Метка: Басты оқиғалар

  • Алматы облысындағы тауларда көшкін жүруі мүмкін

    Алматы облысындағы тауларда көшкін жүруі мүмкін

    Алматы облысының тауларында 5-8 желтоқсан аралығында көшкін қаупі сақталады. ТЖД азаматтардан, туристерден және демалушылардан қар көшкіні болуы мүмкін қарлы беткейлерге шықпауды, сондай-ақ таулы жерлерде барлық қауіпсіздік талаптарын сақтауды сұрайды, – делінген ТЖД хабарламасында.

    Ведомствоның мәліметінше, облыс бойынша көшкін қаупі бар 55 учаске бар. Олар Еңбекшіқазақ, Талғар және Қарасай аудандарында – Іле-Алатау тауларының оңтүстік беткейінде орналасқан.

    https://kaz.inform.kz/news/almati-oblisindagi-taularda-koshkn-zhuru-mumkn-dd1add/

  • Сенат 3 жылдың бюджетін мақұлдады

    Сенат 3 жылдың бюджетін мақұлдады

    Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады.

    Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, 2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заңы бюджеттің келесі параметрлеріне байланысты әзірленген.

    Біріншіден, республикалық бюджеттің кірістері салық түсімдерін 3,1 трлн теңгеге азайтуға және салыққа жатпайтын түсімдерді 1,1 трлн теңгеге ұлғайтуға байланысты 2 трлн теңгеге азайды. Екіншіден, экономиканың өсу қарқынын төмендету тәуекелі жағдайында өңірлік өсу деңгейін ұстап тұру үшін, сондай-ақ биыл республикалық бюджеттің шұғыл шығыстарын қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін, Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт 2 трлн теңгеге ұлғайтылды, – деді Мәди Такиев.

    Министр 2024 жылға арналған түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде қарастырылғанын, кірістер трансферттерді есепке алмағанда, 14,1 трлн теңге деңгейінде болатынын жеткізді.

    Биыл бюджет тапшылығы 3,7 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7% деңгейінде болжанды. Бюджет шығыстары – 24,1 трлн теңге. Бұл көрсеткіштер кепілдік берілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны мен бюджет тапшылығы бойынша бюджеттік қағидаларға сәйкес келеді, — деді министр.

    Мәди Такиев 2024 жылы жоспардағы 2 трлн теңге салық түспегенін жеткізді. Салық түсімдерінің төмендеуіне төмендегі факторлар әсер еткен.

    • «Теңіз Шевройл» бойынша Болашақ кеңейту жобасын (БКЖ) іске қосу мерзімі 2025 жылға ауыстыруға байланысты мұнай өндіру көлемінің 5,1 млн тоннаға төмендеуі. Бұл шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша түсімдердің 200 млрд теңгеге азаюына әкеп соқты.
    • 2023 жылғы 594 млрд теңге сомасында борышты қайтаруға байланысты қосымша құн салығын қайтарудың өсуі. Былтырмен салыстырғанда, бюджеттен қосымша құн салығы 2,5 есе артық қайтарылды.
    • Республикалық бюджет түсімдерінің 216 млрд теңгеге төмендеуіне үшінші елдердің импорт көлемінің 6,4%-ға азаюы әсер етті.
    • Негізгі экспорттық тауарлардың әлемдік бағалары сияқты сыртқы факторлардың тұрақсыздығы  республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне теріс әсер етті. Бұл үрдіс жыл бойы бірқатар металл бойынша сақталып отыр.
    • Геосаяси жағдайға байланысты ірі компаниялардың логистикалық шығындары ұлғайды. Табыстың төмендеуіне байланысты салық түсімдері шамамен 350 млрд теңгеге төмендеді.

    Салыққа жатпайтын төлемдердің бекітілген жоспарға қарағанда 1,1 трлн теңгеге ұлғаюы «Самұрық-Қазынадан» шамамен 600 млрд теңге сомасында, «Бәйтеректен» 126 млрд теңге сомасында  дивидендтер бойынша біржолғы төлемдердің түсуіне, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының шамамен 60 млрд теңгеге жоспарды асыра орындауына байланысты болды, – деді министр.

    Биыл 11 айда салық саласындағы әрі кедендік әкімшілендіру және оларды цифрландыру аясында шамамен 900 млрд теңге сомасында қосымша түсімдер қамтамасыз етілді.

    «Ұлттық қордан 2 трлн теңгеге нысаналы трансферт тарту барлық шұғыл шығысты, оның ішінде мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыруға мүмкіндік береді», – деді Мәди Такиев.

  • Қонаевта 21 үкіметтік емес ұйым қызмет етеді

    Қонаевта 21 үкіметтік емес ұйым қызмет етеді

    Қонаев қаласында 21 ҮЕҰ тіркелген. Олардың қатарында Ардагерлер, Аналар кеңесі, түрлі ұлт өкілдерінің этно-мәдени орталықтары, мүгедектігі бар жандар мен жалғызбасты аналарды, көпбалалыларды қолдау орталықтары бар.

