға «біржақты пікір беруді» жалғастырып жатқанына наразы.

    Баку «ресейлік шенеуніктер, сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдары оқиғаға Ресейдің қатысы бар екенін жоққа шығаруды жалғастырып, кінәні экипаждың мойнына ілгісі келіп отыр» деп есептейді. Биліктің пікірінше, Ресейдің мұндай тактикасы 2014 жылы ресейлік «Бук» зенит-зымыран кешені Донбасс аспанында атып құлатқан малайзиялық Boeing 777 жолаушы ұшағы апатын еске түсіреді.

    AZAL ұшағына қатысты бұйрық берген және оны атқан адамдар, сондай-ақ қару түрі туралы ақпарат Әзербайжан билігінде бар деп жазды «АПА» агенттігі. Әзербайжан тарапын Мәскеудің «тергеуді басқа бағытқа бұруға және кінәні экипажға артуға» деген талпынысы қынжылтады дейді басылым.

    Ресми Баку «Ресеймен диалогқа есік ашық. Мәскеу кінәсін ашық мойындап, жауапкершілікті мойнына алуы керек», – деді.

  • Жеке медициналық кітапшалар тек электронды түрде беріле бастайды

    Жеке медициналық кітапшалар тек электронды түрде беріле бастайды

    2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жеке медициналық кітапшалардың электрондық форматы енгізілді.

    Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл азаматтарға медициналық тексеруден өту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл механизм арқылы құжатты бірнеше мекемелерде қолдануға болады.

    Енді Еgov mobile мобильдік қосымшасындағы «E-Densaulyk» сервисі арқылы медициналық тексеру нәтижелері мен санитариялық кітапшасы туралы деректерді алуға болады.

    Бұл медициналық тексеруден өту уақытын едәуір қысқартады және терапевтке қайта бару қажеттілігін болдырмайды.

  • Президент қосымша құн салығы мәселесін пысықтауды тапсырды

    Президент қосымша құн салығы мәселесін пысықтауды тапсырды

    Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды.

     – Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді.

    Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс. Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс. Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды.

    Дегенмен, бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

  • Қаңтар кезінде археологты өлтірген подполковник 7 жылға сотталды

    Қаңтар кезінде археологты өлтірген подполковник 7 жылға сотталды

    Алматы гарнизоны әскери сотының жабық сот отырысында ауыр зардаптарға әкеп соқтырған қаруды қолдана отырып, билікті асыра пайдалану айыбы тағылған Айтжан Әубәкіровке қатысты қылмыстық іс қаралды.

    Сот мәліметіне сәйкес, айыпталушы биліктің өкілі бола отырып, өзінің құқықтары мен өкілеттіктерінен тыс әрекеттер жасаған. Әубәкіров іс-әрекетінің нәтижесі екі жәбірленушінің өліміне алып келген.

    Сот барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындамады.

    – Сотталушының кінәсі сараптамалардың қорытындыларымен, куәгерлердің, сарапшылардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарап-тексеру хаттамаларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді. Сотталушы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол әскери атағынан айырылды және жәбірленушінің пайдасына 20 миллион теңге моральдық залал өндірілді, – деп хабарлады соттан.

    Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.