Метка: Басты оқиғалар

  • Елдос Қоспаев 15 жылға бас бостандығынан айырылды

    Елдос Қоспаев 15 жылға бас бостандығынан айырылды

    Астана қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты Елдос Қоспаевқа қатысты үкім шығарды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

    2023 жылғы қыркүйекте Елдос Қоспаев пен оның қылмыстық тобының мүшелері Солтүстік Кипрде қолға түсіп, олар Қазақстанға әкелінген болатын. Оларға қылмыстық топ құрды және оған қатысты, рейдерлік әрекеттермен айналысты деген айып тағылды.
    Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Қоспаевтың қылмыстық тобында 11 адам болған. Олар келесі компанияларды тартып алған деген күдік болды:

    AV-Construction;
    Profit trade ltd;
    Azovita Aktau;
    Azovita Atyrau.

    Елдос Қоспаев өзінің сенімді адамдары арқылы 7 жылға сотталған кәсіпкер Алмас Әбдіғаппаровтың бизнесінің 75 пайызына иелік еткен. Ал кейін Әбдіғаппаровтың анасына қысым көрсету арқылы қалған 25 пайыз үлесті тартып алған.
    Қоспаев ісі бойынша тергеу жұмыстары 2024 жылғы көктемде аяқталған болатын.

  • БҚО-ның білім саласындағы былық: 30 лауазымды қызметкер жазаланды

    БҚО-ның білім саласындағы былық: 30 лауазымды қызметкер жазаланды

    Батыс Қазақстан облысының білім беру ұйымдарында тексеру жүргізіліп, түрлі заң бұзушылықтар анықталды.

    Прокуратура мәліметінше, Т.Жароков атындағы жалпы орта білім беретін мектепте кәмелетке толмағандар арасында Оқу-ағарту министрінің «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» 2022 жылғы 3 тамызындағы №348 бұйрығы талаптарына қайшы «Өмір қауіпсіздігі негіздері» бойынша міндетті сабақтар жүргізілмеген.

    «Аталған сабақтарды өткізу ауданның барлық 1200 оқушылар үшін ұйымдастырылмаған. Еңбек қатынастары саласындағы бұзушылықтар да тіркелді: қызметкерлер ұжымдық шарттармен таныспаған, ал еңбек шартын бұзу кезінде белгіленген нормалар сақталмаған. Тексеру нәтижесінде 30 лауазымды тұлға тәртіптік, ал 8 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген прокуратура хабарламасында.

  • Аймақ, қала, аудан басшылары халықпен тікелей байланыста жұмыс істеуі қажет – Президент

    Аймақ, қала, аудан басшылары халықпен тікелей байланыста жұмыс істеуі қажет – Президент

    «Ақпараттық жұмыс уақтылы әрі сапалы жүргізілген жағдайда көптеген мәселені, соның ішінде қоғамда дүрбелең тудырған түйткілдерді ушықтырмай шешуге болатын еді. Сондықтан мұқият ойластырылған қоғамдық коммуникация стратегиясы қажет.

    Үкіметтің және әкімдердің қызметі өз халқымызға да, сыртқы әлемге де ашық әрі түсінікті болуы керек. Бірінші басшылар азаматтарды жеке қабылдауға тиіс. Бұл – өте маңызды. Әсіресе, аймақ, қала, аудан басшылары халықпен тікелей байланыста жұмыс істеуі қажет.

    Дегенмен мемлекет пен қоғамның серіктестігі азаматтарға да зор жауапкершілік жүктейді. Соңғы кезде заң үстемдігіне және қоғамдық тәртіптің сақталуына басымдық беру қажеттігі дамыған елдерде, тіпті, АҚШ-тың өзінде жиі айтыла бастады. Біз мұндай пайымға әлдеқашан келгенбіз.

    «Заң мен тәртіп» қағидасы халықтың санасына терең орнығуға тиіс. Ол үшін кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидасын берік ұстану қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейде ұйымдастырылуы керек. Мұны, әсіресе, аймақ әкімдері мықтап қолға алғаны жөн. Бірақ шектеулер мен айыппұлдарға қатысты мемлекеттің де, қоғам белсенділерінің де ұстанымы көңілге қонымды болуға тиіс.

    Мәжбүрлеу шаралары болмаса, тәртіп орнату мүмкін емес екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан мемлекеттің іс-әрекеттеріне түсіністікпен қараған жөн. Бұл орайда диалог арқылы қоғамдық келісімге келу керек. Қалай десек те, мемлекет заң тәртібін қамтамасыз ету үшін қабылдайтын шаралар өз елін күстәналауға себеп болмауға тиіс.

    Кейбір азаматтар елімізді мазақ қылуға әуестеніп барады. Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден «керемет жетістіктерді, табыстарды» тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін өзі «қоғам белсендісі» санайтын жастар, тіпті, депутаттар да бар, Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болды. Бұл енді мүлдем түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе»

  • Шенеуніктер декларация тапсырмаған

    Шенеуніктер декларация тапсырмаған

    Шенеуніктердің декларацияларынан қазақстандықтар қандай ақпараттарды көре алатыны әлі белгісіз. Тиісті сұрақты қаржы министрі Мәди Тәкиев қойды. Оның айтуынша, шенеуніктердің декларацияларынан алынған мәліметтер көпшілікке қалай қол жетімді болатыны туралы мәселе әлі де талқыланып жатыр.

