Метка: Басты оқиғалар

  • Шетелдік туристердің көзімен: Қазақстанның ТОП-10 өңірі белгілі болды

    Шетелдік туристердің көзімен: Қазақстанның ТОП-10 өңірі белгілі болды

    Шетелдік туристер арасында танымал қазақстандық өңірлердің рейтингі жарияланды. Туризм индустриясы комитетінің Instagram-дағы ресми парақшасы хабарлады.

    Kazakh tourism ұлттық компаниясының мәліметінше, 2024 жылғы үздік үштік 2023 жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалды. Туристер саны Алматы облысында айтарлықтай артса, Шымкент қаласы мен Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш төмендеген.

    Рейтингтің бірінші сатысында Алматы қаласы. Мегаполис шетелдік туристер үшін ең танымал қазақстандық қала мәртебесін сақтады. 2024 жылы оңтүстік астананың орналастыру орындары 534 340 шетелдік қонақты қабылдаған.

    Екінші орында ел астанасы жайғасты. 2024 жылы eQonaq жүйесіне тіркелген Астананың орналастыру орындарына 269 320 шетелдік мейман тоқтаған. 2023 жылмен салыстырғанда Алматы облысында шетелдік туристер саны 59 пайызға артып, 134 763 адамға жетті. Бұл көрсеткіштің елеулі өсімі облысқа үздік үштіктегі орнын нығайтуға мүмкіндік берді.

    Рейтингтегі төртінші және бесінші орындар сәйкесінше Атырау облысы мен Маңғыстауға тиесілі. Атырау облысына былтыр 106 974 шетелдік турист келген, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 27 пайызға артық. Маңғыстау облысының орналастыру орындары 71 462 шетелдік қонақты қабылдады (2023 жылы – 67 633 адам). Алтыншы орында Қарағанды облысы. Өңірдің шетелдік туристер үшін тартымдылығы артып, рейтингте бірден үш сатыға көтерілген. 2024 жылы облысқа 50 474 шетелдік турист келді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 35 пайызға артық. Ал Ақтөбе облысы 2023 жылмен салыстырғанда бір саты төмендеп, жетінші орынға тұрақтады. Онда шетелдік қонақтар саны шамамен 1500 адамға азайып, 45 063 турист болды. Сегізінші және тоғызыншы сатыда Ақмола және Жамбыл облыстары, Бұл өңірлерде 2024 жылы шетелдік туристер санының өсуі байқалды. Ақмола облысының орналастыру орындары 44 976 шетелдік қонақты қабылдаса, Жамбыл облысында бұл көрсеткіш 44 226 адамды құрады. Оныншы орынды үш саты төмендеген Шымкент қаласы иеленді. eQonaq жүйесінің деректері бойынша 2024 жылы мегаполистің орналасу орындарына 39 887 шетелдік турист тоқтаған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 900 адамға аз.

  • Қарағандыда өрт шыққан балабақшадан 82 бала эвакуацияланды

    Қарағандыда өрт шыққан балабақшадан 82 бала эвакуацияланды

    Қарағандыда құтқарушылар өртке оранған жекеменшік балабақшадан 82 баланы эвакуациялады. Өрт сөндірілді, зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды TЖМ Telegram-дағы арнасында.

    Ведомство берген ақпаратқа сүйенсек, Қарағандыдағы жекеменшік балабақшалардың бірінде жертөледе 1 ш.м. алаңда заттар мен электр қалқанының автоматы жанған.

    «Құтқарушылардың жедел әрекеттерінің арқасында өрт жедел сөндірілді. ТЖМ күштері ғимараттан 88 адамды, оның ішінде 82 баланы тез арада эвакуациялады. Оқиға орнында балаларды жылыту үшін вахтовкалар жұмылдырылды. ТЖД психологтары мен ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері болды. Медициналық көмек ешкімге қажет болмады», – делінген хабарламада. Өрттің себебі анықталып жатыр. ТЖМ азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.

