Метка: Басты оқиғалар

  • 10 млн теңге бопсалаған блогер ұсталды

    10 млн теңге бопсалаған блогер ұсталды

    Жетісу облысы Қаратал ауданы Үштөбе қаласында полиция қызметкерлері жергілікті блогер Дмитрий Перловты ұстады. Ол  «ақша бопсалады» деген күдікке ілінді.

    Ол қала тұрғындарына арналған үйлерді салумен айналысатын кәсіпкерден бұрын түсірілген сапасыз құрылыс туралы бейнероликті, әлеуметтік желідегі өз парақшасынан өшіру үшін және бұдан былай бейнематериалдарды жарияламауға әрі таратпауға уәде бере отырып, 10 млн теңге бопсалаған болып шықты.

    Яғни,  Instagram желісіндегі «ushtobeqz» парақшасының авторы, 31 жастағы блогер Дмитрий Перлов компроматты жойғаны үшін кәсіпкерден 10 миллион теңге бопсалаған. Бұған келіскен ер адам артынша құқық қорғау органдарына хабарласқан. Жетісу облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыстық прокуратураның үйлестіруімен, күдіктіні талап етілген ақшалай қаражаттың бір бөлігі, яғни – 7 млн теңгені алу кезінде қылмыс үстінде ұстады.

    Аталған факт бойынша бопсалау бабымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп, күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қаралуда. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жарияланбайды.

    Айтпақшы, Дмитрий Перлов аудандық мәслихаттың депутаттығына үміткер болған. Сондай-ақ, оның порно дауына да қатысы бар көрінеді. Себебі, әлеуметтік желіде оның интимдік видеолары тарап жатыр.

  • Жетісу облысында жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерін шығаратын зауыт құрылысы басталды

    Жетісу облысында жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерін шығаратын зауыт құрылысы басталды

    Жетісу облысында жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерін шығаратын зауыт құрылысы басталды. Кәсіпорын «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасатын болады. Жел генераторлары зауытының өндірістік қуаты жылына 2 ГВт генерацияны құрайды, сонымен бірге энергияны жинақтау жүйелерін шығару қуаты жылына 1 ГВт болады.  Инвестиция көлемі 40 млн  АҚШ долларын құрайды, 300 жаңа жұмыс орны құрылады.

    Инвестициялық жоба жаңартылатын энергетика саласындағы көшбасшылардың бірі болып табылатын «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» ЖШС мен қытайлық «Envision Energy» компаниясы арасындағы әріптестік бойынша іске асырылуда. Кәсіпорын жыл сайын жел генераторларының 250 жиынтығын және энергияны жинақтау жүйелерінің 100 жиынтығын шығарады деп жоспарлануда.

    Капсула салу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов өңірдің экономикалық өсуінің маңызды нүктелерінің бірі ретінде «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын дамытуға баса назар аударды.

      – Қытайдан ТМД елдеріне, Еуропа мен Азияға шығатын маңызды бағыттардың қиылысында облыстың экономикалық өсу нүктесінің бірі – Қорғас торабы орналасқан. Қорғас торабының маңызды, әрі инвесторлар  үшін тартымды элементі – «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы болып табылады. Бүгінгі таңда еркін экономикалық аймаққа қатысушылардың бірыңғай тізілімінде жалпы құны 907 млрд. теңге болатын жобалары бар 68 қатысушы тіркелген. 2030 жылға дейін 5 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, 47 жобаны іске асыру жоспарлануда. Сонымен қатар, бүгінгі таңда АЭА аумағында 51 млрд. теңгеден астам сомаға 21 жоба іске асырылды. Бүгін ішкі нарықты да, экспортқа шығуды да қамтамасыз етуге бағдарланған жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерін шығаратын заманауи зауыттың құрылысы басталды, бұл мемлекет пен бизнестің тиімді бірлескен жұмысының айқын нәтижесі болып табылады, – деп түйіндеді Ә. Қанағатов.

