Метка: Басты оқиғалар

  • Футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов қызметінен кетті

    Футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов қызметінен кетті

    Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қызметінен кетті. ҚФФ хабарлағандай, еңбек шарты тараптардың өзара келісімі бойынша бұзылған. Сондай-ақ Қазақстан құрамасынан жаттықтырушылар штабы толық құраммен кетті.

    Станислав Черчесов 2024 жылдың маусым айында Қазақстан құрамасын басқарды. Оның басшылығымен ұлттық команда УЕФА Ұлттар лигасында 6 матч өткізіп, Норвегиямен тең түсіп, 1 ұпай жинады.

    Футболдан ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне үміткерлер тізімі қарастырылып жатыр.

  • Алматы полициясы SMS-кодтардың алаяқтарға қалай көмектесетінін түсіндірді

    Алматы полициясы SMS-кодтардың алаяқтарға қалай көмектесетінін түсіндірді

    Алматы қаласы полиция департаментінің киберқылмыспен күрес басқармасы соңғы уақытта «1414» абоненттік нөмірінен жіберілетін смс-кодтарды заңсыз пайдалануға қатысты интернет-алаяқтық деректерінің көбеюіне алаңдаушылық білдірді.

    Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар смс-кодтарды психологиялық айла-шарғы жасау құралы ретінде пайдаланады. Әдетте, жәбірленушіге өзін пошта, салық, коммуналдық қызмет немесе құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырған бөтен адам қоңырау шалады. Олар жәбірленушіні үшінші тарап қосымшаларын орнатуға немесе сыртқы сілтемелерді басуға мәжбүрлейді. Мұндай әрекеттер жеке деректердің, соның ішінде смс-кодтың қолды болуына әкеледі. Нәтижесінде бұл банк шоттарын бұзуға және қаржылық залал келтіруге себеп болуы мүмкін.

    Алайда, ол «1414» нөмірінен келген смс-кодтардың несие алуға мүмкіндік бермейтінін атап өтті. Себебі банктер биометриялық аутентификация жүйесі мен арнайы қауіпсіздік шараларын қолданады. Дегенмен алаяқтар бұл кодтарды жәбірленушілердің сенімін жаулап алу және психологиялық қысым көрсету құралы ретінде пайдаланады. Мұндай алаяқтық әрекеттердің негізгі құрбандары көбінесе егде жастағы адамдар болады. Бірқатар жағдайларда алаяқтар азаматтарды депозиттерден ақшаларын шешіп алып, «сақтандыру шотына» салуға көндірген. Сонымен қатар, несие алу әрекеті туралы жалған ақпарат таратып, адамдарды мүлкін кепілге қоюға немесе сатуға итермелеген жайттар тіркелген. Көп жағдайда жәбірленушілер алаяқтардың көрсеткен шоттарына өз еріктерімен ақша аударады немесе қаражатты жеткізу қызметінің курьерлері арқылы береді. Полиция азаматтарды абай болуға, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермеуге шақырады.

  • «Қалаулымнан» шыққан Бердах Бекетов 7 жылға сотталды

    «Қалаулымнан» шыққан Бердах Бекетов 7 жылға сотталды

    Алматыда қаңтар оқиғаларына қатысты айыпталушыларға үкім оқылуда, олардың арасында «Қалаулым» бағдарламасының қатысушысы болған Бердах Бекетов 7 сотталды. 

    Бердах Бекетов Қаңтар оқиғасында «жаппай тәртіпсіздік жасады» деп айыпталып, 2022 жылы 22 қаңтарда көшеден ұсталып, қамауға алынды. Оған «Жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Сот үкімімен бірнеше бап бойынша 7 жылға сотталды.

    Бердах Бекетов тергеу изоляторында отырып үш рет хат жазған. 25 қаңтардағы хатында прокурорлар сөзін тыңдамай жатқанын, азаптау көріп жатқанын жазып, көпшіліктен араша болуды сұраған.Сондай-ақ, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа кінәсіздігі жайлы хат жазып, араша болуын сұраған.

  • Алғашқы интернеті бар пойыз сапарға шықты

    Алғашқы интернеті бар пойыз сапарға шықты

    Бұл пойыз жолаушыларға интернетке қол жеткізу мүмкіндігін ұсынған Қазақстандағы алғашқы жоба болды. Бұл туралы Қазақстан теміржолы хабарлады.