    Бүгін біз сондай ұйымдардың бірі – «Ана сәулесі»көпбалалы аналар қоғамдық бірлестігі туралы сөз етеміз. Аталған ұйымның іргесі осыдан 5 жыл бұрын қаланған. Жетекшісі Жанат Қалжанова қоғамға сіңірген еңбегі үшін жақында Қонаев қаласының Құрметті азаматы атағын иеленді.

    «Ана сәулесі» бірлестігін Астанада балалар үйде өртеніп, қайтыс болғаннан кейін, осы бір қайғылы оқиғадан кейін аштық. Қазір қоғамдық жұмыспен қамтылған 4 анамыз бар. Олар барлық шаралардың өз деңгейінде өтуін қадағалап отырады. Мысалы, ай сайын мешіттен әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін азық-түлік беріледі ғой. Соны тізіммен, кезекпен таратуға көмектеседі. Ал жазда балалардың демалысы қызықты өтуі үшін оларды демалыс орындарына апарамыз. Биыл дәстүр бойынша «Мектепке жол» акциясына да қатысып, 300-ге жуық баланы құрал-жабдықтармен, мектеп формасымен қамтыдық», – дейді Жанат Қалжанова.

    Сондай-ақ қарттар да бірлестіктің назарынан тысқары қалған емес. Оларға азын-аулақ сый-сияпаттар табыстап, мерекелерде құттықтаулар ұйымдастырылады. Көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға жыл сайын Жаңа жыл мерекесі аталып өтеді. Жалпы 8 наурыз, 1 маусым, Отбасы күні секілді мейрамдар кең ауқымда тойланады.

    «Қонаевта 1800 көпбалалы ана болса, барлығының мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешуге де атсалысамыз. Қоғамдық бірлестіктен бөлек, өзімнің жеке кәсібім – қолөнер шеберханам бар. Цехта қыз жасауын, түрлі қазақи киім-кешектерді тігеміз. Штатта 15 адам болса, оның 6-уы көпбалалылар. Еңбекақылары жұмыс уақытына қарай, 150-300 мың теңге аралығында», — деді бірлестік төрайымы.
    Алдағы уақытта ұйымның жұмысын одан ары жандандыру жоспарланып отыр. Ол үшін белсенді аналардың қатарын көбейту көзделуде.

  • Оралда әскерге шақырылған жігіт терезеден құлап кетті

    Оралда әскерге шақырылған жігіт терезеден құлап кетті

    Оралда әскерге шақырылған жігіт әскери комиссариаттан қашпақ болып, үшінші қабаттан құлап кетті, — деп хабарлайды «Мой город» басылымы.

    Оқиға 1 желтоқсанға қараған түні болды. Жігітті екі досымен бірге әскери комиссариатқа жеткізген. Оның туыстарының айтуынша, шақырылушы бұрын әскери қызметке шақырту алмаған және психологиялық тұрғыда әскерге дайын болмаған.

    «Оларды үшінші қабаттағы жатын бөлмеге орналастырған. Сол жерде басқа бір жігіт оларды қашуға үгіттеген. Ол өзін бай адамның баласымын, айыппұлды төлеп беремін деп алдаған екен, бірақ шын мәнінде даяшы болып шықты. Түнде сол жігіт төсек жапқыштарды байлап, төмен түсті. Оның артынан біздің ұлымыздың достары да түсті. Кейін ұлымыз да қашуға тырысты, бірақ жапқыштар үзіліп кетіп, ол жерге құлап түсті», – дейді жігіттің ағасы.

    Жігіт ауыр жарақаттар алған: омыртқасы сынған және денесі сал болып қалу қаупі бар. Оған операция жасатуға тура келеді. Жәбірленушінің туыстары әскери комиссариат қызметкерлерін өз міндеттеріне салғырт қарады деп айыптап отыр.

    Батыс Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті жігіттің бұған дейін 1414 байланыс нөмірі арқылы шақырту алғанын мәлімдеді.

    «Ол 2023 жылы оқуын бітірген. «Әскери қызмет туралы» заң бойынша оның әскери қызметтен босату немесе кейінге қалдыру себебі болмаған. Шақырту қағазын алмаған жағдайда, оны жеткізу жергілікті ішкі істер органдарына жүктеледі. 30 қарашада кешкі сағат 17:00 шамасында полиция қызметкерлері оны облыстық жиын пунктіне жеткізген. Шақырылушыларға ешқандай моральдық немесе психологиялық қысым көрсетілген жоқ. Жатақ бөлмесінде олар төсек жапқыштарды байлап, үшінші қабаттан түсуге әрекет жасаған. Бір жігіт құлап, ауыр жарақат алған. Қазір оның жағдайын медициналық қызмет басшылары бақылап отыр», – деді департамент өкілдері.