    Өз тарапынан «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамет Идрисов кәсіпорынның іске қосылуы жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерінің өндірісін жолға қоюға ғана емес, сонымен қатар заманауи технологияларды тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті, бұл кешенде еліміздегі «жасыл» энергетиканың дамуына, экологияның жақсаруына және жалпы экономикалық дамуға оң әсер етеді.

    – Бұл жобаны іске қосу импортқа тәуелділікті қысқартуға, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, жұмыс орындарын құруға, экспорттық мүмкіндіктерді ашуға және елдің болашағына үлес қоса отырып, төмен көміртекті экономикаға көшуді жеделдетуге мүмкіндік береді. Бұл ретте өндірістің бастапқы кезеңінде қазақстандық қамту үлесі 30% -ды құрайды, ал болашақта кезең-кезеңімен 90% — ға жеткізіледі, – деді Д. Идрисов.

  • Ақтөбедегі қанды оқиға: кепілде болған әйел ауруханадан шықты

    Ақтөбедегі қанды оқиға: кепілде болған әйел ауруханадан шықты

    Ақтөбеде қаскөйдің қолында кепілде болған әйел ауруханадан шықты. Оған ұзақ уақытқа дейін психологиялық ем керек, деп хабарлайды КТК арнасы.

    Бір апта бұрын Ақтөбеде 40 жастағы ер адам Мәскеу ауданында орналасқан үйге кіріп, таныс әйел мен оның егде ата-анасын кепілге алған. Ол үйге кіре сала, әйелден бастап, оның зейнеткер әке-шешесін аяусыз ұрып-соққан. Есік-терезені жауып, 74 жастағы қарт пен 67 жастағы әжейді пышақтап, жертөлеге қамап тастаған.

    Полицейлер оларды босату үшін операция жүргізіп, күдікті ұсталды. Өкінішке қарай, кепілге алынған қарттар көз жұмды, ал әйел ауруханаға жатқызылған болатын.

    Әйелге ата-анасының қазасы туралы ауруханадан шыққан кезде естіртті.

  • Түркістан облысында 1,9 миллиард теңге жымқырған қылмыстық топ ұсталды

    Түркістан облысында 1,9 миллиард теңге жымқырған қылмыстық топ ұсталды

    Түркістан облысында 1,9 миллиард теңге бюджет қаражатын жымқырған қылмыстық топ ұсталды. 

    Қылмыстық топ «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында ірі қара малды сатып алуға бағытталған жеңілдетілген несие алудың алаяқтық схемасын пайдаланған. Мемлекеттік несие алу өтінімдерін қарау жөніндегі комиссияның төрағасы болып қызмет атқарған ұйымдастырушы қылмыстық схеманы әзірлеп, қатысушылардың әрекеттерін үйлестірген.

    Қазіргі уақытта қылмыстық іс аясында 27 адам күдікті деп танылды.

  • Бүйрегін 9 млн теңгеге сатпақ болған азамат жазасын бостандықта жүріп өтейді

    Бүйрегін 9 млн теңгеге сатпақ болған азамат жазасын бостандықта жүріп өтейді

    №2 Ақтөбе қалалық сотында Атырау облысының тумасы Ерболат Орынбасаровқа қатысты істің үкімі шықты.

    – Ерболат Орынбасаров Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3 бөлігі, 116 бабының 1 бөлігімен көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 63 бабына сай тағайындалған жаза шартты деп саналсын, – деді судья Ақмарал Алиева.

    Сонымен бірге пробациялық бақылау аяқталғанша тұрғылықты жерін өзгертпеуі тиіс. Ал егер өзгерте қалса, пробация қызметіне хабарлайды. Жыл ішінде ойын-сауық орындарына, мейрамханаларға, дәмханаларға бара алмайды.

    Еске салсақ, Атырау облысының 27 жастағы тұрғыны бір бүйрегін сату үшін әлеуметтік желі арқылы хабарлама қалдырады. Осы хабарламаны көрген ақтөбелік полицияға хабарлап, алдын ала келісім жасайды. Сотталушы өз бүйгегін 9 млн теңгеге бағалады. Ол 5 млн теңге алып жатқан жерінен ұсталып, сот алдында жауап берді.