  • Жамбыл облысының бас онкологіне 12 млн теңге айыппұл салынды

    Жамбыл облысының бас онкологіне 12 млн теңге айыппұл салынды

    Жамбыл облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының бас дәрігері Айбаз Әлихановқа Тараз қаласының тұрғынын медбике ретінде жұмысқа орналастыруға көмектескені үшін 400 мың теңге пара алғаны үшін айып тағылды. Ақша аударымы екі жылға жуық уақыт бұрын болған, егер ол әйелге параның бір бөлігін қайтармағанында, ұсталмауы да мүмкін еді.

    2023 жылдың мамыр айында әйел бас дәрігерге өзін орталыққа медбике ретінде жұмысқа алу туралы өтінішпен жүгінген. Дәрігер өтініштен бас тартпағай, Голливуд киносындағыдай қағазға қажетті соманы жазып, әйелге ұстатқан. Әйел өз анасынан қажетті қаражатты қарызға алып, келесі күні бас дәрігердің кабинетіне конвертпен оралған. Әлиханов уәдесінде тұрып, оған жұмыс тауып берді. Алайда, медбике ұжымға сыймай, бір жарым жыл жұмыс істегеннен кейін өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазған.

    Осыдан кейін бойжеткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке барған. Қараша айының соңы мен желтоқсан айының басында ол барлық қажетті дыбыс жазу құрылғылармен жабдықталып, берген парасының бір бөлігін болса да қайтарып беруді өтініп бас дәрігердің қабылдауына қайта келген. Әлиханов алған соманың жартысын қайтаруға болады деп шешті. Дәл осы кездесу барысында болған әңгіме алдағы іс бойынша айыптаудың негізгі айғағы болмақ.

    Айбаз Әлиханов өз кінәсін бірден мойындап, тергеумен ынтымақтаса бастады, соның арқасында сот процесі жеделдетілген түрде өтті. Бір айдан кейін ол № 2 қалалық соттың ғимаратында болды.

    Прокурор дәрігердің атқарған қызметі мен қоғамдағы мәртебесін ескере отырып, ол басқаларға сабақ болуы керек деп есептеді. Айыптаушы тарап бұл азаматты мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салып, 3,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

    Өз кезегінде Әлихановтың адвокаты сот отырысында айыптылық мәселесі әлі талқыланбағанын, сотталушы өз кінәсін толық мойындағанын атап өтті.

    Жеделдетілген сот процесі 2025 жылдың 16 қаңтарында аяқталды. Судья дәрігерді айыпты деп танып, Айбаз Әлиханов 400 мың теңге пара алғаны үшін 12 миллион теңге айыппұл төлеуі керек деп шешті. 200 мың теңге мемлекет пайдасына тәркіленеді.

    Сот үкіміне сәйкес, Айбаз Әлихановқа өмір бойына басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды, бірақ ол дәрігер қызметін жалғастыра алады.

    Орталықтың бас дәрігеріне пара берген іс бойынша екінші айыпталушы жазаланбайды, өйткені пара берген азамат өзіне қатысты бопсалау орын алса немесе ол өз еркімен құқық қорғау немесе арнайы органға хабарлаған болса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

  • Зиялы қауым өкілдеріне мемлекеттік стипендия табысталды

    Зиялы қауым өкілдеріне мемлекеттік стипендия табысталды

    Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева  шығармашылық зиялы қауым мәдени бірегейлікті сақтау, ел бірлігін нығайту және ұлттық құндылықтарды насихаттау ісінде маңызды рөл атқаратынын айтты.

    – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұлттық руханият туралы үнемі айтып, оның елдік жолындағы орасан күші мен мол мүмкіндіктеріне қоғамның назарын аударып жүргені мәлім. Жылдағы халыққа арнаған Жолдаулары, Ұлттық Құрылтайдағы бастамалары, түрлі сұқбаттарының өзегінде – Тәуелсіздік пен Отаншылдық, Бірлік пен Ынтымақ, Әділдік пен Жауапкершілік, Заң мен Тәртіп, Жасампаздық пен Жаңашылдық сияқты бүгінгі Қазақстанға ауадай қажет құндылықтар жатыр. Халықты бірлікке шақыру, татулықты нығайту, жас ұрпаққа ізгі құндылықтарды сіңіру – міне, бұл сіз бен біздің, яғни, зиялы орта мен мемлекеттің ортақ мүддесі, – деді министр.Аида Балаева Мемлекет басшысының барлық бастамасы ең алдымен ұлт бірлігін қалыптастыруға, мемлекетті нығайтуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын атап өтті.

    – Елдіктің мәртебесін арттыруда өздеріңіздей мәдениет майталмандарына, шығармашыл қауым өкілдеріне жүктелер міндеттің де ауқымы зор. Әрине, осы жолда зиялы қауым өкілдері Президентімізге тірек болып, қашанда қолдау білдіретіндігіне күмәніміз жоқ. Ең бастысы – осы игі бағытта жұдырықтай жұмылып, ел мүддесі үшін аянбай қызмет ету. Мемлекет өз тарапынан мәдениет майталмандарының шығармашылығын қолдауды жүйелі түрде жалғастыра береді, – деді министр.

    Стипендия иегерлері қатарында Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Олжас Сүлейменов, Иранбек Оразбаев, Нұрғали Нүсіпжан, Тұңғышбай Жаманқұлов, Меруерт Өтекешева, Амандос Ақанаев, Дулат Исабеков, Төлен Әбдікұлы, Татьяна Тарская, Гульвер Разиева және басқа да көрнекті мәдениет қайраткерлері бар.

  • Ауа райына байланысты екі облыста жол жабылды

    Ауа райына байланысты екі облыста жол жабылды

    2025 жылғы 16 қаңтар сағат 12:50-де ауа райының бұзылуына байланысты Ақтөбе-Орал-РФ шекарасы автожолының 526-702 шақырым аралығындағы учаскесінде (БҚО шекарасы-Маржанбұлақ ауылы) жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылады, — делінген хабарламада.

    Жолды 16 қаңтар сағат 20:00-де ашу жоспарланған. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында көлік қозғалысы шектелді.

    16 қаңтар сағат 12:50-де ауа райының бұзылуына байланысты Ақтөбе-Орал-РФ шекарасы автожолының 393-526 шақырым аралығындағы учаскесінде (Жымпиты ауылы — Ақтөбе облысының шекарасы) жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылады7

    Жолды 2025 жылғы 16 қаңтар сағат 20:00-де ашу жоспарланған.

  • Шекара маңында жұмыс істейтіндер айлығына 50 пайыз үстемақы қосылуы мүмкін

    Шекара маңында жұмыс істейтіндер айлығына 50 пайыз үстемақы қосылуы мүмкін

    Шекарадан 50 шақырым қашықтықта жатқан елді мекендерде жұмыс істейтін азаматтардың айлығына 50 пайыз үстемақы қосылып, еңбек өтілі өзгеше есептелуі мүмкін. Ұлттық экономика министрлігі осылай деді.

    Халықтың көші-қон ағынын азайту және еңбегі артық өңірлерден еңбек мигранттарын тарту мақсатында еңбек тапшылығы бар облыстардың шекаралас елді мекендерінде және экстремалды табиғи-климаттық жағдайлары бар (жылыту маусымы 9 айға созылатын) еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінің және батыс өңірінің жекелеген аудандарында (Мемлекеттік шекарадан 50 км дейінгі қашықтықта орналасқан) шалғай шекара маңындағы ауылдық округтердің тұрғындары үшін уәкілетті мемлекеттік органдар жалақысына 50% дейін үстемеақы қосу және еңбек өтілін есептеудің ерекше нормаларын жүргізу және т.б. мәселелер пысықталып жатыр, – деп жазылған ресми мәліметте.