    Жәбірленушіге ҚР ҚК 387-бабы «Әскери қызметтен жалтару» бойынша қылмыстық іс қозғау туралы өтініш жіберілген. Оған 3 мың АЕК көлемінде айыппұл немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

  • Елімізде азық-түлік қымбаттады

    Елімізде азық-түлік қымбаттады

    2024 жылғы қарашада тұтыну бағаларының айлық индексі алдыңғы айдағыдай 0,9% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы – 1,1%, ақылы қызметтер – 0,8%, азық-түлік емес тауарлар 0,7% жоғарылады.

    Азық-түліктен қияр бағасы – 40,3%, қызанақ – 37,3%, тәтті бұрыш – 15,5%, басты пияз – 13,9%, сарымсақ – 10,1%, қырыққабат – 8,9%, картоп – 6,2%, апельсин – 4,8%, лимон – 4,1%, күнбағыс майы 4% өсті. Бағаның төмендеуі күрішке – 2%, қантқа – 1,9%, алмаға 0,7% байқалды, – деп қосты бюро.

    Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер суық суға – 11,4%, электр энергиясына – 3,4%, қоқыс шығаруға – 2,2%, орталықтан жылытуға 2,1% жоғарылады. Шинамонтаж қызметтері 3%, монша қызметтері – 2,6%, шаштараз бен сұлулық салондарының қызметтері 1,2% қымбаттады. Биылғы қарашада бағаның өсуі отынға – 1,4%, тас көмірге 1% байқалды. Смартфон – 9,8%, алтыннан жасалған неке жүзігі – 6,2%, киім және аяқкиім 0,9% қымбаттады.

    Өңірлер ішінде ең жоғары айлық инфляция Қарағанды облысында – 1,5% (орташа республикалық деңгейден 0,6 п.т. жоғары), ең төменгі – Алматы қаласында 0,4% тіркелді. Өңірлер бөлінісінде ең жоғары азық-түлік тауарлары бағалары Шымкентте – 2%, азық-түлік емес тауарлары – Маңғыстау облысында 2,3%, ақылы қызметтер – Алматы облысында 2,6% өсті.

    2024 жылғы қарашада жылдық мәнде инфляция деңгейі 8,4% құрады. Ақылы қызметтер бағасы – 13,3%, азық-түлік емес тауарлар бағасы – 8%, азық-түлік тауарлары бағасы 5,4% жоғарылады, – деп толықтырды ведомство.

    2023 жылғы қарашамен салыстырғанда тарифтер суық суға – 43,1%, су бұруға – 25,7%, электр энергиясына, ыстық суға – 21,7%-дан, орталықтан жылытуға – 17,5%, қоқыс шығаруға 10,3% жоғарылады. Теміржол билеттері 24,5%, кешенді демалыстар ұйымдастыру – 22,3%, стоматология қызметтері 12,8% қымбаттады. Ноутбук бағасы – 65%, ас үй пеші 40,8% өсті. Бағаның өсуі ацетилсалицил қышқылына – 27,6%, канефронға – 24%, корвалолға – 21,9%, ацикловирге 19,6% байқалды. Картоп – 28,2%, қияр – 25,9%, қызанақ – 25,5%, зәйтүн майы – 23,3%, тәтті бұрыш – 19,8%, сарымсақ 18,4% қымбаттады. Керісінше, жылдық мәнде қарақұмық жармасы – 21,6%, сәбіз – 10,2%, лимон – 8,9%, қырыққабат – 8,5%, күнбағыс майы 5,3% арзандады.

  • АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі отставкаға кететінін мәлімдеді

    АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі отставкаға кететінін мәлімдеді

    АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм отставкаға кететінін мәлімдеді, — деп хабарлайды АҚШ елшілігінің баспасөз қызметі.

    Розенблюм Қазақстан үкіметіне 2025 жылғы 20 қаңтарда қызметтен кетіп, АҚШ Мемлекеттік департаментіндегі шамамен 28 жылдық жұмысынан кейін зейнетке шығуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Өз мәлімдемесінде ол Қазақстанда АҚШ-ты таныту мүмкіндігі үшін алғысын білдіріп, екі ел арасында қалыптасқан берік серіктестікті атап өтті.

    Розенблюмнің басшылығымен АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар сауда, инвестиция, білім беру және қауіпсіздік салаларында елеулі жетістіктерге жетті. Елші қазақстандық халықпен серіктестік орнату және стратегиялық бастамаларды дамыту өз жұмысының басты сәттері болғанын айтты.

    Елші кеткеннен кейін АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы басшысы міндеттерін уақытша оның орынбасары Дебора Робинсон атқарады. АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Мишель Еркин консулдық жұмысты қолдауды жалғастырады.