    Сотталушының кәмелетке толмаған балалары бар. Үкім кезінде бұл жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді.

     

  • Алматы облысында 19 зертхана жойылып, 7 тонна есірткі тәркіленді

    Алматы облысында 19 зертхана жойылып, 7 тонна есірткі тәркіленді

    Алматы облысында 7 тонна есірткі тәркіленіп және 19 есірткі зертханасы жойылды, 77 адам сотталды. Облыстық прокуратураның мәліметінше, барлығы 223 қылмыстық іс тіркелді. 19 есірткі зертханасы жойылып, заңсыз айналымнан 7 тоннадан астам есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде:

    • 216 кг синтетикалық есірткі;
    • 10 кг кокаин;
    • 0,77 кг героин;
    • 90-нан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 77 адам сотталды.

    «Сонымен қатар, Талғар ауданында «Альфа-PVP» есірткісін өндіретін зертхана жойылып, 350 литр дайын өнім мен 765 литр прекурсорлар тәркіленді. Тергеу барысында ірі есірткі желісін ұйымдастырушылар мен сатушылар ұсталды.

    Тағы бір жағдай бойынша, 2024 жылдың қаңтарында Еңбекшіқазақ ауданы аумағында ірі есірткі зертханасының заңсыз әрекеті тоқтатылды. Ресей Федерациясынан келген синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан 2 күдікті анықталып, ұсталды. 8 кг дайын есірткі және оларды өндіруге арналған 2 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленді. 2024 жылдың қазан айында сот үкімімен екі кінәлі 10 жылға бас бостандығынан айырылды», – делінген прокуратура хабарламасында.

    Есірткі қылмыстарының алдын алуға ерекше көңіл бөлінді. Жоба аясында прокуратура полиция қызметкерлерімен, коммуналдық қызметтермен және 5000-нан астам еріктімен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды. Нәтижесінде:

    • 1071 есірткі жарнамасы (граффити) анықталды;
    • 9 сотқа дейінгі тергеу басталды;
    • 11 көлік-логистикалық компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды;
    • есірткі қылмыстары туралы анонимді хабарламаларға арналған Telegram-ботіске қосылды;
    • есірткі қылмыстары үшін де сотталған жастардың тағдыры туралы «Қабырға артындағы балалық шақ» атты деректі фильм түсірілді.

    Аталған фильм білім беру мекемелерінде белсенді көрсетіліп, әлеуметтік желілерде 1 млн астам қаралым жинады, бұл оның қоғам тарапынан оң қабылданғанын дәлелдейді.

  • Трамп 2021 жылы Конгреске шабуылға қатысқан 1,5 мың адамға кешірім берді

    Трамп 2021 жылы Конгреске шабуылға қатысқан 1,5 мың адамға кешірім берді

    АҚШ президенті қызметіне кіріскен Дональд Трамп 2021 жылғы 6 қаңтарда Вашингтондағы Конгресс ғимаратына демонстранттар шабуыл жасағанда наразылыққа қатысқан 1500-ден астам адамға кешірім беріп, жазасын жеңілдетті.

    Олар Джо Байден жеңімпаз деп танылған 2020 жылғы президент сайлауының қорытындысын растауға кедергі жасамақ болған. Бұл – Трамптың президент қызметіне кірісе сала қол қойған алғашқы жарлықтарының бірі.

    Конгреске шабуыл оқиғасына қатысқан Proud Boys және Oath Keepers деп аталатын оңшыл радикал топтарға мүше 14 адамның жазасы жеңілдетілді, олар бүлік шығарды деп сотталған еді. Баспасөздің хабарлауынша, олар жақын арада қамаудан босатылмақ. Трамп кешірім жариялаған басқа сотталған адамдардың көбі құқық қорғау органдары өкілдеріне күш көрсетті я Конгресс аумағына заңсыз басып кірді деп айыпталып, түрмеге жабылған еді. Президент жарлығында «2021 жылғы 6 қаңтарда АҚШ Капитолийінде немесе оған жақын жерде болған оқиғалар кезінде заң бұзғаны үшін сотталғандардың бәріне толық және сөзсіз кешірім жасау» жөнінде айтылған.