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осы саладағы уәкілетті орган. Мемлекеттік органдармен не жариялануға жататыны келісіледі. Біз бұйрықты күтеміз, — деді ол.

    2025 жылдан бастап Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың төртінші кезеңі басталған. Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова мәлімдегендей, азаматтардың жекелеген санаттары ғана декларация тапсыруға міндетті

  • Президент банктерге шүйлікті

    Президент банктерге шүйлікті

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында екінші деңгейлі банктер ел экономикасына көмектесуі керек екенін айтты. (далее…)

  • АЭС құрылысын тездету қажет – Мемлекет басшысы

    АЭС құрылысын тездету қажет – Мемлекет басшысы

    Энергия тапшылығы артып келеді. Сондықтан алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездету қажет. Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет, – деді Мемлекет басшысы Үкіметтің бүгінгі кеңейтілген отырысында.

    Сонымен бірге, Президент Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырды.

    «Нақты нәтиже керек. Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет. Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды. Қуат дегеніміз – бүкіл экономиканың дамуы деген сөз. Екіншіден, қуат жеткілікті болса, барлық аймақтар гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсарады. Бұл – айдан анық», – деді Мемлекет басшысы.

  • Тоқаев бюджет қаражатын үнемдеуді тапсырды

    Тоқаев бюджет қаражатын үнемдеуді тапсырды

    Мемлекет басшысы мемлекеттік аппараттағылар күрделі кезеңдегі мәселелерді нақты шешу керегін ескертті.

    «Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді. Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды аңдап басу қажет», – деді Тоқаев.

  • Астанадағы LRT:  пойыздар күзде жүре бастайды

    Астанадағы LRT: пойыздар күзде жүре бастайды

    Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

    Әкімнің мәліметінше, LRT құрылысы 2025 жылдың жазында аяқталады. Қыркүйек айында алғашқы пойыздар іске қосылып, сынақтар жүргізіледі. Бұл жобаның іске қосылуы қала тұрғындарының қатынасын жеңілдетуге және көлік жүктемесін азайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ.

    Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында Астана қаласындағы көлік кептелісі мәселесіне назар аударып, қала әкіміне шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

    Астана қаласының бас жоспарына сәйкес, 2035 жылға қарай қала халқының саны 2,5 миллион адамға жетеді деп болжанып отыр. Осыған орай, қала әкімдігі бірқатар маңызды шараларды қолға алып жатыр.

    Қоғамдық көлік паркі 45%-ға жаңартылды. Қауіпсіздік пен қалалық орта басқаруын жетілдіру үшін жасанды интеллект енгізу жобасы жүзеге асырылып жатыр.

  • Былтырғы нәтиже жаман емес, бірақ түйткіл әлі көп – Президент

    Былтырғы нәтиже жаман емес, бірақ түйткіл әлі көп – Президент

    Өткен жылды оң көрсеткіштермен аяқтадық. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

    «Былтыр біраз қиындық болғаны рас. Экономиканың дамуына көптеген жағымсыз факторлар ықпал етті. Дегенмен, біз ахуалды ушықтырмай, бақылауда ұстай алдық. Жалпы нәтиже жаман емес деуге болады. Өткен жылды оң көрсеткіштермен аяқтадық. Алайда жайбарақат отыруға болмайды, шешімін табуы қажет түйткілдер әлі де көп. Мұны сарапшылар да, азаматтар да жақсы біледі», – деді Мемлекет басшысы.

    Президент еліміздің экономикасын әртараптандыру міндеті тиісті деңгейде орындалмағанын айтты.

    «Экономикамыз Ұлттық қордың қаржысына аса тәуелді болып тұр. Бірақ, осы жерде атап өтуіміз керек, Ұлттық қор – бұл мемлекеттік экономиканың ажырамас бөлігі. Бизнестің инвестициялық белсендігі әлі де болса төмен деңгейде. Бұл олқылықтарды биылдан қалдырмай дереу жою қажет. Үкімет нақты шаралар қабылдауы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

  • Тоқаев Үкіметтің қосымша құн салығын көтеру туралы ұсынысын қолдады

    Тоқаев Үкіметтің қосымша құн салығын көтеру туралы ұсынысын қолдады

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің қосымша құн салығын (ҚҚС) ұлғайту жөніндегі ұсынысын қолдады.

    Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҚҚС бойынша шекті 15 миллион теңгеге дейін төмендетуді көздейтін жаңа салық реформасын ұсынды. Бұл ретте оның мөлшерлемесін арттыру жоспарланып жатыр. Министрлер кабинетінің мүшелері бұл соманы парламент мүшелерімен талқылайды.

    Мемлекет басшысы бұл ұсынысты қолдады.