    Розенблюм Қазақстандағы АҚШ миссиясын 2022 жылдың қарашасынан бері басқарып келеді.

  • Самат Смақов қазақстандық клубқа бас бапкер болуы мүмкін

    Самат Смақов қазақстандық клубқа бас бапкер болуы мүмкін

    Жуырда Смақовтың Жетісу облысының әкімімен кездескені белгілі болды, деп жазады KazFootball.kz.

    45 жастағы қазақстандық маман Талдықорған қаласына арнайы аялдап, Жетісу облысының әкімімен жолыққан. Бейресми дерек бойынша, кездесу барысында оны команданың бас бапкері ретінде бекіткен. Осылайша, Смақов Талдықорғанның «Жетісу» клубының бас бапкері болып тағайындалуға жақын.

    Бұған дейін Самат Смақов «Астана» клубының техникалық директоры болды. Былтыр Семейдің «Елімай» клубын премьер-лигаға шығарғаны футболсүйер қауымға таныс.

    Ойыншы ретінде қазақстандық маман «Елімай», «Ертіс», «Жеңіс», «Қайрат», «Ақтөбе», «Ордабасы» секілді қазақстандық клубтармен қатар, «Ростсельмаш» (Ресей), «Ризеспор» (Түркия) сияқты шетелдік клубтарда доп теуіп, өзін жақсы қырынан көрсетті. Сонымен қатар, С.Смақов – Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ең көп ойын өткізген рекордшы.

  • Беташар ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы тізіміне енді

    Беташар ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы тізіміне енді

    Қазақтың көне дәстүрі адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді.

    Парагвайда ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау комитетінің отырысы өткені жайлы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин хабарлады .

    «Парагвай астанасы Асунсьонда қазақтың ежелгі салттарының бірі «беташар» адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді»деп жазды Қарин.

    Еске сала кетейік, осы жылдың мамыр айында президент қазақтың екі дәстүрін мәдени мұралар тізіміне енгізуді жоспарланғаны жайлы мәлімдеген.

    «ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне біздің «салбурын» және «беташар» сияқты ұлттық дәстүрлерімізді енгізу мәселесі пысықталып жатыр», деп хабарлады Тоқаев.

    Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенция 2003 жылы қазанда Париж қаласында ЮНЕСКО-да қабылданған. Құжаттың негізгі мақсаты адамзаттың материалдық емес құндылықтарын зерттеу, оларды қорғау жөнінде шара қолдану және бұл мәселе бойынша халықаралық ынтымақтастық орнату.

  • Шерзат Болаттың өліміне қатысты сараптама қорытындысы бір айдың ішінде шығатын болды

    Шерзат Болаттың өліміне қатысты сараптама қорытындысы бір айдың ішінде шығатын болды

    Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов Талғардағы қанды оқиғаға қатысты тергеу әлі күнге дейін жүріп жатқанын мәлім етті.

    «Қазір осы қылмыстық іс қатаң бақылауда. Қазір күтіп отырмыз, әзірге бірнеше сараптама дайын емес. Бір айдың ішінде сараптама қорытындысын алғаннан кейін қосымша толық ақпарат беріледі. Қазір тергеу толық жүріп жатыр, бәрі бақылауда. Бәрімізге мәлім, жауапты қызметкерлер жазаланды», — дейді Санжар Әділов.

    Айта кетейік, Талғарда 4 қазан күні Талғар қаласында төбелес болып, 16 жастағы Шерзат Полат кісі қолынан қаза тапты. Көп ұзамай марқұмның отбасы тұратын үй өртеніп кетті. Құқық қорғау органдары бөтеннің мүлкін қасақана өртеу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

  • Қонаев қаласында алғаш рет «Qonaev таланттары» анықталды

    Қонаев қаласында алғаш рет «Qonaev таланттары» анықталды

    Осыдан 3 апта бұрын мәдениет бөлімі мобилография, би, ән салалары бойынша байқау өтетінін жариялаған еді. Күні кеше қорытынды гала-концерт өтіп, үздіктер анықталды. Әділқазылар алқасының құрамында қала әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков, мобилограф Бақжан Қизатбек, Мәдениет үйінің режиссері болды.

    Жоба нәтижесінде вокал номинациясы бойынша Нартай Дарын «Дудар-ай» әнімен Бас жүлдені иеленді, мобилография бойынша Аяулым Тоқтарбаева «Konaev — my first love» бейнеролигін жасау арқылы үздік атанды. Хореографиядан іріктеуден өткен Гүлнұр Ержанова мен Айнұр Айдархановаға бірдей нәтиже көрсетті. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен марапатталды.

    Жалпы бұл шара қаладағы өнер ортасын қалыптастыру үшін, таланттарды ынталандырып, елге таныту үшін ұйымдастырылды.