    «Бұл адамдардың бәрі бүгін кешке босатылады деп үміттенемін», – деді президент Трамп тиісті жарлығына қол қойған кезде.

    Төрт жыл бұрын өкілдер палатасының спикері болған Нэнси Пелоси президенттің бұл шешімін «әділет жүйесін қорлау» деп атады.

    Капитолийдегі оқиғадан кейін 1500-ден астам адам қылмыстық жауапқа тартылған, кемінде 1100 адам сотталып, 600-ге жуығы бас еркіндігінен айырылған. Трамп жарлыққа қол қойғанда сол оқиғаға байланысты сотталғандардан аз ғана адам қамауда отырған еді.

  • Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампты қызметіне ресми түрде кірісуімен құттықтады

    Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампты қызметіне ресми түрде кірісуімен құттықтады

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың 47-ші Президенті Дональд Трампқа жеделхат жолдап, оны 20 қаңтарда Вашингтонда өткен ұлықтау рәсімінде АҚШ Президенті қызметіне ресми түрде кірісуімен құттықтады. Жеделхатта Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының энергетика, ядролық қаруды таратпау және халықаралық қауіпсіздік салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастығы одан әрі табысты дамитынына сенім білдірілген.

     

  • «Болашақ» стипендиясына іріктеу талаптары өзгерді

    «Болашақ» стипендиясына іріктеу талаптары өзгерді

    «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы» ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Үкіметінің Қаулысы қабылданды.  Онда Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу жаңа қағидалары бекітілді, деп хабарлайы Ғылым және жоғары білім министрлігі.

    2025 жылғы 17 қаңтардағы Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

    «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеудің жаңа қағидаларында сұрыптау тетікті енгізу арқылы конкурстық іріктеуді жаңарту көзделген. Осылайша, осы жаңашылдыққа сәйкес қажетті балл санын жинамаған үміткерлер келесі турға жіберілмейді.

    Мемлекеттік қызмет аппаратын одан әрі жақсарту мақсатында «мемлекеттік қызметшілер» категориясы енгізілді. Бұл категория бойынша мемлекеттік қызметкерлерге «магистратура» бағдарламасына қатысу үшін тіл курстарынан өту мүмкіндігі ұсынылады.

    Сондай-ақ бағдарлама түлектері еңбек өтілімін Қазақстан Республикасы мүше халықаралық ұйымдарда, мысалы, БҰҰ, ЮНЕСКО, ШЫҰ және ТМҰ сияқты ұйымдарда өтеу мүмкіндігі қарастырылған.

    Конкурстық іріктеу үшін қажетті құжаттар тізбесіне уәждемелік хат енгізілді. Бұдан басқа, конкурстық іріктеуден өте алмаған үміткерлерге сол күнтізбелік жылы конкурсқа қайта қатысу құқығы беріледі.

    Жалпы бұл өзгерістер «Болашақ» халықаралық стипендиясын жетілдіріп, еліміздің әртүрлі салаларында білікті мамандар даярлауға бағытталған.

  • Қазақстанның барлық аймағында жел күшейіп, тұман түседі

    Қазақстанның барлық аймағында жел күшейіп, тұман түседі

    Дерекке қарағанда, арктикалық циклон және онымен байланысты атмосфералық фронтальды бөлімдер ҚР аумағында қар мен жаңбыр түрінде жауын-шашынның түсуіне, солтүстік-батыс, солтүстік өңірлерде қардың түсуіне өз әсерін тигізеді.

    – Республика бойынша желдің күшеюі, тұман мен көктайғақ күтілуде, – деп жазды синоптиктер.

    Қарағанды облысының батысында, солтүстігінде, Ұлытау облысының солтүстігінде, шығысында таңертең және күндіз Қостанай облысының солтүстігінде, шығысында, күндіз Солтүстік Қазақстан облысының батысында қалың қар түседі.