    «Жаңашылдық спутниктік технологияларды пайдалану арқылы жүзеге асырылып, алғашқы рейсте 500 жолаушы интернеттің артықшылықтарын пайдаланып үлгерді. Сапар барысында жолаушылар WhatsApp арқылы хабар алмасып, YouTube-тан бейнелер көріп, басқа да танымал интернет сервистерін пайдалана алады. Дегенмен, торренттер мен ағынды жүктеу сайттарына қолжетімділік шектелген. Локомотивке орнатылған заманауи спутниктік жабдық бүкіл маршрут бойы тұрақты әрі жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етеді», – делінген хабарламада.

    Жобаның жүзеге асырылуы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Көлік министрлігі, «Jusan Mobile» телекоммуникация компаниясы және Қазақстандағы Eutelsat-OneWeb ресми дистрибьюторының серіктестігі арқасында мүмкін болды.

  • «Дикий Арман» мен Қайрат Құдайбергенге үкім шықты

    «Дикий Арман» мен Қайрат Құдайбергенге үкім шықты

    Қанды Қаңтар ісі бойынша «Дикий Арман» деген лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев сотталды. 

    Прокурор Жұмагелдиевке 20 жыл, Қайрат Құдайбергенге 8 жыл, ал ҰҚК 5-басқарма бұрынғы басшысы Руслан Ысқақовқа 15 жыл 6 ай түрме жазасын сұраған. Үшеуі де кінәлі деп танылды.

    • Арман Жұмагелдиев – 20 жылға бас бостандығынан айырылды;
    • Қайрат Құдайберген –  8 жылға сотталып, бүкіл мемлекеттік наградалардан айырылды;
    • Руслан Ысқақов – 15 жылға сотталды.
    • Талғат Махат – 1 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды.

    Қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевке «Қаңтар» оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырғаны және оған қатысқаны үшін айып тағылған. Тергеу болжамы бойынша, ол кездейсоқ өтіп бара жатқан 20-дан астам адамды ұрлап, қару-жарақ ұрлап, адамдарды заңсыз ұстап, олардың бостандығын шектеген.

    Қайрат Құдайбергенге жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және Жұмагелдиевке белсене көмек көрсету айыптары тағылған. Сот материалдарына сәйкес, экс-депутат наразылық танытушыларды топтарға бөліп, белбеулер таратып, адамдарды ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеттеріне қатысуға шақырған.

    Осы іс бойынша тағы бір айыпталушы, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің 5-басқарма бұрынғы басшысы Руслан Ысқақов бар. Ол Жұмагелдиевтің қылмыстық тобына қолдау көрсеткен деп айыпталды. Тергеу материалдары бойынша, Ысқақов «Дикий Арманға» Алматыдағы алаңда адамдарды жиналуға ұйымдастыруды тапсырған.

    Айта кетейік, осы іс бойынша негізгі сот тыңдаулары 2023 жылдың қазан айында басталды. Қаңтар оқиғасы бойынша сот процесі жабық режимде өтті. Себебі алғашқы тыңдауларда Руслан Ысқақовтың мәлімдемесіне байланысты жағдай күрделенді. Ол өз сөзінде ҰҚК басшысының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің осы оқиғаға қатысы бар екенін айтты. Елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Әбіш 2024 жылдың наурыз айында үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша айыпты деп танылып, 8 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Ол қаңтар оқиғасы кезінде билік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін сотталды.

  • АҚШ TikTok-ты Oracle компаниясына беруі мүмкін

    АҚШ TikTok-ты Oracle компаниясына беруі мүмкін

    Бұл туралы NPR сайтыхабарлаған. Ықтимал инвесторлар арасында Microsoft да бар. Егер бұл жүзеге асса, TikTok акцияларының бақылау пакеті америкалық екі компанияға өтеді.

    Басылымның дереккөздері дегенмен TikTok-қа иелік ететін қытайлық ByteDance компаниясы миноритарлық үлесін сақтап қалатынын айтты. Бұл ретте қосымшаның алгоритмдері, дерек жинау және бағдарламалық жаңартулары Oracle бақылауына өтпек.

    2024 жылдың көктемінде АҚШ-тың өкілдер палатасы TikTok ByteDance иелігінде қалатын болса, оған тыйым салуға мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдаған. Конгресс аталған қосымшаны ұлттық қауіпсіздікке қатер деп қарастырады, өйткені Қытай үкіметі ByteDance-ті америкалық пайдаланушылардың деректерін беруге мәжбүрлеуі мүмкін деп санайды.

    АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден заңға былтыр сәуірде қол қойды, ал биыл қаңтарда Дональд Трамптың инаугурациясына бірнеше күн қалғанда АҚШ Жоғарғы соты заңды бекітті. Құжат 19 қаңтарда күшіне енді.

    20 қаңтарда, инаугурация күні Трамп бас прокурорға заңның орындалуын 75 күнге кейінге қалдыру туралы бұйрық шығарды. Осы уақыт ішінде президент әкімшілігі TikTok-ты бұғаттамай, ұлттық қауіпсіздікті қорғайтын жаңа тәсілді әзірлеп үлгеруі керек.

    Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Қытай билігі TikTok бақылауын америкалық миллиардер Илон Маскқа беруді қарастырған, бірақ қосымша өкілдері бұдан үзілді-кесілді бас тартқан.

  • Оралда студенттерді бопсалады деген күдікпен қыздар ұсталды

    Оралда студенттерді бопсалады деген күдікпен қыздар ұсталды

    Орал қаласының екі тұрғыны бірнеше қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды. Тергеу деректеріне сәйкес, өткен жылдың қазан айында күдіктілер колледж студентін өз шотынан 40 мың теңгені аударуға мәжбүрлеген.

    «Сонымен қатар тергеу барысында ұсталғандардың бірінің басқа да қылмыстарға қатысы бар екені анықталды. Ол мектеп оқушысынан ақша бопсалап, колледж студентінің қаражатын иемденіп, сондай-ақ басқа студенттің ұялы телефонын ұрлап, оны ломбардқа өткізген», – деп жазды ҚР ІІМ.

    Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

  • Биыл әскери дайындыққа 3 мың азамат шақырылады

    Биыл әскери дайындыққа 3 мың азамат шақырылады

    2025 жылы әскери дайындыққа 3 мың әскери міндетті шақырылады. ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың бұйрығы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Құжат 7 ақпанға дейін талқылауда тұрады.

    Құжатқа сәйкес, әскери дайындық 2007 жылдан бастап, жыл сайын өткізіледі және ұзақтығы 30 күнге дейін болады. Дайындыққа қатысудан жалтару 5 айлық есептік көрсеткіш (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл салуды қарастырады.

    Әскери дайындық кезінде әскери қызметшілердің жұмыс орны мен лауазымы сақталады. Оларға орташа жалақы төленеді, ал жұмыс істемейтіндерге – мемлекеттік бюджет есебінен ең төменгі жалақы беріледі.

    Министрліктің мәліметінше, 2023 жылы Қорғаныс министрлігі 1,5 мың қазақстандықты әскери дайындыққа шақырған болса, 2024 жылы – 3 мың адам шақырылды.

  • Қазақстанда бірнеше жол учаскесі ақылы болуы мүмкін

    Қазақстанда бірнеше жол учаскесі ақылы болуы мүмкін

    Көлік министрлігі бекіткен бұйрықтың жобасы жария талқылау үшін «Ашық НҚА» порталына салынды, оған сәйкес келесі учаскелерді ақылы ету жоспарланып отыр:

    Балқаш – Бурылбайтал;

    Ақтау – Бейнеу;

    Қандыағаш – Мақат;

    Қостанай – Денисовка;

    Таразды айналып өтетін жол;

    Үшарал – Достық;

    Шу – Бурылбайтал.

    Бұйрықтың жобасы «Ашық НҚА» порталында 4 ақпанға дейін қолжетімді.

  • Соңғы бес жыл ішінде 359 жаңа мешіт ашылған

    Соңғы бес жыл ішінде 359 жаңа мешіт ашылған

    Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми ақпаратына сүйенсек, елімізде 2020-2024 жылдар аралығында барлығы 359 жаңа мешіт бой көтерген.

    Қазір еліміздің ауыл-аймақтарында 2 888 мешіт жұмыс істейді. Олардың бәрі «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің филиалы саналады. 2 888 мешіттің 359-ы соңғы бес жыл ішінде салынған.

    «2 888 мешіттің 1-уі – республикалық, 3-і – мегаполистік, 17-сі – облыстық, 434-і – қалалық, 162-сі – аудандық, 2275-сі – ауылдық мешіт. Еліміз бойынша соңғы бес жылда жаңадан ашылған мешіттердің саны: 2020 жылы – 44 мешіт, 2021 жылы – 68 мешіт, 2022 жылы – 77 мешіт, 2023 жылы – 88 мешіт, 2024 жылы 82 жаңа мешіт іске қосылды», – деп мәлімдеді ҚМДБ.