    Ведомствоның дерегі бойынша шекарадан 50 шақырым қашықтықта орналасқан 1 300-ге жуық елді мекен бар

  • Алматыда Ермек Серкебаевтың ескерткіші ашылды

    Алматыда Ермек Серкебаевтың ескерткіші ашылды

    Бүгін Алматы қаласында көрнекті опера әншісі, актер, педагог Ермек Серкебаевқа арналған ескерткіш ашылды.

    Ескерткіштің ашылу салтанатына мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, әншінің ағасы Мұрат Серкебаев пен ұлы Байғали Серкебаев, сондай-ақ шығармашылық зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

    Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметіне сүйенсек, ескерткіш Абылай хан даңғылының бойында, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі ғимаратының алдында тұр.

     «Ермек Серкебаев – сирек кездесетін талант иесі, кәсіби шеберлігі жоғары музыкант. Ол миллиондаған өнерсүйер көрерменнің шынайы махаббатына бөленді. Бүгінгі қазақ операсын Ермек Серкебаевсыз елестету қиын. Оның ғибратты ғұмыры – мәдениетіміздің тарихындағы тұтас бір тарау. Көпшілік білмеуі мүмкін, бірақ ол қоғамдық-саяси өмірде де белсенділік танытып, Тәуелсіздігіміздің қалыптасуы мен нығаюына зор үлес қосты. Сонымен қатар, Ермек Бекмұхамедұлы дарынды музыканттар әулетінің негізін қалады. Балалары мен немерелері оның ісін лайықты жалғастырып, қазақ өнерін әлемнің әр түкпірінде дәріптеуде», – деді ашылу салтанатына сөз алған Аида Балаева.

    Айта кетейік, мүсін авторлары – Айдос Бүркітбаев, Тимур Ермұхаметов, Ақылбек Орманбеков пен Қуаныш Асылбай.

  • AZAL ұшағы апаты: РФ Тергеу комитеті сараптама тағайындады

    AZAL ұшағы апаты: РФ Тергеу комитеті сараптама тағайындады

    Диспетчерлік қызмет, әуе қозғалысын ұйымдастыру жүйесі және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі лауазымды тұлғаларының әрекетін бағалау үшін кешенді ұйымдастыру-техникалық сот-медициналық сараптама комиссиясы тағайындалды. Бұл туралы РФ Тергеу комитеті мәлім етті.

    – Ресейдің Тергеу комитеті 2024 жылғы 25 желтоқсанда Қазақстан Республикасының аумағында 39 адамның қаза болуына және 28 адамның денсаулығына зиян келтірілуіне (РФ ҚК 263-бабы) әкелген «Әзербайжан әуе желілері» әуе компаниясының Embraer-E190 ұшағының апатқа ұшырауы бойынша қылмыстық істі тергеу амалдарын жалғастырып отыр, – делінген РФ ТК ресми өкілі С. Петренконың мәлімдемесінде.

    Атап көрсетілгендей, тергеу Әзербайжан Республикасы мен Қазақстан Республикасының құзырлы органдарымен әрекеттестік орнатқан. Мемлекетаралық авиация комитетінің мамандарымен бірлесе отырып Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығында (SENIPA) ұшақтың өздігінен жазғыш құралындағы деректер зерттелу үстінде.

    Грозный, Махачкала және Минеральные воды диспетчерлері мен әуе кемесінің командирі арасындағы әңгімелер талданып жатыр. Кешенді авиациялық-техникалық сараптама тағайындалды. Әуе кемесінің барлық жүйелерінің жағдайы, сондай-ақ заттай айғақтар зерттеліп жатыр.

    Тергеу қайғылы оқиғаның себептеріне қатысты барлық ықтимал нұсқаларды қарастырады.

    Айта кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау қаласына жақын жерде AZAL-ға тиесілі және Баку-Грозный рейсін орындаған жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ бортындағы 67 адамның 38-і қаза тауып, 29-ы аман қалды.

  • Анастасия Городко екі дүркін қысқы Универсиада чемпионы атанды

    Анастасия Городко екі дүркін қысқы Универсиада чемпионы атанды

    Италияда өтіп жатқан XXXII қысқы Универсиадада параллельді могулдан Анастасия Городко чемпион атанды.

    Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, финалдық бәсеке алғаш рет қос спортшымыздың арасында өтті.

    Кеше ғана отандасымыз фристайл-могул сайысында да топ жарған еді: Анастасия Городко, Аяулым Әмренова, Марин Ито.

    Бұған дейінгі бір қысқы Универсиада ойындарында фристайлдан 2 алтын алған спортшылар – Дмитрий Рейхерд (20176) Юлия Галышева (2017).

    Ерлер бәсекесінде Антон Бондарев та финалға дейін жетіп, күміс жүлде еншіледі.

  • Израиль тұтқындарды босату бойынша ХАМАС-пен келісімге келді

    Израиль тұтқындарды босату бойынша ХАМАС-пен келісімге келді

    Израиль мен ХАМАС радикал тобы (ЕО мен АҚШ-та террористік ұйым танылған) атысты уақытша тоқтату және 2023 жылы 7 қазан күнгі шабуыл кезінде тұтқындалған израильдіктердің бір бөлігін босату бойынша келісім жасады. Бұл жөнінде Катардағы баспасөз жиыны кезінде премьер-министр Мұхаммед бин Абдулрахман әл-Тани мәлімдеді.

    Келісім жасалғанын Израиль билігі мен ХАМАС өкілдері де растады. Ол 19 қаңтардан бастап күшіне енеді.

    Израиль ақпарат құралдарының жазуынша, келісімге сәйкес, ХАМАС 33 израильдік тұтқынды босатады. Ал Израиль түрмеден ХАМАС-қа қатысы бар және израильдіктерге шабуыл жасады деп сотталған тұтқындарды қамаудан шығарады. Әрбір израильдік үшін ХАМАС – 30 тұтқын, әрбір әскери қызметкер үшін 50 сотталушы алады.

    Қанша тұтқынның тірі екені, қаншасы мерт болғаны әзірге айтылмайды.

    Израильдік 12-арнаның хабарлауынша, әуелі тірі қалған израильдіктер босатылады. Алғашқы үш тұтқын 19 қаңтарда босатылуы мүмкін. Жеті күннен кейін яғни, 26 қаңтарда тағы төрт тұтқын жіберілмек.

    Осыдан кейін ХАМАС әр апта сайын (14-күн, 21, 28, 35-күн) үш-үштен тұтқындарды босатып отырады. Соңғы аптасында қалған 14 тұтқын бостандыққа шығады.

    Келісім бойынша, атысты тоқтату мерзімі алты аптаға созылады. Осы уақыт аралығында Газа секторына 600 жүк көлігімен гуманитарлық көмек беріліп, Израиль әскері біртіндеп сектордан шығарыла бастайды.

    АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден келісімді жылы қабылдап, оған қол жеткізуде Америка дипломатиясы маңызды рөл атқарғанын атап өтті.

    ХАМАС жетекшісі Халел әл-Хейя палестиналықтарға қолдау көрсеткен елдерге алғыс айтып, Ресейді де атады. Ол Газа сектор тұрғындарын атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізуімен құттықтап, бірақ Израильмен текетірес жалғаса беретінін айтты.

    Келісім жасалғаны жөнінде ақпарат тарағаннан кейін Газа секторының бірқатар қаласында жүздеген адам көшеге шығып, келісімді тойлаған. Израиль көшелерінде де жұрт тұтқындардың жуық арада оралатындығына қуанып, тойлай бастаған. Алайда израильдіктердің бір бөлігінің келісімге көңілдері толмайды, себебі тұтқындардың бір бөлігі ғана үйге оралмақ.